Қосылған құн салығы мәселесі түбегейлі шешімін күтеді

Елең-алаң

Ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге шығаратын кәсіпорындар үшін қосылған құн салығын қайтару мәселесі әлі де маңызды болып отыр. Әсіресе, кезекті орақ науқаны аяқталып, жиналған астық пен басқа да өнімдерді өткізу кезеңінде бұл мәселенің мәні арта түседі.

Биылғы егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Енді шаруалар алдында жиналған өнімді тиімді өткізу міндеті тұр. Оның бір бөлігі ішкі нарықта сатылса, енді бір бөлігі шетелге экспортталады. Сондықтан, экспорт кезінде төленген ҚҚС-ты қайтару тәртібі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді.

Бұл мәселе кәсіпкерлер тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешен өкілдері де бұл ретте, өз ұсыныстарын білдіріп, мәселені шешуге ықпал етуді сұраған еді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен экспорттық ҚҚС мәселесі жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңседе қаралды. Талқылау нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға ҚҚС-ты толық қайтару мүмкіндігін сақтау туралы шешім қабылданды.

Енді бұл шешімнің заң жүзінде бекітілуі күтіліп отыр.

Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Расул Сыздықовтың айтуынша, қабылданған шешімдер аграрлық секторды қолдауға, экспорттаушылар үшін жұмыс жағдайын тұрақтандыруға және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы нарықтағы мүмкіндігін сақтауға бағытталып отыр.

Мәселе жаңа Салық кодексінің 484-бабына байланысты. Бұл бап ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын кәсіпорындар үшін есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80 пайызға азайтуды қарастырған.

Аграршылар мұндай өзгерістің экспортқа кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, өз алаңдаушылықтарын білдірді. Себебі, кәсіпорын өнімін шетелге сатқан кезде бұрын төлеген ҚҚС-тың толық көлемін қайтара алмаса, оның айналым қаражаты азаяды. Бұл өз кезегінде, шаруашылықтың қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты салалық қауымдастықтар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ұсыныстары ескеріліп, аталған шектеуді ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға қолданбау туралы шешім қабылданды. Яғни, 484-баптағы осы норма алынып тасталуы жоспарланып отыр. Егер бұл өзгеріс заңнамалық тұрғыда бекітілсе, экспорттаушылар үшін ҚҚС-ты толық қайтару мүмкіндігі сақталады.

Бұл мәселе Ақмола облысындағы кәсіпкерлер үшін де маңызды болып отыр. Бұған дейін облыстық Кәсіпкерлер палатасына бірқатар агроөнеркәсіптік кәсіпорындардан ұсыныстар түскен. Атап айтқанда, «Атамекен агро» АҚ, «GRANUM AGRO» ЖШС, «NJ ASTYK TRADE», «Бидай жолы» және басқа да шаруашылықтар экспорттық ҚҚС-ты толық өтеу тетігін сақтауды ұсынған.

Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай шешім ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын кәсіпорындарға өз жұмысын тұрақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл ұсыныстар осы жылдың көктемінде өңірге жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевқа да жеткізілген. Ақмола облысы кәсіпорындарының және жалпы аграрлық саланың ұсыныстары Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына жолданды.

Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және экспортқа дайындау кезінде бірқатар тауарлар мен қызметтер үшін ҚҚС төлейді. Өнім шетелге шығарылғаннан кейін, заң талаптарына сәйкес, осы салықты мемлекеттен қайтаруға құқылы. Қайтарылатын соманың негізділігі арнайы салықтық тексеру кезінде анықталады. Мұнда тауардың қайдан шыққаны, кімнен сатып алынғаны, қандай кәсіпорындар арқылы өткендігі және осы тізбекте салықтардың төленген-төленбегені тексеріледі.

Мамандар бұл тәсілді «пирамида әдісі» деп атайды. Яғни, өнімнің өндірушіден бастап экспорттаушыға дейінгі қозғалысы мен оған байланысты салық төлемдері кезең-кезеңімен қаралады. Егер тексеру барысында барлық талаптардың сақталғаны расталса, экспорттаушыға бұрын төлеген ҚҚС-ы толық көлемде қайтарылады.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бұрынғы салықтық жеңілдікті қайта қарау ұсынылып отыр. Қолданыстағы 80 пайыздық көрсеткіштің орнына 70 пайыздық мөлшерді қайтару мәселесі талқылануда.

Бұл ұсыныс ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бұрын қолданылған ҚҚС тетігін сақтау қажеттілігімен байланысты.

Тағы бір жаңалық, ҚҚС-ты қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндігі. Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп, осы тетікті әзірлеп жатыр. Оның басты ерекшелігі сол, кәсіпкерлерге таңдау беріледі. Яғни, бизнес ҚҚС-ты қайтарудың қазіргі тәртібін пайдалана алады немесе цифрлық теңге арқылы қайтару тетігін таңдай алады. Әзірге ең басты мәселе қабылданған ұсыныстардың заң жүзінде бекітілуі. Аграршылар үшін салық ережелерінің түсінікті әрі тұрақты болғаны маңызды. Өйткені егін егіп, өнім өндірумен қатар, оны қай нарыққа және қандай шартпен шығаратынын алдын ала жоспарлау қажет.

Ендігі кезекте аграрлық қауымдастық өкілдері бұл ұсыныстардың заңнамалық тұрғыда нақты бекітілуін күтуде. Өйткені, салық саласындағы әрбір өзгеріс ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысына ғана емес, елдің экспорттық әлеуетіне де әсер ететіндігі белгілі.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар