Сот билігі сот ісін жүргізудің заңда белгіленген азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен өтеді.
(Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 2-тармағынан.)
Сот төрелігін одан әрі жетілдіру, сот жүйесінің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету және азаматтардың сот төрелігін жүзеге асыру процесіне қатысуының құқықтық нысандарын дамыту қазіргі заманғы құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, алқабилер институты қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы азаматтардың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ететін ерекше процестік-құқықтық тетік ретінде айрықша мәнге ие.
Біздің елімізде алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Ал, «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданды. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де жұрт осы алқабилер институты туралы толық біле бермейді. Бұл жөнінде әңгіме қозғасақ, осы алқабилер сотының қалыптасуы мен оның сот тәжірибесіне енгізілуі сот төрелігінің жариялылығы, ашықтығы және қоғамның сот билігіне қатысу қағидаттарын іске асыру ісімен тығыз байланысты. Алқабилердің сот талқылауына қатысуы кәсіби судьяның қызметін алмастырмайды, керісінше, заңда белгіленген шеңберде азаматтардың қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуын қамтамасыз ететін ерекше құқықтық нысан ретінде көрініс табады.
Осы институттың тиімді жұмыс істеуі сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық негіздерімен ғана емес, сонымен қатар,тараптардың тең мүмкіндігін, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға және сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған институционалдық тетіктермен де сабақтас.
Алқабилер институтына қатысты мәселелерді ғылыми және практикалық тұрғыдан зерделеу әлі де өзекті бағыттардың бірі. Атап айтқанда, алқабилердің құқықтық мәртебесі, оларды іріктеу және сот құрамын қалыптастыру тәртібі, сот талқылауы барысында олардың процестікқұқықтары мен міндеттерін іске асыру ерекшеліктері, сондай-ақ, судья мен алқабилер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері сот практикасын жетілдіру тұрғысынан тұрақты назар аударуды қажет етеді.
Халықаралық ғылыми-құқықтық кеңістікте алқабилер институты мен азаматтардың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуы заманауи сот ісін жүргізудің өзекті мәселелерінің бірі ретінде қарастырылады. Бұл мәселе тек жекелеген мемлекеттердің ұлттық құқықтық жүйелеріне тән институт ретінде ғана емес, сонымен қатар, сот төрелігінің легитимділігі, қоғамдық сенім, сот процесі барысындағыәділеттілік және азаматтардың мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуы тұрғысынан кешенді зерттеу нысанына айналып отыр.
Осыған байланысты алқабилер институтын жетілдіру мәселесі тек қылмыстық-процестік заңнаманың нормаларын жетілдіру шеңберінде ғана емес, сот төрелігінің сапасын, оның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, судьялардың кәсіби қызметіне қажетті жағдайлар жасау және сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайту міндеттерімен өзара тығыз байланыста қарастырылуға тиіс.
Сот төрелігінің конституциялық қағидаттарын іске асырудың тиімділігі, азаматтардың сот ісін жүргізуге қатысуының заңмен белгіленген кепілдіктерін қамтамасыз ету және судьялардың тәуелсіздігін сақтау өзара берік ұштасқан құқықтық құндылықтар болып табылады.
2026 жылы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 76-бабына сәйкес заңда көзделген жағдайда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен өтеді. Яғни, алқабилер институты сот төрелігін жүзеге асырудың конституциялық-құқықтық тетіктерінің бірі ретінде азаматтардың сот билігін іске асыруға тікелей қатысуын қамтамасыз ететін құқықтық институт болып табылады.
Аталған институттың мақсат-мүддесі сот төрелігінің жариялылығы мен демократиялық негіздерін нығайтуға, азаматтардың сот билігіне қатысу нысандарын кеңейтуге және сот төрелігін жүзеге асыру процесіне қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Алқабилердің сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуы кәсіби судьяның құқық қолдану қызметін алмастыруды көздемейді, керісінше, қылмыстық іс бойынша заңда белгіленген шектерде дәлелдемелерді бағалау мен сот актісін қабылдау процесіне азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ететін ерекше процестік нысан болып табылады.
Алқабилер институтының тиімді жүзеге асырылуы, ең алдымен, оның қызметін нормативтік-құқықтық реттеудің сапасына, алқабилерді іріктеу мен сот құрамын қалыптастыру тәртібінің заң талаптарына сәйкестігіне, олардың процестік тәуелсіздігі мен объективтілігін қамтамасыз ететін кепілдіктердің болуына тікелей байланысты. Сонымен қатар, алқабилердің сот талқылауына қатысуы дәлелдемелерді тікелей зерттеу, тараптардың құқықтары мен процестік мүмкіндіктерінің теңдігін сақтау және қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген рәсімдерді қатаң ұстану мәселелерін де қамтиды.
Алқабилерді іріктеу мен сот құрамын жасақтау мәселесіне келсек, бұлаталғандардың ішінде ең алдымен маңыздысы, сот құрамын қалыптастырудың бастапқы кезеңіндегі кандидаттарды іріктеу сатысы. Аталған институттың тиімді жұмыс істеуінің маңызды шарттарының бірі, ол алқабиге кандидаттардың өздеріне жүктелген процестік міндеттерді тиісінше орындауына және сот төрелігін жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарауына кепілдік беретін құқықтық тетіктерді жетілдіру. Алқабидің сот ісін жүргізуге қатысуы азаматтың субъективтік құқығы ғана емес, сонымен қатар, заңда белгіленген жағдайларды тиісті түрде орындауды талап ететін қоғамдық-құқықтық міндет болып табылады.
Осыған байланысты кандидаттарды іріктеу кезеңінен бастап, олардың алқаби мәртебесінің құқықтық салдары туралы толық әрі түсінікті хабардар етілуі маңызды. Атап айтқанда, сот отырыстарына негізсіз келмеу, істің мән-жайларына қатысты алынған ақпаратты жария ету, тараптармен немесе өзге де қатысушылармен рұқсат етілмеген байланыс жасау, сондай-ақ, сот төрелігінің объективтілігіне күмән келтіретін өзге де әрекеттер алқабидің процестікміндеттерін тиісінше орындамауы ретінде бағалануы мүмкін.
Сонымен бірге, алқабидің жауапкершілігі оның процестік тәуелсіздігімен теңгерілуге тиіс. Алқабиге қабылданатын шешімнің мазмұнына байланысты қысым жасауға, оны қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрлеуге немесе құқықтық ұстанымын білдіргені үшін жауапқа тартуға жол берілмеуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, алқабиге кандидаттардың жауапкершілігін арттыру мәселесін өзара байланыстыүш бағытта қарастыруға болады: біріншіден, олардың құқықтары мен міндеттерін нормативтік тұрғыдан нақтылау; екіншіден, алқабидің процестікміндеттерін орындауын қамтамасыз ететін тиімді кепілдіктерді қалыптастыру; үшіншіден, сот төрелігіне қатысудың қоғамдық маңызын түсіндіру арқылы сол жауапты азаматтың қатысу мәдениетін қалыптастыру.
Демек, алқабилердің жауапкершілігін арттырудың түпкі мақсаты – жазалау шараларын күшейту емес, сот төрелігін жүзеге асыруға қатысатын азаматтың құқықтық мәртебесін нақтылау және оның процестік міндеттерін саналы әрі адал орындауына қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау.
Қазіргі кезеңде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы сот төрелігін ұйымдастырудың дәстүрлі тетіктерін қайта қарауға және құқықтық процестердің жекелеген кезеңдеріне жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндігін зерделеуге негіз болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, алқабиге кандидаттарды іріктеу рәсімін цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін пайдалану сот төрелігін ұйымдастырудың тиімділігін арттырудың перспективалық бағыттарының бірі ретінде қарастырылуы мүмкін.
Атап айтқанда, автоматтандырылған жүйе арқылы кандидатқа сотқа шақыру туралы хабарламамен қатар, алқабидің мәртебесі, оның құқықтары мен міндеттері, сот талқылауының тәртіпі, қатысу ұзақтығы, жұмыс орындағы кепілдіктер және шығындарды өтеу тәртібі туралы қысқаша әрі түсінікті ақпарат ұсынылуы қажет.
Сонымен бірге, мұндай технологияларды енгізу ерекше сақтықты талап етеді. Алқабиге кандидаттарды іріктеу адамның негізгі құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей немесе жанама түрде әсер етуі мүмкін болғандықтан, алгоритмнің шешімі түсінікті, тексерілген және құқықтық тұрғыдан негізделген болуы қажет.
Осыған байланысты жасанды интеллектіні алқабиге кандидаттарды іріктеу процесінде қолданудың негізгі қағидаттары ретінде заңдылық, ашықтық, бейтараптық, дербес деректерді қорғау, кемсітушілікке жол бермеу және ең бастысы, мүдделі орындардан үнемі бақылау қағидаттарын ескеру орынды.
Цифрлық трансформация жағдайында алқабиге кандидаттарды іріктеу процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жаңа мүмкіндіктермен қатар, қосымша құқықтық тәуекелдерді де туындатады. Сондықтан, жасанды интеллектіні адамның құқықтық шешімін алмастыратын механизм ретінде емес, іріктеу процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған қосалқы технологиялық құрал ретінде қарастырған жөн. Тек осы айтылғандармен ғана алқабилер тәжірибесін сот билігінде тиімді қолданып, елімізде соттар жұмысын жаңа Конституция талаптарына сәйкес сапалы сатыға көтере түсетініміз анық.
Дархан БЕЙІСОВ,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
![]()

