10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні
Бүгінде кәсіподақ мүшесі болу – ең алдымен, өз еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тетігіне ие болу және қандай да бір мәселе туындаған жағдайда қызметкердің жұмыс берушімен жалғыз қалмайтынын сезіну. Кәсіподақ қызметкерге құқықтық және ақыл-кеңестік көмек көрсете алады, еңбек қатынастарында оның мүддесін білдіреді, еңбек дауларын шешуге қатысады, сондай-ақ, заңнамада және ұжымдық шартта көзделген еңбек және әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын бақылайды.
Алайда, менің ойымша, ең бастысы – ұжымдық қорғау. Қызметкерлер біріккен кезде жұмыс берушімен әлеуметтік диалогқа қатысуға және еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер сияқты маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік алады.
Кәсіподақ – бұл жай ғана мүшелік билет емес және «жанжал туындаған жағдайда ғана қажет болатын» ұйым да емес. Бұл қызметкерлердің мүддесін тұрақты түрде білдіретін ұйым. Біздің міндетіміз – адам өзін мәселе туындаған кезде ғана емес, күнделікті еңбек жолында да қорғалғанын сезінуіне жағдай жасау.
Енді бүгінгі таңда Ақмола облыс еңбеккерлерін алаңдатып отырған мәселелерге тоқталатын болсақ, ең алдымен, бұл лайықты еңбекақы төлеу, жұмыспен қамтудың тұрақтылығы және жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселелері. Қызметкерлер өз еңбек құқықтарының бұзылуына тап болған жағдайда кәсіподақтарға жүгінеді. Атап айтқанда, жалақының уақытылы немесе толық төленбеуі, үстеме жұмысқа ақы төлеу, еңбек демалысын беру, еңбек жағдайларының өзгеруі, жұмыс уақыты режимінің сақталуы мәселелері бойынша біздерге келеді.
Мұндай өтініштердің жеке бір бөлігі еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты. Әрбір адам үшін оның күн сайын жұмыстан үйіне аман-есен, дені сау оралуы аса маңызды. Сондықтан, әрбір осындай өтініштің артында нақты адам және оның отбасы тұр. Менің ойымша, бүгінде қызметкерлер үшін ертеңгі күнге деген сенім, жұмыс орнындағы әділ қарым-қатынас және қандай да бір мәселе туындаған жағдайда өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігі бар екенін білу аса маңызды.
Бұл тұрғыда кәсіподақ тек еңбек дауы туындағаннан кейін жүгінетін ұйым ғана емес. Біздің міндетіміз – еңбек дауларының алдын алу, жұмыс берушілермен әлеуметтік диалогқа қатысу, еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал ету және қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. Сондай-ақ, қызметкердің өз құқықтарын қорғаудан және сұрақ қоюдан қорықпағаны өте маңызды. Адам кеңес алу үшін неғұрлым ертерек жүгінсе, мәселені жанжалға жеткізбей, соғұрлым тиімді әрі байсалды түрде шешуге мүмкіндік болады.
Біздің кәсіподақ орталығымыз жанынан кәсіподақ мүшелеріне еңбек заңнамасына қатысты мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес пен құқықтық көмек көрсететін Заң клиникасының филиалы жұмыс істейді. Бірақ, іс жүзінде заң клиникасына тек кәсіподақ мүшелері ғана емес, кәсіподақ ұйымы құрылмаған кәсіпорындардың қызметкерлері де жүгінеді. Жыл басынан бері осы Заң клиникасына 142 өтініш келіп түсті, 127 адамға құқықтық кеңес берілді. Еңбек заңнамасы нормаларының бұзылуына жол бермеу бойынша 86 жағдайдың алдын алуға ықпал етілді. Сонымен қатар, Заң клиникасы жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлер жұмыстан босатылған кезде тиісті өтемақылар төленбеген 4 жағдайды анықтады, қызметкерлерге қолданылған 3 тәртіптік жазаның күшін жоюға құқықтық көмек көрсетілді.
Еңбекақы төлеу, жұмыстан босату, тәртіптік жазалар, еңбек шартын бұзу кезінде өтемақы төлемдерін алу, еңбек жағдайлары, сондай-ақ, еңбек қатынастарын дұрыс ресімдеу мәселелері бойынша еңбек заңнамасының нормалары түсіндіріліп, қажет болған жағдайда жұмыс орнына барып, жұмыс берушімен тиісті жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ, еңбек инспекциясына және басқа да мемлекеттік органдарға жолданатын өтініштерді әзірлеуге құқықтық көмек көрсетіледі. Айта кету керек, Заң клиникасы тек бір реттік кеңес берумен шектелмейді, қажет болған жағдайда қызметкерлерге құқықтарын қорғау және жағдайды бақылауда ұстау бойынша белгілі бір уақыт аралығында кезең-кезеңімен құқықтық сүйемелдеу мен қолдау көрсетіледі.
Бүгінгі таңда ұжымдық шарт – әлеуметтік әріптестіктің негізгі құжаты, оны белгілі бір деңгейде кәсіпорынның «шағын Конституциясы» деуге болады. Онда қызметкерлер мен жұмыс беруші еңбек жағдайларының негізгі талаптары бойынша өзара келісімге келеді. Егер заңнама еңбек кепілдіктерінің міндетті ең төменгі деңгейін белгілейтін болса, ұжымдық шарт нақты кәсіпорынның немесе ұйымның ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, қызметкерлерге қосымша қолдау шаралары мен кепілдіктерін бекітуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта облыс кәсіпорындарында 5 843 ұжымдық шарт қолданысқа енгізілген. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда қызметкерлерді ұжымдық-шарттық реттеумен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Дегенмен, біз ұжымдық шарттарды іске асыруда бірқатар мәселелердің бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, кейбір шарттар формалды түрде жасалады. Бұл кәсіподақтардың келіссөздердегі рөлін күшейтуді және қабылданған міндеттемелердің орындалуына бақылауды арттыруды талап етеді.
Егер қызметкер өзінің еңбек құқықтары бұзылды деп есептесе, ең алдымен кәсіподаққа жүгінуге кеңес беремін. Бірден еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Біз еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіруге, қажетті өтініштерді дайындауға және қажет болған жағдайда жұмыс берушімен келіссөздер барысында қызметкердің мүддесін білдіруге көмектесеміз. Сонымен қатар, ұйымдарда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес келісу комиссиясы жұмыс істейді. Бұл – жеке еңбек дауларын сотқа дейін шешудің негізгі тетіктерінің бірі. Кәсіподақ оның жұмысына қатысып, қызметкерге өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектеседі.
Келесі жеке бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Кәсіподақтар өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және еңбек жағдайларының сақталуын бақылауға да белсене қатысуда. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету Ақмола облысы кәсіподақтарының негізгі жұмыс бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта біз «2023-2026 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын әзірлеп, іске асырып келеміз. Кәсіподақтардың бастамасымен 916 өндірістік кеңес құрылып, 1050 техникалық еңбек инспекторы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда. Олар жұмыс орындарын тексеруге, өндірістік тәуекелдер мен заңбұзушылықтарды анықтауға, сондай-ақ, оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізуге тікелей қатысады.
Жылдың 8 айында 40 жазатайым оқиға тіркеліп, оның салдарынан 47 адам зардап шекті, оның ішінде 4 адам қаза тапты. Өкінішке қарай, өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы жазатайым оқиғалар саны 54 пайызға, зардап шеккендер саны 42 пайызға артты. Сонымен қатар, өліммен аяқталған жағдайлар саны бір адамға көбейді. 40 жазатайым оқиғаның 31 жағдайында жұмыс берушінің кінәсі 50 пайыздан жоғары деп танылса, 5 жағдайда қызметкерлердің кінәсі анықталған. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар саны 12 пайызға азайған, әрі өліммен аяқталған жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда орын алған барлық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жұмыстарына кәсіподақ өкілдері белсенді түрде қатысты. Біз өндірістік жарақаттануды нөлдік деңгейге жеткізуге ұмтыламыз. Осы мақсатта бірегей «Халықтық бақылау» жобасын іске асырып, халықаралық «Vision Zero» қағидатын қолданудамыз.
Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда. Кәсіподақтар еңбекті қорғаудағы өтемақылық модельден тәуекелге бағдарланған тәсілге көшуге белсенді қатысуда. Біз әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, Көкшетау қаласындағы «Абдрахманов» ЖК, «Kokshetau Optoelectronics» ЖШС, «Кокше Сити 2050» ЖШС, «Самрук строй 01» ЖШС, «К.Г.С. Сауда» ЖШС, «Джакупов» ЖК, «М-Аристрой» ЖШС, «Kokshe Building Service» ЖШС, «МТЛ-Арка» ЖШС құрылыс нысандары мен «КАИК» ЖШС, «ENKI» ЖШС және «Kazrost Engineering» ШК кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мониторинг жүргіздік. Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде кәсіпорындарға тиісті ұсынымдар берілді.
Бүгінде кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы диалог ең алдымен әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделеді. Әлеуметтік әріптестік жай ғана сөз емес, бұл еңбек ұжымдарындағы және жалпы қоғамдағы тұрақтылыққа тікелей әсер ететін нақты әрі тиімді жұмыс тетігі. Облыста 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік келісім бар. Онда қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың негізгі шаралары мен кепілдіктері белгіленген. Осындай келісімдер облыстың 17 ауданында және 3 қаласында жасалды. Бұл келісімдер кәсіподақтар, жұмыс берушілер және мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы әлеуметтік диалогты дамытуға және еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге берік негіз болып отыр.
Өңірлік үшжақты комиссия жұмысының тиімділігі нақты нәтижелерден көрінуде. 2024-2026 жылдар аралығында комиссияның 17 отырысы өткізілді, оның ішінде 4 отырысқа кәсіподақ тарапынан төрағалық жасалса, 13 отырысқа әкім және оның орынбасарлары төрағалық етті. Комиссия отырыстарында барлығы 47 мәселе қаралды, оның 13-і, яғни, 28 пайызды кәсіподақтар тарапынан көтерілді. Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған, өндірістік жазатайым оқиғаларға жол берген, сондай-ақ, жалақы және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларын комиссия отырыстарына шақырудың жақсы тәжірибесі қалыптасты. Осылайша соңғы үш жылда 23 жұмыс берушінің есебі тыңдалды.
Кәсіподақтардың белсенді ұстанымы арқасында біздің бастамамызбен ауылдық жерде тұратын денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, ветеринария, спорт және мәдениет салаларының мамандарына облыстық бюджеттен отын сатып алуға 15 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылды. Білім басқармасымен салалық келісімге қол қойылып, оған техникалық персоналға жыл сайынғы еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу туралы тармақ енгізілді.
Бүгінгі таңда облыс кәсіподақтарының құрамында 15 салалық және жергілікті кәсіподақ бар. Олар 1 227 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Сонымен қатар, 9 ірі кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, жалпы кәсіподақ мүшелерінің саны 72 мыңнан асады. Иә, бүгінде қызметкерлердің кәсіподақтарға деген қызығушылығы артып келеді. Адамдар өздерінің еңбек құқықтарына көбірек көңіл бөліп, кәсіподақтың жай ғана ұйым емес, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың нақты мүмкіндігі екенін түсіне бастады. Кәсіподақ қозғалысына деген осы сенім мен жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелілігін көрсететін көрсеткіштердің бірі – кәсіподақ мүшелерінің санының өсуі. Соңғы үш жылда облыста бұл көрсеткіш 23 пайызға артты.
Бізді жастар арасында еңбек құқықтарының бұзылуы мен көлеңкелі жұмыспен қамту мәселелері де ерекше алаңдатады. Біздің Заң клиникамызға 18 бен 25 жас аралығындағы 24 қызметкер жүгінді. Олардың басым көпшілігі еңбек шарты жасалмай жұмыс істеген, жалақысын «конвертпен» алған, артық жұмыс істеген және өздерінің еңбек құқықтарын білмеген. Біз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен колледж студенттерімен, Көкшетау жоғары техникалық колледжі және «Арна» колледжінің білім алушыларымен осы бағыттарда 4 кездесу өткіздік. Сонымен қатар, Ақмола облысының түрлі салаларында жұмыс істейтін жастардың қатысуымен кәсіподақ ғимаратында 7 оқыту семинарын ұйымдастырдық. Кездесулер мен семинарлар барысында жастарға кәсіподақтың не үшін қажет екені және оның қызметкерге қандай нақты көмек көрсете алатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, «PRO кәсіподақ жастары» атты өңірлік форум өткіздік.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жастар саясатын жүйелі түрде дамытуға баса мән беріп келеді. Бұл бағыттың негізгі мақсаты – жастарды кәсіподақ қозғалысына тарту, сенімді кадрлық резерв қалыптастыру, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, сондай-ақ, кәсіподақ мүшесі болып табылатын жастардың көшбасшылық және кәсіби қасиеттерін жан-жақты дамыту. Кәсіподақтарымыздың жанында жас қызметкерлерді біріктіретін «Келешек» жастар кеңесі жұмыс істейді. Біз бұл алаң арқылы жастарға еңбек құқықтары туралы ақпарат беріп қана қоймай, оларды кәсіподақ жұмысына, әлеуметтік бастамаларға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға тартуға тырысамыз.
2020-2025 жылдар аралығы Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы үшін ауқымды өзгерістер кезеңі болды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметкерлердің құқықтарын қорғаушы ұйым ретіндегі өз орнын нығайтып қана қоймай, әлеуметтік саясатты қалыптастыруға ықпал ететін, мемлекетпен тиімді диалог орната алатын және заман талабына сай сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын заманауи институт ретінде танылды.
Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілді. Орман шаруашылығы қызметкерлеріне еңбек жағдайының ерекшеліктері үшін төленетін қосымша ақы лауазымдық айлығының 100 пайызына дейін арттырылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған қызметкерлер үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданып, халықаралық еңбек ұйымының 131 конвенциясы ратификацияланды.
Қаңтар айында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі Федерацияның «Цифрлық болашаққа бірге» атты цифрлық трансформация тұжырымдамасын бекітті. Оның негізгі бағыттарының бірі – бірыңғай цифрлық экожүйе құру және кәсіподақ мүшелерімен жедел байланыс орнатуға, олардың өтініштері мен мәселелеріне уақытылы жауап беруге мүмкіндік беретін құралдарды дамыту. Сонымен қатар, Федерация жасанды интеллектіні енгізу жағдайында қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, біз өзіміз де жаңғырып, заманауи әрі цифрлық форматқа көшіп келеміз, ал, екінші жағынан, ауқымды цифрландыру жағдайында қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін қалыптастырып жатырмыз.
Қали РАХМЕТОВ,
«Ақмола облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.
![]()

