Әкім – іс үстінде
Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 5 қазан –Мұғалім күніне арналған мерекелік шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, бір топ таңдаулы ұстаздарға мерекелік марапаттартапсырды.
«Болашақ» сарайында ұйымдастырылған салтанатты шара заманауи технологияларды қолданудың нәтижесінде әзірленген бейнекөріністің сүйемелдеуімен және облыс орталығындағы білім ошақтарының оқушылары мен студенттерінің қатысуымен ұсынылған серпінді қойылыммен ашылып, өңірдің білім беру және ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жүрген педагогтар қауымы мен ардагерлерін ерекше әсерге бөледі. Көріністен «заман өзгерсе де, ұстаздың шамшырағы сөнбейді. Ол технологиямен үндесе отырып, болашаққа бірге қадам басады» деген терең ұғымды аңғардық.
Шәкірт жүрегіне жол таба білетін мұғалімдердің кәсіби мерекесінде құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы Марат Ахметжанов биыл қабылданған Жаңа Конституцияның, оның негізінде құрылған Құрылтай мен Халық кеңесінің маңызын атап өтіп, білім беру саласының алдында тұрған айтулы міндеттердің бірі – жас ұрпақтың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру мәселесіне тоқталды.
–Осы бағытта «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» қағидаттары негізінде адалдық, жауапкершілік пен еңбекқорлық құндылықтарын қалыптастыруға басымдық берілуде. Бұл бастамалардың нақты нәтижесі күнделікті білім беру үдерісінде іске асуымен өлшенеді. Ұстаздың әрбір сөзі мен ісі – баланың жарқын болашағының негізі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген сөзі қашанда өзекті. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Ұстаз еңбегін ешқандай байлықпен өлшеуге болмайды. Оның берген білімі – өмірлік азық, –дей келе, өңір басшысы білім беру саласында қол жеткен жетістіктер туралы да кеңінен баяндады. Соның ішінде осы салада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген талантты әрі білікті ұстаздарымызды атап өтті.
–Соңғы жылдары мемлекеттік марапаттар жүйесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының енгізілуі де педагог еңбегіне берілген жоғары бағаның белгісі. Бүгінде аймақ мұғалімдері, атап айтқанда, Нұртас Ахатұлы Ахат, Әлия Қойшыбайқызы Ахетова, Мадина Хасиқызы Махамбетова осы марапатқа ие болды. Бұл – ұстаздарымыздың адал еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және білім саласына қосқан үлесінің нақты нәтижесі, –деді құттықтау сөзінің барысында өңір басшысы. Сонымен бірге, ол Ақмола облысының ұстаздық дәстүрлерін қалыптастырып, саналы ғұмырын ел игілігіне, жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге арнаған ардагерлерді ерекше құрметпен атап өтті. Осы ретте, Тельман Мұқышев, Марат Ибраев, Тыныштық Ахметова, Күләш Темірбекова, Райхан Нарбаева, Гүлнар Күшбаева бастаған ардагерлер, олардың еңбегі бүгінгі білім беру жүйесі үшін баға жетпес қазына екендігі белгілі.
Сонымен, салтанатты шараның ерекше толқыныс пен тебіреніске толы марапаттау бөлімінде сахна төріне алдымен Мемлекет басшысының Жарлығымен білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Құрмет» орденіне ие болған мұғалімдер шақырылды. Олар – Көкшетау қаласының Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің басшысы Баян Сәрсембаева, Ақкөл қаласындағы Жайық Бектұров атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Венера Худобина, Жақсы ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айман Дүйсембекова. Сонымен бірге, «Ерен еңбегі үшін» медалімен білім беру ісінің ардагері Секер Аймағанбетова, Целиноград ауд анының Софиевка ауылы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айгүл Төнкер, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласының №5 жалпы орта білім беретін мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлжазира Сейдахметова, Шортанды ауылы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айнагүл Рашатхан марапатталды.
Осы ретте, бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін Ғалия Тілеулина және «Ерен еңбегі үшін» медалін Гүлмира Мұхаметғалиева алғанын еске салғымыз келеді.
Бұдан әрі салтанатты шарада бірқатар ардагер ұстаздар білім беру жүйесіндегі көп жылғы адал еңбегі үшін салалық министрліктің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, тағы бір тобы облыс әкімінің Алғыс хаттары мен «Дискавери-Бурабай» сауықтыру орталығына берілген жолдамаларға ие болды.
Ұлағатты ұстаздарды ұлықтауға арналған салтанатты шара соңында жиналған қауымға Ақмола облысы әкімінің атынан гүл шоқтары таратылып, оқушылар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.
![]()

