Жыл басынан бері Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3590 азаматтың өтініші келіп түсті. Олардың 61%-ы оң шешімін тапса, 39% өтініш бойынша азаматтарға тиісті түсіндірмелер берілді.
Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтарды тұрақты түрде қабылдап, олармен жұмыстың түрлі форматтарын қолданады. Оның ішінде басшылар мен депутаттардың жеке қабылдауы, сондай-ақ мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көшпелі кездесулері бар.
Азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты мәселелерді, тұрғын үй кезегіне тұру, алаяқтық, коммуналдық қызметтер, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және басқа да өмірлік маңызды мәселелерді қамтиды.
Есепті кезеңде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің алаңдарында 1000-нан астам қабылдау өткізіліп, оған 3590 азамат қатысты.
Атап айтқанда, барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары 275 қабылдау өткізіп, онда 900 азамат қабылданды. Ал партияның өңірлік және аумақтық филиалдарының төрағалары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 557 қабылдау өткізіп, 1612 азаматтың мәселесін қарады.
Азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша адвокаттар, нотариустар және сот орындаушыларының тегін кәсіби кеңесін ұсынатын «Құқықтық көмек» жобасына ерекше назар аударылуда.
Есепті кезеңде жоба аясында 62 қабылдау өткізіліп, оған 351 адам қатысты.
Сонымен қатар шалғайдағы ауылдық елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көшпелі қабылдаулары ұйымдастырылады. Бұл формат аудан тұрғындарына тұрғылықты жеріне жақын жерде өз мәселелері бойынша кеңес алып, тиісті органдарға жүгінуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері 110 көшпелі қабылдау өткізіліп, онда 691 азамат қабылданды.
Бұдан бөлек, азаматтардың әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін өтініштері де қаралады. Кей жағдайда, әсіресе жедел әрекет етуді қажет ететін коммуналдық мәселелерді шешу үшін бір ғана хабарламаның өзі жеткілікті болады. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Қажет болған жағдайда тиісті органдарға сауалдар жолданып, мәселені шешуге бағытталған шаралар қабылданады.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына нақты мысал ретінде Көкшетау қаласының тұрғыны Жадра Кадралиеваның Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалының төрағасы Берген Беспалиновқа жүгінуін атап өтуге болады.
Әйел өзінің 10 жастағы қызы Альмираға қажетті сөйлеу процессорын ауыстыруға көмек көрсетуді сұраған. Аталған құрылғыны белгілі бір мерзім сайын ауыстырып отыру қажет, алайда оның құны отбасы үшін едәуір қаржылық шығынды талап етеді.
«Мен өз мәселеммен Ақмола облыстық “Әділет” партиясы филиалының төрағасы Берген Беспалиновқа партия ұйымдастырған “Open Air” іс-шарасы барысында жүгіндім. Қызымның сөйлеу процессорына қатысты жағдайды айтып бердім. Осыдан кейін партия филиалы тиісті уәкілетті органдарға сауал жолдап, мәселе қысқа мерзім ішінде шешілді – Астана қаласында бізге сөйлеу процессоры ауыстырылды. Мәселемізді шешуге көмектескені үшін “Әділет” партиясына алғысымды білдіремін. Қызым үшін бұл жай ғана қажетті құрылғы емес, оның толыққанды өмір сүруіне, білім алуына, құрдастарымен араласуына және сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік беретін құрал. Альмира фортепианода ойнайды, сондықтан оның жақсы естуі өте маңызды. Көрсетілген көмектің арқасында ол музыкамен әрі қарай айналысып, дамуын жалғастыра алады», – деді Жадра Кадралиева.
Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалының төрағасы Берген Беспалинов әрбір өтініштің артында нақты адамның тағдыры тұрғанын атап өтті. Сондықтан азаматтың мәселесін тыңдап қана қоймай, оны іс жүзінде шешуге ықпал ету маңызды екенін айтты.
«“Әділет” партиясының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтарға көмек көрсету, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ нақты өмірлік мәселелерін шешуге ықпал ету. Қоғамдық қабылдау бөлмесі – әрбір азамат өз мәселесін айтып, қажетті қолдау алып, оның шешілу жолдары бойынша көмекке жүгіне алатын алаң. Партия үшін әрбір өтініштің артында нақты адам және оның тағдыры тұр. Сондықтан азаматты тыңдап қана қоймай, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау маңызды», – деді Берген Беспалинов.
Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалының мәліметінше, азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Әсіресе әлеуметтік қолдау көрсетуге және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге ықпал етуге ерекше көңіл бөлінеді.
![]()

