«Әйел өмірі үшін»: Көкшетауда сүт безі обыры туралы республикалық ақпараттандыру айлығы аясында кездесу өтті

Сүт безі обыры туралы ақпараттандыруға бағытталған республикалық «Қызғылт қазан» акциясы аясында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты мен Онколог-маммологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Асыл Арман» (Novopack) ЖШС-де «Сүт безінің денсаулығы туралы 5 минут» атты ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесудің басты тақырыбы — сүт безі обырының алдын алу және тұрақты медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы. Кәсіпорын ұжымының алдында онкодиспансердің дәрігер-онколог-маммологы Қуаныш Ыдырысов сөз сөйледі.

Дәрігер өз дәрісінде аурудың қауіп факторлары, алғашқы белгілері, алдын алудың заманауи тәсілдері және медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің маңыздылығы туралы айтып берді. Кездесу барысында маман презентация ұсынып, нақты мысалдар келтіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ скринингтен тұрақты түрде өтудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, уақытылы тексеруден өту ауруды ерте кезеңде анықтап, қажетті емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.

«Сүт безі обыры бүгінде жасарып келеді. Сондықтан әйелдер өз денсаулығына мұқият қарап, тексерілуді кейінге қалдырмауы қажет. Әйел өзін жақсы сезініп, ешқандай шағымы болмаса да, скринингтен тұрақты түрде өтіп тұруы өте маңызды. Ауруды ерте анықтау дер кезінде ем жүргізуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы ұсынымдарға сәйкес, әйелдер скринингтен екі жылда бір рет өтіп тұруы қажет», — деді дәрігер-онколог-маммолог Қуаныш Ыдырысов.

Осындай ақпараттық кездесулер өткізудің маңыздылығын «Novopack» компаниялар тобының HR дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Қайрушева да атап өтті:

«Бүгін республикалық акция аясында «Әділет» партиясы біздің ұжым үшін ақпараттық кездесу ұйымдастырды. Қызметкерлеріміз алдында білікті дәрігер-онколог-маммолог сөз сөйлеп, аурудың алдын алу және уақытылы тексеруден өтудің маңыздылығы туралы кеңінен айтып берді. Бұл біздің компаниямыз үшін өте өзекті, өйткені ұжымымыздың 65 пайызын әйелдер құрайды. Қызметкерлеріміздің денсаулығына қатысты қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алуына және өз денсаулығына уақытылы көңіл бөлуіне жағдай жасау маңызды деп санаймыз», — деді Мөлдір Қайрушева.

«Қызғылт қазан» — әйелдердің сүт безі денсаулығына қатысты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінетін кезең. Мұндай кездесулер медициналық сауаттылықты арттырып, аурудың алдын алу мен уақытылы тексеруден өтудің маңыздылығын еске салуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында әйелдер маманға сүт безі обырының алдын алу, тұрақты тексеруден өту және аурудың алғашқы белгілеріне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Дәрігер қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, практикалық ұсыныстарын берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар