Ақмола облысында «Адал азамат»: жастар тәрбиесіне ақсақалдар қалай үлес қосып жүр?

Облыста Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» бағдарламасы аясында аға буын өкілдері мектеп оқушылары мен студенттерге ұлттық құндылықтарды дәріптеп, азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндіруде. Жаңа оқу жылы басталғалы өңірдің бірқатар білім беру ұйымында бейбітшілік пен келісім, медиация, адамгершілік және адалдық тақырыптарына арналған кездесулер өтті. Бұл жұмысқа Ақсақалдар кеңестерінің мүшелері де белсенді қатысып келеді.
«Адал азамат» бағдарламасы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын «Адал азамат» деп атауды қолдады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – отаншыл, білімді, еңбекқор әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат тәрбиелеу.
«Ақмола облысында осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында ағымдағы жылдың басында «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері мен білім беру бөлімдерінің басшылары қатысты. Жиында ақсақалдарды мектептерге бекіту және оқушылар арасында тәрбиелік жұмыстар жүргізу мәселелері қарастырылды» , деді облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов.
Қазір Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мектеп оқушылары мен колледж студенттерімен кездесулер, дәрістер және ашық әңгімелер өткізіп келеді. Іс-шараларда адалдық, отансүйгіштік, еңбекқорлық, адамгершілік, білімге құштарлық, үлкенге құрмет пен қоғамдық келісім құндылықтары дәріптеледі.
Оқу жылы басталғалы өңірдегі білім беру ұйымдарында бағдарламаның негізгі құндылықтарын түсіндіруге арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.
Мәселен 10 қыркүйекте Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясында Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Көшек Сәменовтің қатысуымен «Бейбітшілік пен келісім сабағы» өтті. Кездесуде қоғамдық келісім мен өзара құрметтің маңызын жас ұрпаққа жеткізуге басымдық берілді.
Көкшетау жоғары медициналық колледжінде де осы сынды кездесу өтті. Болат Зәкеновпен «Медиация – татуласу өнері және жастар тәрбиесі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Сол күні Шоқан Уәлиханов атындағы көпсалалы колледжде Мұрат қажы Ыдырысұлы студенттермен жүздесіп, «Атаның сөзі – ақылдың көзі» атты кездесуде өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Алдағы уақытта да білім беру ұйымдарында кездесулер өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Көшек Сәменовтің №5 мектепте, Шияп Шарапұлы Әлиевтің №1 мектепте, Дахан Шокширұлы Жамшиннің №18 мектепте, Бәйкенұлы Қаратайдың Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінде кездесулері көзделген.
Жобаны Ақмола облысының барлық ауданында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ақсақалдар кеңестерінің қатысуымен жүргізіліп жатқан жұмыс жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, адал еңбек етуге, елжандылыққа және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар