Жасыл желек қадірін жасынан ұққан

Дала бағбаны

Сәкен Бауыржанұлы Наурызов – өз ісінің нағыз кәсіби маманы, білікті басшы және туған жері мен еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген белгілі азамат.

1978 жылдың 4 сәуірінде дүние есігін ашқан Сәкен Бауыржанұлы бойындағы қайрат-жігерін, еңбекқорлығы мен парасатын жасынан шыңдап өсті. Оның алғашқы еңбек пен өнер жолы спорт саласынан бастау алды. 1993 жылы Алматыдағы олимпиадалық резерв училищесінің Щучинскідегі филиалын «Шаңғы жарысы мен биатлон бойынша жаттықтырушы» мамандығы бойынша тәмамдап, жеңіске деген ұмтылыс пен төзімділікті бойына сіңірді.

Тоқтаусыз дамуды мақсат еткен ол білімін одан әрі тереңдетіп, Көкшетау университетінде екі жоғары білім алды. 2000 жылы юриспруденция факультетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаса, 2005 жылы орман шаруашылығы факультетін «Орман шаруашылығы ісінің бакалавры» мамандығы бойынша аяқтады.

Жан-жақты алған білімі Сәкен Бауыржанұлына әртүрлі салада жемісті еңбек етуге мүмкіндік берді. 2002–2003 жылдары Зеренді ауданы Приречный орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берді. 2004–2009 жылдар аралығында  «Агробизнес» колледжінде заңгер, кейіннен «Кіші Түкті» серіктестігінде директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 2009–2015 жылдары «Кіші Түкті орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінде мұнай базасының меңгерушісі, кейін ҚР Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЕЦ-16/4 мекемесінде тылмен қамтамасыз ету бөлімінде жауапты қызметтер атқарды.

2016 жылдан бастап Сәкен Бауыржанұлының өмірлік дегбірі де, жүрек қалауы да туған өңірдің жауһар табиғатын сақтау мен дамытуға бағытталды. Ол «Ақкөл орманшылығы» КММ-де орманшы, кейін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде инспектор қызметін абыроймен атқарды. Іскерлік қабілеті мен мол тәжірибесінің арқасында көп ұзамай «Бурабай» ұлттық паркінің Ақылбай орманшылығы ұжымының басшысы болып тағайындалды.

Кәсіби білігін ұдайы жетілдіріп отыратын басшы 2018 жылы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтында арнайы қайта даярлаудан өтті. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды өндіру, селекциялық жұмыстар, орманды қорғау және заңнамалық реттеу саласы бойынша терең білім жинақтап, оны өндірістік тәжірибеге сәтті енгізді.

Сәкен Наурызовтың жүрегінің кеңдігі мен адамгершілік парасаты 2020 жылғы жаһандық пандемия мен сындарлы карантин кезеңінде анық байқалды. Ел басына күн туған сәтте ол қарап отырмай, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетудің ұйытқысы болды.

Оның тікелей басшылығымен Ақылбай орманшылығының ұжымы «Мейірім – Бурабай» мүгедектерді реабилитациялау орталығына және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрақты әрі қомақты демеушілік көмек көрсетті. Бурабай жұртшылығы мен мекеме басшылығы Сәкен Бауыржанұлының бұл азаматтық ерлігі мен мәрттігін жоғары бағалап, терең алғысын білдірді.

Бүгінгі таңда Сәкен Бауыржанұлы Наурызов өзінің бай өмірлік тәжірибесін, басқарушылық шеберлігі мен биік азаматтық ұстанымын туған өңір мен ел игілігіне аянбай бағыттап келеді. Оның жасыл желекті жебеп, табиғатты аялаудағы өнегелі ісі – өскелең жас ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар