18 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні
Қазан айының үшінші жексенбісінде елімізде біздің кәсіби мерекеміз – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл – туған табиғаттың тынысын кеңейтіп, оны көздің қарашығындай сақтап келе жатқан, маңдай тері мен тынымсыз еңбегін осы сауапты іске арнаған мамандық иелеріне көрсетілген шынайы құрмет пен алғыстың нышаны.
Орман ресурстарын қалпына келтіру және көбейту орман шаруашылығы саласындағы ең маңызды әрі басым бағыттардың бірі болып табылады. Ағаш отырғызу экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, климатты жақсартуға және топырақты эрозиядан қорғауға тікелей әсер етеді. Ормандар ауаны тазартып, су балансын реттейді, сондай-ақ, сан алуан жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне мекен болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында орман қорына 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу туралы берілген тапсырмасы аясында Ақмола облысында орман деңгейін арттыру және орман қоры аумағында ағаш отырғызу бойынша ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Ақмола облысында 2021–2027 жылдарға арналған жоспар бойынша жалпы 150 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Осы бағытта 2021–2025 жылдар аралығында 11 мың гектар алқапқа 73,7 миллион түп ағаш отырғызылды. Биылғы көктемгі науқанда жоспарланған 14,5 миллион ағаштың орнына 15,8 миллион түп отырғызылып, белгіленген меже асыра орындалды. Күзгі науқан да белсенді жалғасып, бүгінгі күнге дейін 219,3 мың ағаш отырғызылды. Енді 2027 жылғы жоспар бойынша 10 мың гектар аумаққа 60 миллион түп ағаш отырғызуымыз қажет.
Өңірдің климаттық ерекшеліктеріне байланысты негізгі басымдық қылқанжапырақты қарағайға беріледі. Сонымен бірге, биологиялық әртүрлілікті сақтау үшін қайың, қарағаш және үйеңкі сияқты жапырақты ағаштар да егілуде. Осы ретте, алты жылдық жоспарлы көрсеткіштер толығымен орындалып, орманды өсіру көлемі тұрақты артып келеді.
Орман алқаптарын қалпына келтіру мен көгалдандыруды сапалы көшеттермен қамтамасыз ету үшін өңірде 189,7 гектарды құрайтын 11 орман питомнигі жұмыс істейді. Солардың ішінде Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды питомниктері тұрақты жұмыс істесе, Үлкен Түкті, Бұқпа, Кеңес, Краснобор, Куйбышев, Отрадный, Степногорск және Ұрымқай питомниктері уақытша жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Зеренді ауданындағы Бұқпа орман шаруашылығы мекемесі аумағында жалпы ауданы 61 гектарды құрайтын жаңа тұрақты питомниктің құрылысы жүріп жатыр.
Ақмола облысы табиғаты мен жан-жануарлар дүниесіне бай. Өңірде орман қорын қорғаумен және қалпына келтірумен айналысатын 13 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі жұмыс істейді. Біздің басқармаға қарасты орман қорының жалпы ауданы 405,1 мың гектар аумақты құрайды. Оның 235,1 мың гектары орманды алқаптар. Осы аумақта 488 мемлекеттік орман қорғау инспекторы кез келген ауа райында тәулік бойы кезекшілік етеді.
Сонымен қатар, мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту да басты назарда. Мәселен, 2024 жылы облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп, ормандағы өртті жедел сөндіруге арналған 9 шағын орман патрульдік кешені сатып алынды. Былтыр лизингтік қаржыландыру арқылы осындай 31 шағын кешен, 30 трактор және 24 өрт сөндіру автокөлігін алдық.
Өткен жылы облыс әкімдігіне қарасты бес коммуналдық мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінде, атап айтқанда, Ақкөл, Бұқпа, Кеңес, Краснобор, Куйбышев мекемелерінде ормандағы өртті ерте анықтау жүйелері енгізілді. Осыған орай, оларда 20 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл жүйе әкімдікке қарасты орман қоры аумағының 50 пайызын, оның ішінде Ақкөл ауданының 128,0 мың гектарды құрайтын мемлекеттік орман қорының толық аумағын және Зеренді ауданының 72,0 мың гектар алқабын қамтып, цифрлық бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, Көкшетау қаласындағы «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінде 2-типті жаңа орман өрт сөндіру станциясы салынып, пайдалануға берілді.
Жалпы, облыс бойынша орманды қайта түлету, орман өсіру, сондай-ақ, мемлекеттік орман қорын қорғау мен сақтау бөлiгiнде орман шаруашылығының барлық көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз етуде оң серпін қалыптасып отыр. Облыс аумағында орман көлемі небары 2,6 пайызды құрайтындықтан, ағаш отырғызу, орманды табиғи түрде түлету, заңсыз ағаш кесуге тосқауыл қою және өрттен қорғау жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Осы іс-шараларды жүзеге асыру өңірдің табиғи кешенін сақтап қалуға және оны еселей түсуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Әрине, осынау табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау – ең алдымен өз ісіне адал мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Бүгінде ормандарымызды қорғауға орманшылар, орман шеберлері, инженерлер, жүргізушілер, механиктер мен бухгалтерлерден бастап, барша сала қызметкерлері зор үлес қосып келеді. Тәжірибесі мол аға буын өкілдері мен осы салада ынта-ықыласымен еңбек етіп жүрген жас мамандардың ортақ ауызбіршілігі бұл саланың болашағына сенім ұялатады.
Таңдаулы қызметкерлеріміз туралы айтқанда, Кеңес орман шаруашылығы мекемесінің механигі Мұрат Жүсіпов пен Краснобор орман шаруашылығы мекемесінің орман шебері Риза Темірбекованы өз ісіне адал, білікті әрі тәжірибелі мамандар ретінде ерекше атап өткім келеді. Олардың еңбек өтілдері 36 жылды құрайды. Сол сияқты Степногорск орман шаруашылығы мекемесінің орман қорғау инженері Жасұлан Жақиянов та 26 жылдан бері осы салада жұмыс істеп, табиғат байлығын сақтауға елеулі үлесін қосып келеді.
Ерекше бір атап өтерлігі, бұл мамандардың барлығы еңбек жолын өздері қызмет атқарып отырған бір мекемеде жалғастыруда. Бұл дегеніміз, олардың өз мамандығына деген адалдығы мен туған жер табиғатына деген жанашырлығының жарқын дәлелі. Осындай тәжірибелі мамандардың еңбегі орман шаруашылығының қалыптасуына және табиғи байлықты келер ұрпаққа жеткізуге негіз болып отыр.
Бүгінде осы сияқты азаматтардың еселі еңбегі орман шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және орман қорын сақтауға бағытталып отыр. Әр маман өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, табиғатты қорғау жолында жауапкершілік пен кәсібиліктің үлгісін көрсетуде.
Бүгін осы қолайлы сәтті пайдалана отырып, барша орман шаруашылығы қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Табиғат ананы аялап, жасыл әлемді сақтау жолындағы абыройлы да сауапты еңбектеріңізге береке тілеймін. Тілсіз жаумен күресте жүректілік, күнделікті істе төзімділік танытып жүрген әрбір орманшының отбасы аман, дені сау, еңбегі жемісті болсын. Елімізді жасыл желекке бөлеген игі істеріңіз өркендей берсін!
Джанет МИКИШЕВ,
Ақмола облысының табиғи ресурстар және
табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.
![]()

