Ия, ол дәл сондай азамат болатын. Сондай болып өтті де бұл өмірден. Ол туралы естелік жазу қиын да ауыр маған. Бірақ, жазбасқа да болмай тұр!
Университетте бес жыл бірге оқып, алғашқы еңбек жолымызды бірге бастаған, содан бақандай отыз жылдан астам уақыт бір ұжымда қоян-қолтық жұмыс жасаған жолдасымыз әрі досымыз осы Мәди Хасенов болатын.
Бізді Мәдимен табыстырған, таныстырған Алматы қаласы. 1956 жылы орта мектепті бітірген бір топ жастар оқу іздеп, Алматыдағы С.М.Киров, бүгінгі Әл-Фараби атындағы университеттің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түстік. Топта жиырма бес бала, оның бесеуі қыздар болдық.
Университетті бітіргеннен кейін 1961 жылы әрқайсымыз Қазақстанның әр қаласына жолдамамен қызметке кете бардық. Бізге, Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев, Октябрь екеуміз соңғы курста қосылып, жанұя құрған болатынбыз, бәрімізге Орталық партия комитетінің арнайы жолдамасымен Тың өлкесіне, қазіргі Астана қаласындағы «Тың өлкесі» атты өлкелік газетке, бүгінгі «Арқа ажары» облыстық газетіне келу бұйырды.
Алғашқыда әдеби қызметкер болып басталған еңбек жолымыз сәтті жалғасып, біртіндеп бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілдік. Мәди мәдениет бөлімінде істей жүріп, өзін жазушылық қырымен де таныта бастады. Оның кейіннен шыққан «Тұлпардың дүбірі», «Қайсар» атты повестері, «Нартәуекел» романы, «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары» деген жинақтары осы сөзіміздің айқын айғағы болса керек. Ол өзінің осындай жазған мақалаларымен ғана емес, байсалды да салмақты мінезімен, сабырлы да анық сөйлеген сөздерімен де ерекшеленіп тұратын. Ұжымда өтетін қандай да бір жиындарда сөйлеген сөзі өте салмақты, айтатын ой-пікірлері мірдің оғындай өткір де дөп тиіп, қаралып отырған мәселенің дұрыс та әділ шешілуіне бірден-бір себепкер болатын.
Қалада Мәди басқарған той-думан, салиқалы тілегін айтып, оның ақ батасымен қосылған жастардың үйлену тойлары аз болмады десе де болғандай. Сөз шеберлігімен қоса, баритон даусымен шырқай салған әндері әлі құлағымызда жаңғырып тұр.
Біз жанұямызбен өте тығыз араласып тұрдық. Оның ұрпақтарының өсіп-өнгені біздің көз алдымызда өтіп жатты. Артыңда бар оңалар дегендей, бүгінде кенже ұлы Қайсар мен келіні Жаннаның Мәдидің қарашаңырағын шайқалтпай ұстап отырғанына, ортаншы ұлы Алмас пен бір түйір қызы Айнаштың артында қалған әдеби мұраларын сақтап, халыққа жеткізіп жүргеніне қуаныштымыз. Оларға өз атымнан зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!..
Рахия ӘЛІБЕКОВА,
ардагер журналист,
КСРО баспасөз саласының үздігі.
Астана.
![]()

