Өнер
Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының мерейтойлық театр маусымы Мар Байжиевтің «Он екінші күн» комедиясымен ашылды. Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Жібек Бағысованың туған күнімен тұспа-тұс келді. Жаңа маусымның ашылуына қатысқан Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов және облыс әкімінің орынбасарлары Алтынай Әміренова мен Досұлан Айтбаев, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов белгілі өнер иесін осы қуанышымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты кеш театр фойесіндегі мерекелік шарадан басталып, театр өнерпаздары көрермен қауымға ерекше бағдарлама ұсынды. Музыкалық бэндтің сүйемелдеуімен орындалған әндер мен театрдың отыз жылдық тарихынан сыр шертетін өлең жолдары кештің сәнін кіргізді. Театр ұжымы қызыл кілеммен жүріп өтіп, жаңа маусымның ашылуын өзіндік сән-салтанатпен атап өтті.
Бұдан кейін, көрермен қауым «Он екінші күн» комедиясын тамашалап, осы спектакльдегі басты рөлдердің бірін сомдаған, сөйтіп, 86 жасын театр төрінде қарсы алып отырған қарт актрисаның өнеріне тәнті болды. Жібек Бағысованың өмір жолы театр өнерінің қалыптасуымен және дамуымен тығыз байланысты. Өзінің сахнадағы алпыс бес жылдық шығармашылық ғұмырында қайталанбас өнерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өңір мәдениеті тарихына өлшеусіз еңбек етті. Бар ғұмырын сахнада өткізіп келе жатқан актрисаның өнері мен ғибратты өмір жолын ұлықтау мақсатында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге оның сахналық жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер, естелік материалдар мен шығармашылық белестерін айғақтайтын дүниелер қойылды.
Спектакльден соң Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов қарт актрисаны туған күнімен құттықтап, өнері мен ұрпаққа берер ұлағаты үшін алғыс айтты. Театрдың отызыншы маусымының ашылуына орай, мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар өнер иелеріне түрлі марапаттар тапсырылды. Атап айтқанда, Жібек Бағысоваға Ақмола облысының құрметті азаматы, жоғары санатты актриса, театр педагогы, «Мәдениет саласының үздігі» Маржан Бөкешова Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасына, театр актері Асланбек Шайсұлтанов Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, жиында театрдың жоғары санатты актрисасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жанар Құсайынова «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл мерейтойлық медаліне ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Мырзаболатов Қазақстан театр қайраткерлері одағының Құттықтау хатын алды. Сонымен бірге, Қазақстанның жиырма өңірінен алпыс ақын қатысқан «Мөлдір өлең» республикалық ақындар байқауында Ақмола облысының намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, театрдың көркемдік жетекшісі, ақын-драматург Манарбек Қыдырбайға «Жыр жауһары» номинациясының марапаты көрермендер алдында табыс етілді.
Сол сияқты, Ақмола облыстық орыс драма театры үшін де биылғы маусымның орны бөлек. Қазан айының 9 жұлдызында театр ұжымы өзінің 50 маусымын заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің шығармасы негізінде қойылған режиссер Тимур Куловтың «Лютый» спектаклімен ашты. Салтанатты шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Меруерт Өтекешева, Қазақстанның халық әртісі, Ақмола облысының құрметті азаматы Жібек Бағысова, Николай Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Ғани Кәрімов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер Жасұлан Ерболат және басқа да мәдениет өкілдері қатысты.
Кеш барысында тәжірибелі театр майталмандары өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, отандық театр өнерін дамыту туралы өз ойларын ортаға салып, осы орайдағы жетістіктерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Осылайша, аздаған жазғы үзілістен соң өзінің сүйікті көрермендерімен қайта қауышқан қазақ және орыс драма театрлары көрерменге мазмұнды қойылымдарын ұсынып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы өзекті мәселелерді өнер тілімен жеткізе беруді қайта жалғастырып әкетті. Олай болса, театр өнері өркендеп, көрермен ықыласы арта берсін дейміз!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

