Қаламгер мұрасы ұрпаққа аманат

Мәди Хасенов – 90

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында әдебиет пен журналистика саласына елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгер, жерлесіміз Мәди Хасеновтың туғанына 90 жыл толуына орай «Мәди мұрасы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин сөз сөйледі.

Жазушының қаламдас әріптестері мен шәкірттері оның шығармашылық мұрасының рухани маңызына тоқталып, қаламгер есімін ұлықтау мен еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызын атап өтті.

Көкше топырағынан түлеп ұшқан талантты перзент, аяулы қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мәди Хасеновтің 90 жылдық мерейтойы аясында өңірдің бірқатар руханият ордаларында қаламгердің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттауға, әдеби мұрасын ұлықтауға бағытталған мән-мағынасы зор кездесулер ұйымдастырылды. Ал, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өткен «Мәди мұрасы» атты әдеби-сазды кеш мерейтойлық шаралардың қорытынды басқосуы болды. Қаламгердің қаламдас әріптестері мен шәкірттерін, зиялы қауым өкілдерін, өнер сүйер жұртшылық пен қаламгердің ұрпақтарын, туыс-туғандарын жинаған бұл кеш жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жазушы мұрасының рухани құндылығын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Шара барысында алғаш болып Досұлан Айтбаев сөз сөйлеп, қаламгердің әдебиет пен журналистика саласына сіңірген еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ, жазушының мол мұрасын сақтап, шығармаларын кейінгі ұрпаққа кеңінен танытудың маңыздылығын атап өтті.

– Мәди Хасенов әдебиет пен журналистика саласында қатар еңбек етіп, өз шығармалары арқылы заман шындығын, ел өмірін және адам тағдырын бейнелеген қаламгер. Оның артына қалдырған мұралары туған жеріміздің тарихы мен рухани өмірінен сыр шертетін құнды қазына. Сондықтан, жазушының 90 жылдық мерейтойы  оның өмірі мен еңбегін еске алып қана қоймай, шығармаларын қайта оқып, жас ұрпаққа танытуға мүмкіндік беретін маңызды оқиға болуға тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев шара барысында сөйлеген сөзінде.

Мерейтойлық шаралардың өтуіне жазушының туған бауыры Қайыркен Хасенов зор үлес қосты. Ол қаламгер мұрасын ұлықтауға арналған кездесулердің ұйымдастырылуына демеушілік жасап, игілікті бастамалардың жүзеге асуына толық қолдау көрсетті. Кеш барысында Қайыркен Хасеновтің «Мәди аға мұрасы» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Бұл еңбекті біз  жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытуға, оның есімін кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған маңызды дүние деп санаймыз.

Бұдан кейін Мәди Хасеновтің курстасы әрі әріптесі Рахия Әлібекова, ардагер журналист Бәдуан Имашев және қаламгердің шәкірті Марат Дәдікбай, белгілі балалар ақыны, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесіне қатысты естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Басқосу барысында сөз алғандар ғасырдан астам тарихы бар «Арқа ажары» газетінің бастауында тұрған «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» басылымдарының әр кезеңдегі тыныс-тіршілігіне тоқталып, бүгінгі келбеті туралы да ой қозғады. Сонымен қатар, әр жылдары осы басылымдарда Мәди Хасеновпен бірге қызметтес болған шақтарын еске алып, қаламгердің кәсіби шеберлігі, азаматтық болмысы мен әріптестері арасындағы беделі туралы жылы лебіздерін жеткізді. Естеліктерге толы бұл сәттер дүркіреп өтіп жатқан кештің шырайын келтіріп, қаламгердің әріптестері мен шәкірттері жадында сақталған жарқын бейнесін қайта жаңғыртқандай әсер берді.

Содан соң әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің профессоры Сәбит Жәмбек те сөз алып, Мәди Хасеновтің шығармашылық мұрасы туралы ой-толғамын ортаға салды. Ғалым қаламгер туындыларының әдебиеттегі орнына тоқталып, оның шығармаларында көрініс тапқан өмір шындығы мен адам болмысының көркемдік сипатына назар аудартты. Сондай-ақ, жазушының әдеби мұрасын тереңірек зерттеп, кейінгі ұрпаққа кеңінен танытудың маңызын атап өтті.

Кештің мән-мағынасы филармония ұжымының дайындаған музыкалық және көркемөнерпаздық бағдарламаларымен де ажарлана түсті. Сахна төрінде «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі өнер көрсетіп, ұлттық өнердің бояуын қанықтырды. Сондай-ақ, «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, Саида Сағди және зеренділік әнші Мұратқазы Абу әсем әндерін тарту етті. Әуезді ән мен мың бұралған би үйлесім тапқан бұл өнер шашуы кештің рухани мазмұнын байытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сол күні түске дейін Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайындағы қалалық үлгілі кітапханада Мәди Хасенов атындағы оқу залының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қаламгердің есімін ұлықтап, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға арналған шараның құрметті сәтінде ардагер журналист, Мәди Хасеновтың курстасы әрі әріптесі Рахия Нысанқызы Әлібекова мен жазушының ұлы Алмас Хасенов оқу залының ашылу лентасын қиды. Сөйтіп, мұнда да қаламгер рухына тағзым етіліп, оның өмірі мен шығармашылығын танытуға, құнды мұрасын сақтап, оқырманға кеңінен жеткізуге бағытталған жаңа рухани орданың есігі ашылды.

Оқу залының ашылу салтанатында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен сөз болды. Жазушының әріптестері мен шәкірттері естеліктерімен бөлісіп, оның азаматтық келбеті, кәсіби ұстанымы мен қаламгерлік қарымы туралы ойларын ортаға салды. Ал, Мәди Хасеновтың бауыры Қайыркен Хасенов пен туысы Көшек Сәменовтің отбасы мүшелерінің жүрекжарды лебіздері басқосуға ерекше жылылық сыйлады.

Жаңа оқу залында жазушының жеке заттары, қолжазбалары, жарық көрген кітаптары мен мерзімді басылымдарда жарияланған құнды материалдары топтастырылыпты. Кітапхана меңгерушісі Гүлжанар Нұрланқызы қонақтарды залдың мазмұнымен таныстырып, ондағы негізгі бөлімдердің мән-маңызын түсіндірді. «Қаламгердің жұмыс үстелі», «Өмір жолы – өнеге», «Шығармашылық мұра» атты бөлімдер жазушының өмір белестерін, шығармашылық ізденістерін және оқырманға қалдырған әдеби қазынасын танытуға арналды. Ал, Әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылған «Жақсыдан қалған жәдігер» көрмесіне жиналған қауым назарына жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар ұсынылды. Көрме қаламгердің әдеби мұрасын, шығармашылық тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Осылайша, Ақмола өңірінде жоғары деңгейде аталып өткен жазушы Мәди Хасеновтың 90 жылдық мерейтойы қаламгер есімін ел жадында жаңғыртып, оның мол мұрасын ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналды. Өнегелі өмірі мен өрісті шығармашылығы арқылы кейінгі ұрпаққа рухани азық қалдырған қаламгердің еңбегі ел жадында мәңгі сақталып, ұлттық руханиятымыздың құнды қазынасы болып қала бермек.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: «Мәди аға мұрасы» кітабының тұсауын кесу және жазушы атындағы оқу залының ашылу сәті.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар