Үш баласын жалғыз жеткізген тынымсыз жан

Еңбек — ел мұраты  

Степногорск подшипник зауытының станокшысы Константин Валериевич Башкиров елордада өткен «Еңбек – ел мұраты»  республикалық форумында «Құрмет» орденімен марапатталды. Көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін берілген мемлекеттік награданы иесіне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов табыстады.

Константин Башкиров аталған зауытта ұзақ жылдардан бері қанат жазбай еңбек етіп келеді. Ол металл бөлшектерін өңдейді, жабдықтарды жөндеуге қажетті тетіктерді жасайды. Оның жұмысы өндірістік желілердің үздіксіз жұмыс істеуіне көмектеседі. Өз ісін жақсы білетін маман үшін әр бөлшектің сапалы әрі дәл жасалуы үшін асқан қырағылық танытып келеді.

Константин Валериевич 1965 жылы Ақсу кеңшарында дүниеге келген. Әкесі Валерий Михайлович Удмуртиядан Қазақстанға қоныс аударып, РУ-2 мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істеген. Анасы Раиса Александровна пошта саласында еңбек етіп, кейін пошта бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Сегізінші сыныпты бітірген соң, Константин электрик болуды ойлаған. Алайда, бұл мамандық бойынша оқу топтары толып қалғандықтан, ағасының кеңесімен фрезерші кәсібін таңдап, 1983 жылы Степногорск қаласындағы №27 кәсіптік училищені тәмамдады. Ол училище қабырғасында сызу мен арнайы технология пәндерін жақсы меңгергендіктен, оқу орнын төртінші разрядпен бітірді. Сөйтіп, алғашқы өндірістік тәжірибесін Степногорск подшипник зауытының құрал-сайман цехында Владимир Марчуктің жетекшілігімен өтті. Жас маман үшін бұл үлкен тәжірибе мектебі болды.

Одан кейін әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста, Хабаровск маңында әскери борышын өтеді. Әскерде танк атыс нүктелерінің көздеушісі болып, 1986 жылы әскерден оралған соң, туған қаласында қалуды жөн көріп, зауытқа жұмысқа орналасады. Бастапқыда фрезершіге бос орын болмағандықтан, сегіз айға жуық слесарь- жөндеуші болып жұмысқа тұрады. Бұл жұмыс оған станоктар мен өндірістік жабдықтардың құрылысын жақсы түсінуге көмектеседі. Кейін Александр Найбауэрдің шақыруымен тегістеу учаскесіне ауысып, міне, содан бері Константин Валериевич зауытта түрлі станоктармен жұмыс істеп, тәжірибе жинап келеді. Кәсіпорынның бұрынғы цех басшысы Вячеслав Умнов оның бірнеше станокты еркін меңгергенін байқап, кең бейінді станокшы атануына ықпал еткен. Ал, қазір Константин Башкиров төрт станокта жұмыс істейді. Олардың қатарында тік және көлденең фрезерлік станоктар, сондай-ақ, Германияда шығарылған жабдықтар бар. Бұл станоктар металл бөлшектерін қажетті өлшемде дәл өңдеуге мүмкіндік береді. Станоктарда компьютерлік басқару жүйесі болмағандықтан, жұмыстың сапасы маманның тәжірибесіне, өлшемді дұрыс алуына және құралдарды ұқыпты пайдалануына байланысты. Ал, әр миллиметрдің өлшемін білетін Константин Валериевич үшін бұл аса қиын жұмыс емес. Ол зауыттың түрлі учаскелеріне қажетті бөлшектерді дайындайды. Мәселен, тасымалдау желісіндегі тізбектің орнынан көтеріліп кетпеуіне көмектесетін металл бағыттағыштарды өңдейді. Мұндай бөлшектер өндірістік желінің бірқалыпты жұмыс істеуі үшін қажет. Сонымен қатар, токарь-термиялық цехтың суппорттарына арналған қола сыналарды жасайды. Алты бөлшектен тұратын бір партияны дайындауға екі жұмыс күні кетеді екен. Алдымен, қажетті өлшемдерді анықтап, дайындаманы әзірлейді. Келесі күні оны белгіленген бұрышпен дәл өңдейді. Шебердің жұмысы жаңа бөлшектер жасаумен ғана шектелмейді. Ол ескі, бүлінген тетіктерді де қалпына келтіреді. Мысалы, дәнекерлеу арқылы жөнделген біліктің тістерін қайта өңдеп, оны әрі қарай пайдалануға жарамды етеді. Станоктағы арнайы құрылғы бөлшекті 400 бөлікке дейін дәл бөлуге мүмкіндік береді. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар да кездеседі. Кейде әкелінген дайындама дұрыс кесілмегендіктен, оны станокқа бекітудің өзі қиынға соғады. Ал, кейбір станоктардың құрылысы жылдар бойы өзгертілгендіктен, бұрынғы сызбалар ондағы жұмысқа сәйкес келмей жатады. Мұндай жағдайда Константин Валериевич қажетті өлшемдерді өзі тексеріп, бөлшекті станокқа лайықтап өңдейді. Ол жұмыстың сапасына нұқсан келтірмей, мәселенің шешімін табуға тырысады. Тәжірибелі маман өндірістегі ақаулардың алдын алуға да көңіл бөледі. Мәселен, подшипник сақиналарын станокқа тартатын ілмектердің тез тозатынын білгендіктен, олардың қосалқы бөлшектерін алдын ала жасап қояды. Осылайша, жабдықтың тоқтап қалу қаупін азайтады.

Расында да байқап отырсақ, кең бейінді станокшының жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр бөлшектің өлшемі дәл болуы керек. Бір ғана қателік өндірістік жабдықтың жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, бұл мамандықта тәжірибе, мұқияттылық және шыдамдылық аса маңызды. Бүгінде зауыттың бас механигі қызметінде осындай мамандардың үшеуі ғана қалған. Жастардың бұл кәсіпке қызығушылығының төмендеуі тәжірибелі жұмысшылардың орнын басатын мамандар даярлау мәселесін өзекті етіп отыр. Цех басшысы Юрий Логинов Константин Башкировтың тәжірибесін жоғары бағалайды. Ол білікті маманның зауытта әлі де еңбек ете бергенін қалайды. Константин Валериевичтің бұрынғы шәкірттерінің бірі Дмитрий Белый да ұстазы туралы жақсы пікір айтады. Қазір ол құрал-сайман цехында жұмыс істейді.

– Константин Валериевич – ақкөңіл, әрдайым айналасындағыларға жылы сөйлеп, еңбекқорлығымен ерекшеленген жан. Біздің зауытта осындай деңгейі жоғары мамандар аз қалды. Сондықтан, оларды бағалауымыз керек, – дейді Дмитрий.

Әріптестері де Константин Башкировты қарапайымдылығы, сабырлылығы және өзгелерге көмектесуге дайын тұратыны үшін құрметтейді. Ол үшін жұмысты сапалы орындау ғана емес, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу да маңызды.

Константин Валериевичтің өмірінде отбасының орны да ерекше екен. Жұбайы Таня зауыттың үшінші шағын ауданындағы балабақшада жұмыс істеген. Алайда ауыр науқастан жары ерте қайтыс болыпты. Сол кезде олардың үш баласы әлі кішкентай еді. Қызы Ира 1989 жылы, Лена 1990 жылы, ал, ұлы 1991 жылы дүниеге келген. Жұбайынан айырылған соң, Константин үш баласын жалғыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының адал, тәрбиелі, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай білетін азамат болып қалыптасуына күш салды. Қызы Лена да бір кездері әкесінің жолын жалғап, зауытта тегістеу учаскесінің операторы болып жұмыс істеген. Бүгінде үш баласы да Степногорск қаласында тұрады.  Константин Валериевич бос уақытында немерелерімен уақыт өткізіп,  саяжайына жиі барғанды ұнатады. Сонымен қатар, ол 83 жастағы анасы Раиса Александровнаға қамқорлық көрсетіп келеді. Жұмыс пен отбасы алдындағы жауапкершілікті қатар алып жүрген ол өмірдегі ең маңызды құндылықтарды бағалай біледі. Өмір жолында түрлі қиындықтарды бастан өткергенімен, Константин Валериевич өз тағдырына өкпелі болуды құп көрмейді. Одан өмірін қайта бастауға мүмкіндік болса, нені өзгертер едіңіз деп сұрасаңыз «Жоқ. Маған бәрі жеткілікті» деп жауап береді.

Бүгінде мемлекеттік жоғары марапатқа ие болған Константин Башкировты зауыт ұжымы да құттықтап, әріптестері өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі маман әрі кейінгі буынға үлгі боларлық еңбек адамы ретінде құрметтейді. Бұл алған «Құрмет» ордені оның көп жылғы еңбегіне көрсетілген жоғары құрмет. Бұл марапат өндіріс саласында адал еңбек етіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүрген мамандардың қоғам үшін маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Кез келген кәсіпорынның табысты жұмыс істеуі заманауи жабдықтарға ғана емес, сол жабдықтарды меңгерген білікті мамандарға да байланысты. Сондықтан, Константин Башкиров секілді тәжірибелі жұмысшылардың білімін сақтау, олардың тәжірибесін жас мамандарға үйрету маңызды міндет. Еңбек жолын қарапайым маман ретінде бастаған Константин Валериевич бүгінде өзінің кәсіби шеберлігімен танылып, мемлекеттік наградаға ие болып жатса,  бұл оның өмір жолы өз ісіне адалдықтың, табандылықтың және маңдай термен келген еңбектің еленгендігін көрсетеді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар