Әр жүректе басылмайды сағыныш

Ауыл – ел бесігі

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді халқымыз. Тәуелсіздігімізді алғалы қоғам өзгерді, нарықтық қарым-қатыныстарға көшуімізге байланысты заңдар қазір да басқа. Бұрынғы уақытта ауыл шаруашылығын дамытамыз деп әр кеңшарда ашқан бөлімшелер шағын ауылдар болғандықтан, нарыққа төтеп бере алмай жабылып қалды.

Соның бірі бұрынғы Сілеті ауданының орталығынан 7 шақырым жерде орналасқан Киікбай ауылы. Кезінде мұнда жүзден аса отбасы тұрды. Халқының басым бөлігі қазақтар болғандықтан, басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлейтін. Ұлтымыздың жақсы қасиеттері толық сақталып, ынтымағы жарасқан елді мекен еді.

Аудан орталығы болған Сілеті ауылы кезінде жинақы, халық тұрмысына ыңғайлы болды. Су және жылу беру жүйелері орталықтандырылған, тұрғын үйлер қыста тұруға ыңғайлы, жылы болатын. 1995 жылы Сілеті ауданы таратылатын болды деген сөз шыққаннан ауылдың кейбір азаматтары Ақмола, Степногорск қалаларына қоныс аудара бастады да, олардан босаған үйлерге Киікбай бөлімшесінің тұрғындары көшіп келе бастады. Сөйтіп, төрт-бес жылдың ішінде жан-жаққа кеткен Киікбай ауылында ешкім қалмады. Бірақ, бұрынғы ауыл халқы бір-бірін ұмытқан жоқ, өзара жақсы араласып жүрді. Кездесе қалса, шұрқырай амандасып, ауылдың, ондағы қызық шақтарын еске алып, сағыныштарын басатын.

Сол сағыныштың әсерімен биыл жазда Сілеті ауылында ел азаматтары С.Жетенов, Т.Құсайынов, К.Бәйкеновтердің ұйымдастыруымен бұрынғы Киікбай тұрғындарының кездесуі болды. Жан-жақтан жиналған жерлестерінің ортасында жүздері жарқырап, Гайбельдер отбасының балалары да жүрді. Жиналғандар жергілікті зиратка барып, аруақтарға арнап құран оқытып, Сілеті ауылының мешітінде ас берді. Киікбай ауылының орнына барып, өздерінің ой-тілектерімен бөлісті. Төлеутай қажы:

– Мен қазір тоқсан жасқа келіп қалдым. 1964 жылы «Сілеті» совхозы ашылып, орталығы Киікбай ауылы болып бекітілді. Мені жас маман ретінде құрылыс инженері қызметіне тағайындады. Жан-жақтан мамандар мен жұмысшылар келе бастады. Осы жерде отырған тұрғындардың бәрінің ата-аналарымен бірге қызмет атқардық. Ауылымыз шағын болғандықтан, бәрімен ағайын-туыстай араласып кеттік. Жаңа ұйымдасқан шаруашылық болғаннан кейін жұмыс та көп. Бірақ, ол кезде жаспыз ғой, ойын-тойға да уақыт табамыз,  жұмысты да істейміз. Бірінші басшымыз Балақұл Исентаев деген азамат болды. Әр саланы басқарған Кәкен Сатылғанов, Қапан Ержанов, Құсниден Байкин, Олжабай Бәйкенов деген мамандармен бірге біз де елді көтерістік. Совхоз құрылған жылы бізден 80 шақырым жерде Степногорск қаласы да салына бастады. Оған суды бізден 7 шақырым жердегі Сілеті өзенінен тартатын болды, ол үшін өзен бойына бөгет жасап, оны жерді гидроузел деп атады. Кейін ол жер «Сілеті» совхозының орталығы болды. 1974 жылы Сілеті ауданы ашылып, орталығы Сілеті ауылы болып бекітілді. Міне, осыны еске алғызып отырған бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын. Сіздерді көріп, тұтас бір дәуірім көз алдымнан өткендей көңілім көтеріліп, бір жасап қалдым, – деді. Ол кісіден кейін сөз алған Нұрмұқан ағаның да біраз айтары бар екен.

– Мен де сексенге келіп қалдым, – деп бастады ол кісі сөзін. –Сол кездегі бірлік, ынтымақ, өзара сыйластық шүкір, әлі де бар. Былтыр қараша айында Сілеті ауылындағы мешітте өрт шығып, біраз шығын болды. Сол кезде хабарласқанымызда ауыл азаматтары бірігіп, асхананың төбесін жаңадан жаптық деді. Соны Өмірсерік Ержанов екеуіміз арнайы барып көрдік. Міне, сонда қазіргі жастарымыздың да әкелері сияқты бірігіп, елге қызмет жасағанының куәсі болдық. Қарашаның суығында қыста қар кіріп кетпесін деп, шатырды ашып, қайта жөндеу оңай жұмыс емес. Ол жерде ешкім жалақы төлемейді, әрі кұрылыс материалдарын да өз ақшаңа сатып алуың керек. Киікбай ауылының Бауыржан Жолдыбайұлы, Талғат Исабаев, Жәканай Ермағамбетов сияқты біраз азаматтар ешкімнен нұсқау күтпей, өз еріктерімен осы жұмысты уақытында ұйымдастыра білді. Күн жылынған соң басқа азаматтар да бірігіп, мешіттің қалған жұмысын қалпына келтірді.

Иә, жақсы сөзге жан сүйсінеді. Мұндайда әркім өз көкейіндегісін, жүрегіне жақын тұтқан жайларды ортаға салатыны белгілі. Солай демекші, Тоқтарбай Ержанов та мектепті 1969 жылы бітіріп, сол кездегі жастарды ауыл шаруашылығына жұмысқа тарту талабы бойынша құрдастары Жолдыбай Исенов, Нұрғазез Мусин, Асылхан Иманбаевпен бірге бір табын сиыр алып, екі жыл бойы комсомол-жастар тобында жұмыс істегендері туралы айтып берді. Қазіргі күні сол жастар жетпістен асып, немеренің қызығын көріп отыр, шөберелі болғандары да бар. Киікбай ауылы үлкен болмағанымен, жастар сол жылы ұядан таудай тәрбие алып, ат жалын тартып мініп, жақсы жетістіктерге жеткеніне талайлар куә.

Осылай жалғасқан кездесуде жасы үлкендер бүгінгі кездесуден көңіліміз бір жадырап-жасарып, алтын бесік – ауылдарын қимай, солай болғанына ара-арасында қатал заманға, әріден ойламаған Үкіметке реніштері де бой көрсетіп, бір-бірін қимай тарқасты. Біздің байқағанымыз, әр жүректе туған ауылдарына сағыныштары басылмаған, көңілдері «Киікбайым, қимасым» деп толқиды. Осы сезім өзге де тараған ауылдардың тұрғындарына тән қасиет екендігіне дау жоқ. Құдіреті күшті алтын бесік – ауылдарымыз-ай, десейші!..

Дәулет ЕРЖАНОВ.

Ерейментау ауданы.

Сурет ult.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар