Құрметті отандастар!
Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, тәуелсіздікке бастар маңызды қадам болды. Сондықтан Республика күні – елдігімізді айқындайтын, мемлекеттілігіміздің бастауларын еске салатын ерекше мереке.
2009 жылы мемлекеттік мерекелер қатарынан алынған бұл күннің мәртебесі 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қайта қалпына келтірілді. Бүгінде Республика күні – Қазақстанның бірлігі мен тұтастығын, тәуелсіздікке деген құрметін және ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін бірегей ұлттық мереке.
Биылғы Республика күні еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғамдық-саяси жаңғыру жолында маңызды қадамдар жасады. Бұл өзгерістердің барлығы елдің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Мемлекеттің қуаты оның экономикалық жетістіктерімен ғана емес, рухани байлығымен, мәдениетімен және ұлттық құндылықтарымен де өлшенеді. Мәдениет – халықтың тарихи жадын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан ұлттық өнерімізді дәріптеу, салт-дәстүрімізді сақтау, рухани мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
Еліміздің өркендеуі мен қоғамның бірлігі әр азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігінен, адал еңбегі мен ортақ іске қосқан үлесінен басталады. Отанға қызмет ету – тек сөзбен емес, нақты іспен, жауапкершілікпен және жанашырлықпен көрінетін қасиет.
Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Еліміз тыныш, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстанымыздың абыройы асқақтап, көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Республика күні құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Сәбитова Айгүл Баубекқызы,
«Мәдениет саласының үздігі», мәдениет саласының қайраткері
![]()

