Қалаға жарық беру жақсартылды

Игі бір іс

Көкшетау қаласында қуаттылығы 110/10 кВ «Құлагер» қосалқы станциясын жаңарту жұмыстары аяқталды.

«Көкшетау Энерго» ЖШС-інің құрылымдық бөлімшесі – Көкшетау қалалық электр желілері тарапынан ескірген тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясындағы бұл жұмыс екі кезеңмен жүргізілді.

Көкшетау қалалық электр желілерінің бас инженері Нұрлан Жүнісовтың айтуынша, 1974 жылы пайдалануға берілген қосалқы станция қаланың  бүгінгі даму қарқынына сәйкес келмейтін болған. Осыған байланысты 2025 жылы қалалық әкімдікпен бірлесіп, оның қуатын арттыру туралы шешім қабылданды. Жаңарту жұмыстарына қажетті қаражаттың бір бөлігін жергілікті атқарушы органдар бөлсе, қалған шығындарды «Көкшетау Энерго» ЖШС өз мойнына алды.

Нәтижесінде 2025 жылы «Құлагер» қосалқы станциясында (бұрынғы атауы – «Мясокомбинат») күштік трансформаторлары қуаты жоғары ТДН-16000 кВА трансформаторларына ауыстырылды. Соның нәтижесінде қосалқы станцияның белгіленген қуаты 1,6 еседен астам артты. Бұл өсіп келе жатқан жүктемелерді қамтамасыз ету үшін қосымша қуат қорын қалыптастыруға және тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Жаңартудың екінші негізгі кезеңі 2026 жылдың үлесіне тиді. Бұл жолы ашық тарату құрылғысы мен жабық тарату құрылғысын ауқымды қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, негізгі коммутациялық жабдықтарға техникалық қайта жарақтандыру жасалды.

10 кВ кернеулі сыртқы қондырғыны ауыстыру барысында қосалқы станцияның тарату бөлігі жаңартылып, релелік қорғаныс пен екінші реттік тізбектер ауыстырылды. Сондай-ақ, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Жүргізілген жұмыстар коммутациялық жабдықтардың сенімділігін, персоналдың қауіпсіздігін және электр желісінің пайдалану тұрақтылығын арттыруға жағдай туғызды.

Бүгінде «Құлагер» қосалқы станциясы Көкшетау қаласының электр желілік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі болып табылады. Одан тарайтын 10 кВ желілері қала тұтынушыларының едәуір бөлігін, соның ішінде Шығыс өнеркәсіптік аймағының аумағын, Автогородок шағын ауданының халық тығыз қоныстанған көшелерін, Боровской, Юбилейный, Бейбітшілік шағын аудандарын электр қуатымен жабдықтайды.

«Көкшетау Энерго» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, трансформаторлық қуатты арттыру облыс орталығының ертеңгі дамуына қолайлы жағдай жасайды. Бұл тұрғын үйлер салуға, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамытуға және жаңа кәсіпорындарды іске қосуға жақсы мүмкіндік деген сөз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар