Ауыл шаруасы
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның биылғы астықты сатып алу бағасы Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнеркәсібі салалық кеңесінің кезекті отырысында үлкен әңгіменің өзегіне айналды.
Отырысқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасеновтың мәліметінше, өңір күзгі дала жұмыстарының мәресіне жақындап қалды. Бүгінгі таңда аграршыларымыз гектарынан орташа есеппен 14 центнерден өнім алып, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды толық дерлік орып жинады. Толайым өнім көлемі әзір 5,7 миллион тоннаны құрады. Ақмолалық диқандардың айрықша мақтанышы өнім сапасы болып отыр. Жиналған бидай өнімінің 90 пайызға жуығы 3-сыныпты бидайға тиесілі, оның 70 пайызы «Hi-Pro» санатындағы жоғары ақуызды премиум дән. Майлы дақылдарды жинауда көзделген меже еңсерілуге таяп, жарты миллион тоннадан астам майлы дақыл тұқымы бастырылды. Өңірдегі 67 элеватор мен 264 дән кептіргіштен тұратын инфрақұрылым жүктемені толық көтеріп тұр, ал, 2027 жылғы өнімге арналған тұқым қоры 100 пайыз әзірленді.
–Ақмола облысының аграршылары үшін күз астықты уақытылы жинап алу, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сатып алу бағасы, қаржыландыру, сақтандыру, егінді сақтау, 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына әзірлік сияқты қордаланған мәселелерді шешу, сараптау кезеңі. Бүгінгі диалог өзекті сауалдарды саралап қана қоймай, өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге септігін тигізетін нақты ұсыныстар мен шешімдерді тұжырымдауға мүмкіндік береді деп сенемін, – деп атап өтті өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Рақышев.
Күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша Азық-түлік корпорациясының сатып алу тарифтерін талқылау болды. Бұл бағдарламаға ұлттық оператор биыл 32 миллиард теңгеге жуық қаражат бағыттаған. Нарықтағы маусымдық бағаның төмендеуі тұсында мемлекеттік бағалар фермерлердің табыстылығына кепілдік беріп, демпингтен қорғайтын қалқанға айналуы тиіс.
Өнімнің тоннасына белгіленген баға келесідей: клейковинасы жоғары 3-сыныпты бидайдың әр тоннасы 115 мың теңгеден өткізіледі, 3-сыныпты стандартты партиялар 92-96 мың теңгеге бағаланады, ал, 4 және 5-сыныпты қатардағы бидай 75 мыңнан 82 мың теңгеге дейінгі бағаға белгіленді. Қатты бидайдың тоннасы 90 мың теңгеден, ал, 2-сыныпты арпа 75 мың теңгеден қабылданады.
Егін мен бағадан бөлек, отырысқа қатысушылар шаруашылықтардың экономикасына тікелей әсер ететін өзге де өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында егістік алқаптарын киіктердің таптауынан қорғау, Dalaway сандық сауда платформасын енгізу, агросақтандыруды жетілдіру және 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру механизмдеріне көшу бар.
Кездесу қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы артық көлік шығындарын болдырмау үшін облыстың шалғай аудандарындағы астық қабылдау кәсіпорындарын Азық-түлік корпорациясының уәкілетті элеваторлар желісіне енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, бейінді басқармаға келесі ауыл шаруашылығы маусымында қайталанбауы үшін биылғы орақ науқанында туындаған жүйелі мәселелер тізілімін қалыптастыру тапсырылды.
– Аграрлық сектор – облыс экономикасының діңгегі. Біздің міндетіміз логистика мен баға саясатындағы қиындықтарды жай ғана тіркеп қою емес, бизнестің корпорациямен және мемлекеттік органдармен тікелей әрі тиімді байланысын жолға қою болып табылады. Уәкілетті элеваторлар желісін кеңейтуден бастап, 2027 жылғы орақ науқанын ерте қаржыландыру тетіктеріне дейінгі айтылған барлық мәселелерді палата өңір фермерлерін қолдау мақсатында өз бақылауы мен сүйемелдеуіне алады, – деп түйіндеді қорытынды сөзін Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ақылбек Смағұлов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

