Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты кезекті жыл сайынғы Жолдауын арнады. Жолдаудың тарихи-саяси мәніне тоқтала келе, Президент сөзінің кіріспесінде Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанына назар аударды. Биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аталып өтуде. Сондай-ақ, жаңа Конституцияның қабылдануы мен мемлекеттік институттардың жаңғыруы елдің саяси дамуындағы маңызды өзгерістер ретінде көрсетілді. Мемлекет басшысы тәуелсіздік пен егемендікті қорғау мәселелері әлі де өзекті екенін айтып, елдің алдағы міндеттерін орындауда қоғамдық татулық пен келісімнің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, халықаралық ахуал және ұлттық қауіпсіздікке де тоқталып өтті.
Жолдауда қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа, халықаралық құқықтың әлсіреуіне және мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысына назар аударылды. Президент халықаралық қатынастардың күрделенуі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту міндетін өзекті ете түсетінін айтты. Бұл бағыттың негізгі мәселелері: ұлттық мүдделер мен мемлекеттік егемендікті қорғау; халықаралық өзгерістерге бейімделу; ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау; елдің экономикалық және технологиялық дербестігін күшейту.
Сонымен қатар, Президент әрбір ірі қалаға Үкімет бекітетін орта және ұзақ мерзімді даму жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, қалалық инфрақұрылымның цифрлық сыңарын жасау қажеттігі айтылды. Мұндағы мақсат – қала ресурстарын тиімді басқару, қауіпсіздікті арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.
Бұл міндет Ақмола облысы үшін де маңызды. Көкшетаудың дамуын тек тұрғын үй құрылысы немесе жол жөндеумен шектемей, көлік жүйесі, су және жылумен жабдықтау, әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер мен экологиялық жағдайды өзара байланыстыра жоспарлау қажет. Көлік инфрақұрылымы және транзиттік әлеует те назар аударуды қажет етеді.
Президент Қазақстанның барлық өңірін байланыстыратын теміржол және автомобиль жолдарының тұтас желісін дамыту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, солтүстік өңірлерге қатысты «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту міндеті аталды. Сонымен қатар, Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалындағы отандық кәсіпкерлердің үлесін арттыру және ұлттық транзиттік әлеуетті нығайту мәселесі көтерілді. Бұл тапсырманың өңірлік маңызы зор: жол сапасының жақсаруы жүк тасымалын, сауда айналымын, туризмді және ауданаралық байланысты дамытуға ықпал етуде.
Жолдауда электр энергиясының жеткіліктілігі экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық дамудың маңызды шарты ретінде қарастырылды. Президент жаңа электр өндіруші қуаттарды іске қосу мерзімдерінің кешігуіне және қысқы кезеңде электр энергиясын сырттан қымбат бағамен сатып алу мәселесіне сын айтты. Осы мәселелер аясында: энергетикалық жобаларды уақтылы аяқтау; электр қуатын өндіру мүмкіндіктерін кеңейту; энергетика саласындағы кәсіби кадрларды даярлау; өндіріс пен инфрақұрылымның энергиямен тұрақты қамтылуын қамтамасыз ету маңызды. Президент Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мен оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс екенін баса атап өтті. Қаражат қоғамға пайдалы, экономикалық және әлеуметтік қайтарымы бар жобаларға жұмсалуы қажет.
Жолдауда өңірлерде денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу мәселесі де қозғалды. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесін салу жоспарланған. Мұның басты өлшемі – бөлінген қаражаттың игерілуі ғана емес, салынған нысандардың халыққа нақты пайда әкелуі.
Ендігі ірі бағыт ол – Әлеуметтік инфрақұрылым және халықтың өмір сапасы. Жолдауда елдің барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Президент денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті жан-жақты зерттеп, тиісті талдау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл бағыттың нәтижесі мына көрсеткіштермен бағалануы мүмкін: ауылдар мен қалалардағы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі; медициналық көмектің сапасы; мектептер мен мәдениет мекемелерінің жеткіліктілігі; спортпен айналысуға арналған жағдайлар; құрылыс сапасы мен нысандарды уақытылы пайдалануға беру.
Осы ретте ел басшысы Халықтық экономиканы дамыту мәселесін көтерді. Ол дегеніміз, халықтың табысын арттыру – жалақының өсуі, тұрақты жұмыс орындары және еңбек өнімділігі. Шағын және орта бизнесті қолдау – азаматтарға кәсіп ашуға, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік беру. Әділ экономикалық мүмкіндік – экономикалық игіліктердің кең ауқымды қоғамға қолжетімді болуы. Өңірлік теңгерім – ауылдар мен шағын қалалардың экономикалық әлеуетін дамыту. Әлеуметтік жауапкершілік – экономикалық саясаттың нәтижесін халықтың күнделікті өмірінен көру.
Яғни, экономиканың өсуі жалпы ішкі өнімнің ұлғаюымен ғана емес, қарапайым азаматтардың өміріндегі өзгерістермен де бағалануға тиіс. Осы ретте, Халықтық цифрлық экономика ұғымы да көңіл аударарлықтай. Бұл ұғымды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері тек ірі компаниялар мен мемлекеттік органдарға емес, қарапайым азаматтарға, кәсіпкерлерге және ауыл тұрғындарына да пайда әкелетін экономикалық жүйе ретінде қарастырған дұрыс сияқты. Оның негізгі бағыттары:
Цифрлық кәсіпкерлік: шағын бизнеске интернет арқылы тауар сату, төлем қабылдау және нарығын кеңейту мүмкіндігін беру; Қаржылық қолжетімділік: цифрлық төлемдер мен қаржы қызметтерін қауіпсіз әрі қолайлы пайдалану; Ауыл экономикасын цифрландыру: фермерлерге нарық, логистика және ақпараттық қызметтерге қол жеткізуге көмектесу; Жаңа жұмыс орындары: IT, деректерді талдау, автоматтандыру және жасанды интеллект салаларында мамандар даярлау.
Цифрлық теңдік: шалғай ауылдар мен әлеуметтік осал топтардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«Таза Қазақстан» және қалалық мәдениет туралы да нақты міндеттер айтылды.
Қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуына басымдық беру міндеті «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасымен байланыстырылды. Президент қала инфрақұрылымын тиімді басқаруды маңызды мемлекеттік міндет ретінде қарастырды. Бұл тұжырымдаманың мазмұны тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Ол қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау, табиғи ортаны қорғау, инфрақұрылымды ретке келтіру және тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілігін арттыру сияқты міндеттермен де толығады.
Менің ойымша, 2026 жылғы Жолдаудан бірнеше өзекті бағыт көрінеді: мемлекеттік жаңғыру, ұлттық егемендікті нығайту, өңірлерді дамыту, көлік пен энергетиканы жетілдіру, әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту және бюджет қаражатының тиімділігін арттыру. Қорыта келгенде айтарым, әрине, Жолдаудың нәтижесін оның тұжырымдары мен жоспарлары ғана емес, нақты орындалған тапсырмалар айқындайды. Халық үшін ең маңызды өлшем жаңа жұмыс орындарының ашылуы, табыстың өсуі, сапалы инфрақұрылымның қолжетімді болуы және цифрлық мүмкіндіктердің күнделікті өмірге пайда әкелуі. Иә, міндеттер айқын, бағыттарымыз нақты, ендігісі біздің ынта, күш-жігерімізге байланысты!
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры.
![]()

