Нақты цифрлар мен деректер – өңір дамуының айнасы

8 қараша – Мемлекеттік статистика күні

Жыл сайын 8 қарашада Қазақстан Республикасында мемлекеттік статистика күні атап өтіледі. Бұл еңбегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын статист мамандардың кәсіби мерекесі. Биыл еліміздің тәуелсіз статистика жүйесінің қалыптасқанына 35 жыл толып отыр. Бұл күннің тарихи маңызы зор.

Жалпы, 1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АКСР Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік статистика туралы ереже бекітіліп, Статистика басқармасы құрылды. Осы күннен бастап Қазақстанның мемлекеттік статистикасының тарихы бастау алады. Ғасырдан астам уақыт ішінде статистика жүйесі қалыптасу, қайта құру және даму жолынан өтіп, мемлекет пен қоғам өмірі туралы шынайы ақпараттың маңызды көздерінің біріне айналды. Алғашқы жылдары ақпарат жинау мен өңдеу жұмыстары негізінен дәстүрлі әдістермен жүзеге асырылды. Біртіндеп статистикалық байқаулардың әдістемесі жетілдіріліп, көрсеткіштер жүйесі кеңейтіліп, заманауи ақпараттық технологиялар енгізіле бастады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел экономикасында ауқымды өзгерістер басталды. Нарықтық қатынастарға көшу, бағаны ырықтандыру және жаңа экономикалық тетіктердің қалыптасуы статистикалық байқауларды ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды талап етті. Еліміздің осы қалыптасу кезеңінде статистикалық ақпараттың маңызы да ерекше артты.

Ақмола облысының статистикалық қызметінің тарихы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, оның қалыптасуы және қайта құрылу кезеңдерімен тығыз байланысты. Көптеген онжылдықтар бойы мамандар халық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да қызмет салалары туралы мәліметтерді жинап, жүйелеп, талдап келеді.

Бүгінгі Ақмола облысының статистикалық қызметі экономиканың және әлеуметтік саланың негізгі бағыттарының барлығын дерлік қамтиды. Оның көрсеткіштері өңірдің дамуын бағалауға, болып жатқан үрдістерді айқындап, өзгерістерді талдауға және тиісті шешімдер қабылдау үшін ақпараттық базаны қалыптастыруға жол ашады.

Ақмола облысының статистикалық қызметінің тарихы – ең алдымен статистиканы дамытуға бүкіл кәсіби өмірін арнаған, сол үшін адал еңбек еткен, өз білімдері мен тәжірибелерін мамандардың жаңа буынымен бөліскен адамдардың тарихы. Әр жылдары өңірдің статистика органын басқарған А.Дубовицкий, В.Макаров, Ю.Машуков, С.Хабибулин, М.Байбеков, Ю.Тян, Б.Шүлембаев, Ж.Букин және Е.Мусина облыстың статистикалық қызметінің қалыптасуына, дамуына және жетілдірілуіне өлшеусіз үлес қосты.

Олардың басшылығымен статистикалық жұмысты ұйымдастыруды жетілдіруге және осы қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Статистикалық үдерістерді механикаландыру, сол кезеңдегі заманауи ұйымдастыру техникасы мен дербес компьютерлерді енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Мұның барлығы мамандардың еңбегін едәуір жеңілдетіп, ақпаратты өңдеу үдерісін жеделдетуге және шығарылатын статистикалық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Осы жұмыстардың бәрін абыроймен іске асырған сала ардагерлері мен бұрынғы қызметкерлер ерекше алғыс білдіруге лайық. Олар көп жылғы адал еңбегімен облыстың статистикалық қызметінің жұмысына елеулі үлес қосты әрі көпшілігі бүкіл еңбек жолын осы салаға арнады.

Олардың қатарында Е.Көкенова, А.Қазыбаева, Н.Авдеева, Г.Сейдахметова, А.Қасымова, Л.Лазорская, Л.Шульгина, К.Сейтембетова, Р.Булатова, В.Шевчук, Г.Мелихова, Г.Казачева, М.Үмбетәлиева, Г.Мягкова, Л.Локштейн, З.Жакеева, Н.Шевченко, М.Джаманбаева, К.Нұрышева, Т.Барбанова, Г.Төлешова, С.Козлова және басқа да көптеген іскер мамандар бар.

Бүгінде олар еңбегінің зейнетін көріп отырған жандар. Алайда, олардың кәсіби жолы, жұмысқа деген жауапкершілігі, мамандыққа адалдығы мен жанқиярлық еңбегі қазіргі статистиктердің жас буыны үшін үлкен өнеге болып қала береді. Олардың есімдері Ақмола облысының статистикалық қызметінің тарихында мәңгі сақталады. Дәл осындай мамандардың арқасында кәсіби дәстүрлер қалыптасып, нығайып, саланың одан әрі дамуына берік негіз қаланды.

Аға буынның орнын жас, білімді және бастамашыл мамандар басып келеді. Бүгінде департамент ұжымы өзінен бұрынғы әріптестерінің ісін жалғастырып, заманауи технологияларды меңгеріп, жұмыс әдістерін жетілдіріп, ресми статистикалық ақпараттың жоғары сапасын қамтамасыз етуге ұмтылуда. Барлық статистикалық көрсеткіштердің артында ресми ақпараттың анықтығын қамтамасыз ететін мамандардың күнделікті еңбегі, кәсібилігі мен жауапкершілігі тұр.

Биыл департаменттің баға статистикасы басқармасының құрылғанына да 35 жыл толып отыр. Тәуелсіздік таңынан бастау алған Ақмола облысының баға статистикасының тарихында еңбек ардагері Любовь Васильевна Локштейн ерекше орын алады. Оның көпжылдық кәсіби еңбек жолы саланың қалыптасуы мен даму тарихының бір бөлігі болып табылады.

Осы орайда, ұжым мүшелері әр жылдары статистика саласында еңбек етіп, оның дамуына өз үлестерін қосқан, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы әріптестерін ерекше ілтипатпен және алғыспен еске алады. Олар Гүлжиян Дәулетбаева, Әлия Оразалина, Роза Қасенова, Айсұлу Боқанова, Қарлығаш Байкенова, Балқадиша Қуанышбаева және тағы басқалары. Бұл ардагерлеріміздің әрқайсысы ұжым тарихының ажырамас бөлігі.

Бүгінгі таңда осы бір жоғары кәсіби эстафетаны басқарманың қазіргі қызметкерлері өз қажыр-қайраттарымен одан әрі жалғастыруда. Қазіргі уақытта басқармаға Майра Балтакескенқызы Төлебаева жетекшілік етеді. Оның басшылығымен ұжым баға статистикасы бойынша байқауларды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі міндеттерді лайықты атқарып келеді. Бұл күнде басқармада Гүлназия Алпысова, Дархан Тоқтамысов, Әсем Дайырова, Данияр Қоныспаев, Олжас Құсайынов, Арайлым Михина сияқты білікті мамандар еңбек етуде.

Ұрпақтар сабақтастығы кез келген ұжым үшін одан әрі дамып, өсіп-өркендеу кепілі. Осы орайда, біз үшін 35 жыл – ортақ мақсат жолында бірлесіп, мемлекеттік органдарды, бизнес өкілдерін, ғылыми қауымдастықты және халықты объективті әрі шынайы статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етіп келе жатқан бірнеше буын мамандарының еселі еңбегі.

Өткен онжылдықтар ішінде баға статистикасының бағыттары едәуір кеңейді. Бүгінде ол тұтастай Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі секторларын қамтиды. Осылардың қатарында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, сондай-ақ, ақылы қызметтердің бағаларын бақылау, өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер бағасының өзгеруін зерделеу, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өндіріс құралдарының бағаларын бақылау, құрылыс саласындағы бағаларға мониторинг жүргізу, экспортталатын және импортталатын тауарлар бағасының серпінін зерттеу, тұрғын үй нарығындағы баға өзгерістерін талдау, тағы басқа бағыттар бар.

Бұл ретте, тұтыну бағаларының индексін есептеу ерекше маңызға ие. Бұл халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары мен көрсетілетін қызметтердің құны қалай өзгеретінін айқындайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің бірі. Сондықтан, оған күнделікті жұмыста мұқият назар аударылады.

Жалпы, біздің департаменттің күнделікті жұмысы шынайы статистиканың негізін құрайтын тынымсыз еңбек десек артық айтқандық емес. Соның ішінде баға статистикасы тұрақты назарды, жауапкершілікті және жоғары дәлдікті талап етеді. Осыған байланысты мамандарымыз облыс аумағындағы сауда нысандарында, қызмет көрсету орындарында және баға қойылатын басқа да нүктелерде жалықпастан күнбе-күн статистикалық бақылау жүргізеді. Онда жиналған мәліметтер бекітілген әдістемеге сәйкес департаменттің өзінде мұқият тексеріліп, өңделіп, талданады. Олардың негізінде баға индекстері есептеліп, тұтыну нарығы мен экономиканың түрлі салаларындағы өзгерістерді бағалауға және салыстыруға мүмкіндік беретін ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылады.

Кейінгі жылдары елімізде жаппай қолданысқа енгізіліп жатқан цифрландыру үрдісі біздің департаментті де айналып өтпеуде. Осыған орай, цифрлық технологиялардың дамуымен ұжымымызда бұрыннан келе жатқан статистикалық жұмыс түрлерін ұйымдастыру әдістері мен тәсілдері де айтарлықтай өзгеріп отыр. Атап айтқанда, деректерді жинау мен өңдеуді автоматтандыру, электрондық ақпараттық жүйелерді пайдалану біз қамтамасыз ететін статистикалық ақпараттың жеделдігін, сапасын және қолжетімділігін арттыруға игі ықпал етуде.

Әрине, мұндайда әрбір цифрдың артында облыс басшылығы мен еңбеккерлерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсап келе жатқан үлкен еңбегі тұр. Осылай дегенде, қазіргі статистиканың да мәні мен маңызы, қажеттілігі мен қолданыс жиілігі арта түскен. Статистика дегеніміздің өзі бұл күнде жай ғана сандық деректерді жинау мен өңдеу емес. Бұл жоғары кәсіби білімді, мұқияттылық пен объективтілікті әрі жоғары дәлдікті талап ететін күрделі де жауапты қызмет. Осы жауапкершілігі мол, ұшқырлық пен қателеспеуден тұратын қажетті жұмыста біз жоғарыда еңбектерін атап өткен әрбір қызметкеріміздің жоғары кәсібилігіне арқа сүйейміз. Айта берсек, біздің статистика қызметінің мамандары күн сайын үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істейді, статистикалық байқаулар жүргізеді, келіп түскен мәліметтердің дұрыстығын тексереді, көрсеткіштерді талдайды және пайдаланушыларды сапалы статистикалық деректермен қамтамасыз етуден бір тынбайды.

Бұл жұмыста біз ерекше атап көрсетіп отырған баға статистикасы маңызды орын алады. Өйткені, осы орайда департамент тарапынан жүргізіліп жатқан азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, ақылы қызметтердің, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс өнімдері бағасының өзгеруін бақылау жұмысы әрі қарай баға үдерістерін қадағалауға, тұтыну нарығының серпінін бағалауға және инфляциялық үрдістерді талдауға мүмкіндік береді. Ал, мұның бәрінің нәтижелері мен қорытындылары облыс бойынша ағымдағы жағдайды білу және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын айқындау үшін өте-мөте маңызды. Біздің қазіргі деректеріміз бен цифрларымыздан Ақмола облысының серпінді дамып келе жатқаны байқалуда.

Бұл күнде жоғарыда айтқан технологиялық өзгерістерге қарамастан, біз үшін статист мамандығының басты қағидаттары өзгеріссіз қалып отыр. Ол өз жұмысымыздағы объективтілік, шынайылық пен тәуелсіздік және жауапкершілік.

Құрметті статистика саласының қызметкерлері, алда келе жатқан төл мерекелеріңіз құтты болсын! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік статистика күні күнделікті қажырлы еңбегімен осы саланы дамытуға лайықты үлес қосып жүрген барша қызметкерлерге шынайы ризашылығымызды жеткізетін жарқын сәт. Осы қуаныш үстінде сала ардагерлеріне көп жылғы адал еңбегі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі және Ақмола облысының статистикалық қызметінің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін ерекше алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі сала қызметкерлеріне де ізгі ниетіміз бен тілегіміз осы.

Әрдайым денсаулықтарыңыз зор, отбастарыңыз аман болып, бұл өмірде тек жақсылық көріңіздер. Еңбектеріңіз қашанда сұранысқа ие болып, лайықты бағалансын! Жинақтаған тәжірибелеріңіз, білімдеріңіз бен кәсіби дәстүрлеріңіз Ақмола облысы мен бүкіл Қазақстан статистикасының одан әрі дамуына қызмет ете берсін!

Расул ЕРҒАЛИЕВ,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар