Степняк қаласы жаңару үстінде

Уран өндіру және оны өңдеумен айналысатын, Біржан сал ауданының 400-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отырған «Семізбай-U» компаниясы Біржан сал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда.

Биыл компанияның негізгі серіктестері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және CGN Mining Company Limited өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін өз еншілес кәсіпорнына шамамен 1,2 миллиард теңге бөлді.

Негізгі жобалардың бірі – аудан орталығы Степняк қаласындағы жаңа мемлекеттік рәміздер алаңында, аудандық әкімдік ғимаратының маңында орналасқан қалалық Ту тұғырының айналасын абаттандыру жұмыстары болды. Бұл жұмыстар Республика күні қарсаңында аяқталды.

– «Семізбай-U» ЖШС өзінің әлеуметтік жауапкершілік бастамалары аясында өңірімізді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Жалпы алғанда, тоғыз жобаны іске асыру жоспарланған. Мердігерлер ту тұғыры орнатылатын аумақта тәулік бойы жұмыс істеді, енді бұл жер Степняк қаласының тұрғындары үшін маңызды орталыққа айналады, – деп атап өтті Біржан сал ауданының әкімі Бауыржан Қасенов.

Жергілікті тұрғындар қалалық орталықтың жанданып, абаттандырылғанына шын жүректен қуанышты.

– Біз жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуге көбірек көңіл бөлуіміз керек деп санаймын. Ал, бұл үшін айналамыз игілікке, тазалыққа, өзара құрметпен Отанға деген сүйіспеншілікке толы болуы тиіс. Биыл қаламызда оң өзгерістер орын алды, біз мұндай жағымды өзгерістерге өте қуаныштымыз, – деді аудандық қоғамдық кеңес пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Ақмарал Кенжебаева.

Қазіргі таңда Степняк қаласының әртүрлі бөліктерінде ірілі-ұсақты құрылыс техникалары жұмыс істеуде. 242 миллион теңге қаражат бөлу арқылы Наурызбай батыр көшесіндегі жол желісінің 1,17 шақырымдық бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Бұл учаске Щучинск бағытынан кіреберісте орналасқан және мұнда төрт жылдан астам уақыт бойы ешқандай жөндеу жұмыстары атқарылмаған еді. Сонымен қатар, қалада 8 000 шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, Біржан сал көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Сондай-ақ, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, әрі ашық аспан астындағы жаттығу алаңдары сияқты нысандар бой көтеруде.

Чапаев көшесіндегі 27 тұрғын үйдің айналасында қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көлік тұрақтары белгіленіп, жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайтын екі көпфункционалды ойын алаңы орнатылды. Бұл жұмыстарға 94 миллион 300 мың теңге қаржы жұмсалды. Жобаны құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық қамтитын «Келешек Құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясы жүзеге асыруда. Абаттандыру жұмыстарын алғашқы қар жауғанға дейін аяқтау жоспарланған.

– Біз қаламызда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарына өте ризамыз. Мұнда жұмысшылар күндіз-түні еңбек етуде. Қысқа уақыт ішінде жаңа балалар және спорт алаңдары пайда болды, ыңғайлы автотұрақтар мен үйлерімізге апаратын жолдар салынып, асфальт төселді, – деді осы орайда, Степняк қаласының тұрғыны, жергілікті жасөспірімдер спорт мектебіндегі қазақ күресінің жаттықтырушысы Фирудин Абдуллаев.

Қаланың негізгі жұмыс берушісі саналатын жергілікті кәсіпорынның алдында әлі де ауқымды жұмыстар тұр. Алда Біржан сал мемориалдық кешенін, атақты әнші, ақын әрі композитордың есімі берілген аудандық мәдениет үйінің қасбетін жаңарту қажет.

Степняк қаласының әкімі Самат Бермағамбетов атап өткеніндей, елді мекенде ауданы 25 500 шаршы метрден асатын, бірақ, қараусыз қалған үлкен саябақ бар. Мұнда 35 жылдан астам уақыт бойы ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Сондықтан, бұл аумақты абаттандыру келесі көктемде «Семізбай-U» компаниясы қаржыландыратын негізгі жобалардың біріне айналмақшы.

Компания өкілдері атап өткеніндей, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Біржан сал ауданындағы жобаларды жүзеге асыру Степняк қаласы мен басқа да ауданның елді мекендеріндегі инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға септігін тигізетін болады.

Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Біржан сал ауданы.

Фото автордікі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар