«Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды»
Сәкен Сейфуллин
Мемлекеттік тіл – елдігіміздің басты нышандарының бірі, ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымыздың негізі. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік басқару жүйесінде, қоғамдық өмірде және күнделікті қарым-қатынаста кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте тіл заңнамасының талаптарын сақтау және оның орындалуын жүйелі түрде бақылау ерекше маңызға ие.
Ақмола облысында тіл саясатын жүзеге асыру Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына және Ақмола облысы әкімдігінің «Ақмола облысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» 2023 жылғы 20 қарашадағы № А-11/525 қаулысына сәйкес жүргізіліп келеді.
Аталған құжаттар өңірде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін арттыруға, мемлекеттік органдарда іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу сапасын жақсартуға және тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында 2025-2026 жылдары Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы Көкшетау қаласы, Біржан сал, Сандықтау, Астрахан, Бурабай, Целиноград, Ақкөл, Зеренді, Шортанды және Бұланды аудандарының бірқатар мемлекеттік мекемелерінде тіл заңнамасының сақталуына және оның орындалуына мерзімді тексерулер жүргізді.
Мерзімді тексеру жұмыстары Целиноград ауданы әкімінің аппаратын, Ақкөл ауданы әкімінің аппаратын, Зеренді ауданы әкімінің аппаратын, Біржан сал ауданы әкімінің аппаратын, Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімін, Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін, Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімін, Біржан сал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін, Сандықтау ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімін, Сандықтау ауданының білім бөлімін, Сандықтау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімін, Бурабай ауданының жер қатынастары бөлімін, Бурабай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімін, Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін, Шортанды ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімін, Астрахан ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімін, Астрахан ауылдық округі әкімінің аппаратын, сондай-ақ Макинск қаласы әкімінің аппаратын қамтыды.
Өкінішке қарай, тексеру барысында тіл заңнамасының талаптарын орындауда бірқатар өзекті мәселелердің бар екені байқалды. Бұл жағдай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, әлі де назар аударуды және жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселелердің бар екенін көрсетті.
Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу сапасын арттыру, шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі нұсқасын сапалы әзірлеу, ресми құжаттардағы тілдік нормалардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып отыр. Сонымен қатар көрнекі ақпараттар мен маңдайшалардағы мәтіндердің тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне де ерекше назар аудару қажет.
Кейбір жағдайларда мемлекеттік тілдегі мәтіндердің грамматикалық, орфографиялық және стилистикалық тұрғыдан дұрыс рәсімделуіне жеткілікті көңіл бөлінбейтіні байқалды. Мұндай кемшіліктер тек құжаттардың сапасына ғана емес, мемлекеттік тілдің беделі мен қолданыс мәдениетіне де кері әсерін тигізеді.
Мемлекеттік тілде құжат әзірлеу – тек аударма жасаумен шектелмейтін жауапты жұмыс. Ол үшін мемлекеттік қызметшілердің тілдік сауаттылығы жоғары болып, ресми-іскерлік стильдің нормаларын дұрыс меңгеруі қажет. Әрбір құжаттың мазмұны түсінікті, тілі жатық, терминдері бірізді және заң талаптарына сай болуы тиіс.
Осы орайда мемлекеттік мекемелердің басшыларына жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Тіл заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету тек жауапты маманның немесе аудармашының міндеті емес, ол – әрбір мемлекеттік орган басшысының тікелей назарында болуы тиіс мәселе.
Тіл заңнамасының талаптарын сақтау бағытындағы жұмысты жетілдіру үшін бірнеше маңызды міндетке басымдық берген жөн. Біріншіден, мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу сапасына тұрақты бақылау орнату қажет. Екіншіден, қызметкерлердің мемлекеттік тілде сауатты жазу және ресми құжаттарды дұрыс рәсімдеу дағдыларын жетілдіруге бағытталған оқыту семинарларын ұйымдастыру маңызды. Үшіншіден, мекемелердегі маңдайшалар, хабарландырулар, ақпараттық тақталар мен басқа да көрнекі ақпарат құралдарының тіл заңнамасына сәйкестігін жүйелі түрде қадағалау керек. Төртіншіден, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдап, олардың орындалуын бақылауға алу қажет.
Ең бастысы, мемлекеттік тілді қолдану формалды талап немесе науқандық жұмыс ретінде қабылданбауы тиіс. Мемлекеттік тіл әрбір мекеменің күнделікті жұмысында, ресми құжат айналымында және азаматтармен қарым-қатынас жасауда кеңінен қолданылуы қажет.
Тіл – ұлттың жаны, елдің рухани тірегі. Оған деген құрмет ең алдымен оның заңмен белгіленген мәртебесін сақтаудан, сауатты қолданудан және күнделікті өмірде кеңінен пайдалануынан көрінеді.
Сондықтан тіл заңнамасының талаптарын орындау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, мемлекеттік тілдің мәртебесін құрметтейтін әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру нақты іспен, жүйелі жұмыспен және тілге деген шынайы құрметпен өлшенеді.
Әділжан Нағымұлы,
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту
және ономастика бөлімінің маманы
![]()

