Өмір қымбат!
Ақмола облысының полиция департаментінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс, буллинг, бопсалау және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, балалардың жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.
Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Құралай Карина, Құрылтай депутаты Лариса Ли, облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев, тағы басқа мемлекеттік органдардың өкілдері, мектептер мен колледждердің директорлары және олардың тәрбие жұмысына жауапты орынбасарлары қатысты.
Облысымызда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында оң өзгерістер байқалғанымен, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдары, білім беру ұйымдарының өкілдері бас қосқан жиында жасөспірімдер қауіпсіздігіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынды ашқан Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрсұлтан Мұқашев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасөспірімдер тарапынан жасалған әрбір құқық бұзушылық немесе олардың қараусыз қалуы профилактикалық жұмыстың бастапқы кезеңдерінде жіберілген олқылықтарды аңғартады. Сондықтан, қауіптің белгілерін алдын ала дер кезінде байқап, баланың мінез-құлқы мен әлеуметтік ортасына назар аудару маңызды.
Полицияның мәліметінше, былтыр облыста кәмелетке толмағандар арасындағы 55 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 45-ке дейін азайған. Ауыр санаттағы қылмыстар саны да 23 пайызға қысқарған. Тіркелген құқық бұзушылықтардың 60 пайызы ұрлыққа, 10 пайызы денсаулыққа қасақана зиян келтіру оқиғаларына тиесілі. Бұл көрсеткіштер алдын алу шараларының маңызын айқындап, сонымен бірге, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жүйелі жалғастыру қажеттігін көрсетіп отыр.
Кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысын күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өйткені, жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Бір жағдайда отбасындағы түсініспеушілік әсер етсе, енді бірінде бірге жүрген балалардың ықпалы, әлеуметтік орта немесе психологиялық қиындықтар шешуші рөл атқарады. Сондықтан, әрбір баланың жағдайын жеке қарастырып, оған қажетті қолдау көрсетудің маңызы зор. Жалпы, соңғы жылдары Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған қылмыстардың деңгейі еліміз бойынша төмендеген. Бұған құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүйелі жүргізудің нәтижесінде қол жеткізілген.
Жиында Құралай Карина әрбір білім беру ұйымына кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен криминалдық полиция қызметкерлері бекітілгенін атап өтті. Олардың негізгі міндеттері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды ерте анықтап, тәуекел факторларын бағалау және оған қажетті профилактикалық шараларды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар, ол мұндай көшпелі кеңестердің маңызын атап өтіп, олардың жергілікті полиция қызметкерлерімен кездесуге, өзекті мәселелерді ашық талқылауға және бірлескен шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Жиында Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерболат Құсайынов тәуекел тобындағы жасөспірімдерді уақытылы анықтап, олармен мақсатты тәрбие жұмысын жүргізудің қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, бала қатысқан әрбір оқиғаны қарастырғанда, құқық бұзушылықтың өзін ғана емес, оған дейінгі жағдайларды да саралау қажет.
Бұл ретте, білікті психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмысы айрықша маңызға ие. Олар балалардың агрессивті мінез-құлқы, отбасындағы жанжалдар, тәуелділікке бейімділік және өзге де қауіп факторларымен жұмыс істеуге тиіс. Осындай мәселелерді ерте кезеңде анықтау арқылы жасөспірімнің құқық бұзушылыққа баруына жол бермеуге болады.
Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен Құрылтай депутаты Лариса Ли да ортақ жауапкершілік пен мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмыстың маңызын атап өтті. Жиынға қатысқан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлнәр Жәнібекова да айтылған ұсыныстарды қолдап, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы балалардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Кеңесте балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Өңірдегі ахуал бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында балалардың қатысуымен 231 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан жеті бала қаза тапқан.
Әрбір осындай оқиға жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, балаларға жол қозғалысы ережелерін жүйелі түсіндіру және ересектердің жауапкершілігін арттыру мәселесінің қаншалықты өзекті екенін аңғартады. Балалардың жол үстіндегі қауіпсіздігі тек жүргізушілерге немесе полицияға ғана байланысты емес. Бұл ретте, ата-аналардың, педагогтардың және жергілікті атқарушы органдардың да атқарар рөлі зор.
Ержан Қошқарбаевтың баяндамасына сәйкес, колледждер мен мектептер, бала бақшалары маңындағы жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында полицейлер 520-дан астам тексеру жүргізген. Нәтижесінде, шамамен 2 450 жол белгісі орнатылып, 148 жасанды жол кедергісі жасалған, 300-ден астам жол таңбасы жаңадан сызылған. Аталған жұмыстар мектеп маңындағы жол қозғалысын реттеуге және жүргізушілердің назарын балалардың қауіпсіздігіне аударуға бағытталған. Дегенмен, жол инфрақұрылымын жақсартумен қатар, оқушылардың өздерінің қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру да маңызды. Осы мақсатта облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған арнайы оқу құралын әзірлеген. Оқу материалы бейнеролик форматында дайындалып, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтарының назарына ұсынылып, оны барлық білім беру ұйымдарына таратып, өңірлік және республикалық деңгейде қолдану аясын кеңейту қарастырылды.
– Жол қозғалысы ережелерін түсіндіру жұмысы бір реттік шара болмауы керек. Балаларға жолдан өту тәртібін, бағдаршам белгілерін, жаяу жүргіншілер өткелін пайдалану ережелерін тұрақты үйретіп, ата-аналарды да осы іске тарту қажет. Қауіпсіздік мәдениеті бала кезден қалыптасқанда ғана жол-көлік оқиғаларының алдын алуда мүмкіндік артады, – дейді Ержан Қошқарбаев өз сөзінде.
Сонымен қатар, кеңес барысында жасөспірімдердің есірткі заттары мен психотроптық заттарды заңсыз таратуға тартылуының алдын алу мәселесі де қаралды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Досанов осы саладағы жағдай туралы баяндама жасады. Ал, криминалдық полиция басқармасының бастығы Сағындық Жантеміров кәмелетке толмағандар арасындағы криминогендік ахуал жөнінде ақпарат берді. Оның барысында жасөспірімдердің заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеу үшін құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, олардың әлеуметтік ортасына назар аудару да маңызды екендігі айтылды.
– Бұл ретте, мектеп, отбасы, полиция және басқа да мүдделі ұйымдардың бірлескен жұмысы қажет. Қауіпті белгілерді дер кезінде байқап, балаға тиісті қолдау көрсету құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі саналады. Әсіресе, балаларға қатысты және балалар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың әрқайсысын жеке-жеке талдаған жөн. Әр оқиғаның себеп-салдарын анықтау алдағы уақытта осындай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін нақты шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Сағындық Жантеміров.
Жиын барысында тағы бір талқыланған мәселе білім беру ұйымдарын цифрландыру, бейнебақылау жүйелерінің жұмысын жетілдіру және олардың полицияның кезекші бөлімдерімен байланысын қамтамасыз ету болды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанаргүл Баймақова осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларының 90 пайызы полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерімен жалғанған. Бұл мектеп аумағындағы жағдайды бақылауға және оқыс оқиға туындаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Құралай Карина жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырудың қажеттігін айтты.
– Бала қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ол ата-ананың тәрбиесі, мектептің қамқорлығы, мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы және қоғамның бейжай қарамауы арқылы қамтамасыз етілетін ортақ құндылық. Әрбір баланың жағдайына назар аударып, мәселесін дер кезінде байқап, қажетті қолдау көрсету арқылы ғана жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, олардың қауіпсіз әрі саналы азамат болып қалыптасуына жағдай жасауға болады, – деді ол өзінің қорытынды сөзінде.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

