Мемлекет басшысының 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында елдің тұрақты дамуы, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық жауапкершілікті нығайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осы басымдықтарды басшылыққа ала отырып, Бурабай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Негізгі бағыттардың бірі – тұрғын үй секторындағы өрттердің және иіс газынан улану жағдайларының алдын алу. Жылыту маусымында ТЖБ қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, пештердің, мұржалар мен электр сымдарының жай-күйін тексереді. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарттарға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар үйлерге иіс газын анықтайтын датчиктер орнатылады.
Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы. Оның аясында тұрғындар қарт туыстарының үйлеріндегі жылыту жүйелері мен электр жабдықтарының қауіпсіздігін тексеруге шақырылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде еріктілердің де үлесі зор. Қатаркөл ауылында құрылған «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы бекетінің жедел әрекетінің арқасында өрт дер кезінде ауыздықталып, оның тұрғын үйге таралуына жол берілмеді. Сондай-ақ қысқы кезеңге дайындық аясында мобильді волонтерлік топтарға оқыту сабақтары өткізілуде.
Балалардың қауіпсіздігі де тұрақты назарда. Білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарда өрт қауіпсіздігі, терезеден құлап кетудің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бөлім қызметкерлері халықты ақпараттандыруға да басымдық береді. Әлеуметтік желілер арқылы дауылды ескертулер, өрт және су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат тұрақты жарияланады.
Сонымен қатар гарнизон қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысып, 1000 түп ағаш көшетін отырғызды. Бұл – туған өлкенің көркеюіне және қоршаған ортаны қорғауға қосылған үлес.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру әрбір мемлекеттік органның күнделікті жұмысынан басталады. Бурабай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басты мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу, адам өмірін сақтау және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Өйткені қауіпсіздік – баршаға ортақ жауапкершілік, ал халыққа қызмет ету – басты міндетіміз!
Баймагамбетова А.Н.
Бурабай ауданының ТЖБ инженері
![]()

