Көкшетауда жастарға «Заң мен тәртіп» қағидаты түсіндірілді

Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттермен кездесу өтті. Облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға 150-ден астам бірінші курс студенті қатысты.

TEDx форматында өткен кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Кездесуге Ақмола облысы полиция департаментінің, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және Жастар денсаулық орталығының өкілдері шақырылды.

Спикерлер қатарында Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Сыздықов, Жастар денсаулық орталығының маманы Бибігүл Жетенова, Ақмола облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті талдау және тәуекелдер басқармасының уәкілі Мадина Әлиева және Көкшетау қаласы ПБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Ескендір Нысанбай болды.

Кездесу барысында есірткі қылмысының салдары, жастар арасындағы құқық бұзушылық, қаржылық қауіпсіздік, жеке денсаулық және заң талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.

Әсіресе электронды темекілер мен вейптердің зиянына және олардың заңсыз айналымына ерекше назар аударылды. Мадина Әлиева жастарға вейп өнімдерінің денсаулыққа тигізетін кері әсері, никотинге тәуелділік қаупі және оларды заңсыз сату мен таратуға қатысты жауапкершілік туралы түсіндірді.

Сондай-ақ Қазақстанда вейптер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымына тыйым салынғаны, ал 2024 жылғы 20 маусымнан бастап күшіне енген Қылмыстық кодекстің 301-1-бабында оларды заңсыз әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені айтылды. Спикер әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы мұндай өнімдерді сатудың да заң талаптарын бұзатынын ескертті.

Өз кезегінде басқа мамандар да кәсіби тәжірибелеріне сүйене отырып, жастарға құқықтық жауапкершілік, қауіпсіз мінез-құлық және денсаулықты сақтау жөнінде маңызды ақпарат берді.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

Осындай кездесулер жастардың заңға құрметін қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Өйткені заңды білу ғана емес, оны күнделікті өмірде сақтау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар