Қаржылық саясатымыздың негізі

15 қараша – Ұлттық валюта – Теңге күні

Ұлттық валюта – төл Теңгеміздің айналымға енгізілгеніне биыл 33 жыл. Бұл Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі толық қалыптасып, дербес қаржы жүйесінің орныққанын айқын көрсетеді.

Ал, егемен еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі осы үлкен жетістіктің түп-тамырына үңілсек, 1993 жылы 15 қарашада бұрынғы Кеңес Одағынан он бес республикаға ортақ ақша айналымы бұзылғаннан кейін сол кездегі Қазақстан басшылығы шұғыл түрде үлкен көрегендік қадамға барып, Ұлттық валютамыз – теңгені қолданысқа енгізді. Оған құпия түрде алдын ала үлкен дайындықтар жасалып, мемлекет пен халықтың ортақ мүддесін қорғау жолында қажырлы жұмыс атқарылды. Содан бастап, бұл тарихи шешім өзін ақтап, осы жолдағы қиын да күрделі кезеңдерге қарамастан, Қазақстан теңгесі бұл күнде тұтастай бір тәуелсіз елдің өз алдына дербес ұлттық валютасы ретінде барлық жағынан толық мойындалып, өз өміршеңдігін айқын дәлелдей түсті. Осы сөзіміздің айғағындай бүгінде бүкіл еліміз осы теңгемізбен өмір сүреді, онсыз тұрмысты көз алдына елестете алмайды. Енді келесі мәселеге көшсем, осы теңге айналымға енгізілген 33 жыл   Қазақстан Ұлттық Банкінің Ақмола филиалы үшін де ақша-кредит саясатын жүзеге асыруда, төлем жүйелерін дамытып, жергілікті деңгейде халықтың қаржылық сауатын арттыруда небір өзгерістерге толы жол болды.

Жыл басынан бері филиал қызметі тиімділік динамикасын талдау;​кәсіпорындардың өңірлік мониторингін жүргізу;​қолма-қол ақша айналымын тұрақты ету;​қолма-қол ақшасыз инфрақұрылымды дамыту;​қаржылық сауаттылықты арттыру сияқты негізгі көрсеткіштерімен сипатталады.

Аумақтық филиалдың қызметі аймақта қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етуге, экономикалық үдерістерді талдауға және қаржы секторы қатысушыларымен өзара түсіністік іс-қимыл жасауға бағытталған. Атқарылып жатқан жұмыстар қолайлы макроэкономикалық жағдайлардың қалыптасуына, қаржы инфрақұрылымының дамуына және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторындағы кәсіпорындардың тұрақты қызметі үшін алғышарттар жасалуына ықпал етеді. Бұл ретте, Ұлттық Банк филиалының әкімдік пен коммерциялық банктерден айырмашылығы, ол тікелей субсидия бөлумен немесе несие берумен айналыспайды, керісінше, өз құзыреті аясында Ұлттық Банктің міндеттері мен функцияларын өңірлік деңгейде жүзеге асырады.

Қаржы секторында цифрлық технологияларды енгізуге және қаржылық қызметтерді жетілдіруге қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Басты жұмыс бағытымызға алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін Ұлттық Антифрод-орталығын дамыту, банкаралық төлемдер үшін бірыңғай QR-кодты енгізу, «Цифрлық теңге» жобасын ілгерілету, сондай-ақ, қаржы инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту секілді жобалар жатады. Бұл бастамалар халық пен бизнес үшін қаржылық қызметтердің ыңғайлылығын, қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Қазақстан Ұлттық Банкі халықтың қаржылық сауатын арттыруға қатысты кешенді бағдарламаларды іске асырып келеді. Айталық, филиал қызметкерлері халықты «Сақ стилі» сериясындағы банкноталар мен мерейтойлық банкноталардың қорғаныш элементтері туралы хабардар ету мақсатында түрлі шаралар өткізеді. Былтырдан бері Ұлттық Банктің, Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру орталығының мектептер мен колледж мұғалімдеріне арналған «Қаржылық сауаттылық негіздері» атты бірлескен біліктілікті арттыру жобасы сәтті іске асырылып отыр.

«Сақ стилі» сериясындағы жаңа банкноталар өңірлерге жоспарлы кестеге сәйкес жеткізіледі. Ұлттық Банк әртүрлі номиналдағы банкноталарды 2023 жылдың соңынан бастап 2026-2027 жылдарға дейін кезең-кезеңімен айналымға шығарады. Ресми шығарылған күнінен кейін жаңа банкноталар екінші деңгейлі банктерге және «Қазпошта» АҚ-ына беріледі. Ақшалардың өңірлерде жаппай айналымға енуіне дейінгі уақыт аралығы оларды жергілікті жерлерге жеткізу қажеттілігімен және міндетті технологиялық бейімделумен, яғни, банкоматтарды, терминалдар мен есептеу машиналарын жаңа өлшемдер мен қорғаныш элементтеріне қайта ыңғайлаумен түсіндіріледі. Осы процесс қолайсыздық тудырмас үшін Ұлттық Банк ескі және жаңа банкноталардың айналымда әдетте, кемінде 1 жылқатар жүру кезеңін белгілейді.

Азаматтар көбіне бізден бүлінген ақшаның қанша көлемде және қандай жағдайда қабылданатынын сұрап жатады. Сонымен бірге, ескі серияларға тән банкноталарды айырбастау мерзімі туралы сұрақтар да өзекті. Айналымда қатар болу кезеңі аяқталған соң, банктер оларды тағы 3 жыл бойы қабылдап, айырбастайды, ал, Ұлттық Банктің филиалдары оларды шексіз мерзімде қабылдай береді.

Қазақстан Ұлттық Банкінің негізгі мақсаты елде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету десек, Ұлттық Банк пен оның аумақтық филиалдарының қызметі елде​ақша-кредит саясатын жүргізуге, ​төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, ​өңірлік деңгейде қаржы жүйесінің тұрақтылығына қол жеткізуге, ​статистикалық қызметті жүзеге асыруға жәрдемдесу секілдімақсат-міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Осы бағыттар аясында филиал мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және қаржы нарығының басқа да қатысушыларымен әріптестікті нығайтып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және ақпараттандыру жұмыстарын жетілдіре түсетін болады. Ұлттық Банктің Ақмола филиалы алдағы уақытта инфляцияны тежеу, іскерлік белсенділікті қолдау бағытындағы жұмыстарды да жауапкершілікпен жалғастыра береді.

Теңге күні бұл тек өткенге салауат айтатын күн емес, ел экономикасының одан әрі дамуына тұрақты қадам баса түсуді ойлайтын маңызды белес. Сондықтан, Ұлттық валютамыздың мәртебесі биік болып, еліміздің қаржы жүйесі нығая берсін. Мереке құтты болсын!

Айнагүл ЖОЛДЫБАЛИНА,
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақмола филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар