Жуырда (9 қараша 2026 жыл) Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын дөңгелек үстелдің кезекті отырысына қатыстым. Осы жоба аясында «Жаңа қоғамдық сана: әдеп, тәртіп және жауапкершілік» тақырыбында өткен ойталқыда сөйлеген сөзім ««Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі (13 қараша 2026 жыл) санында жарық көріпті. Соны өз тілеулестерімнің назарына ұсынып отырмын.
*** Біз мәдениеттілік туралы жиі сөз қозғаймыз. Қоғамда оның қадірі мен маңызына қатысты түрлі пікір де айтылып жатады.
Мәдениеттің түп-төркіні – әр халықтың өзінің ұлттық әдебінде. Ал әдептілік адам бойына бала кезден отбасындағы тәрбие, көрген өнеге арқылы қалыптасады. Бойына игі құндылық сіңген ұрпақ мәдениетті қоғамның іргесін қалайды.
*** Бәріміз де ауылда өстік. Ауылда үлкендер бір адамды мақтағанда: «Ол білімді ғой», деп жататын. Кейін есейіп, сол адамдардың өмір жолына үңілгенде, кейбірінің алған ресми білімі екі-үш сыныппен ғана шектелгенін білдік. Бірақ оларды жұрт неге білімді деп бағалады? Өйткені сол кезеңдерде білім дегеніміз тек диплом немесе мектепте алған біліммен шектелмеген. Білім – адамның санасы, ойы, әдебі, болмысы. Адамның кім екені, өзін қалай ұстайтыны, айналасына қалай қарайтыны да оның білімділігін көрсетеді. Біз білім туралы айтқанда осы қырын да ескеруіміз керек.
*** Бұл ретте шартты сұрақ туады: қазір балаларымыздың санасына ұлттық құндылықтарды қалай сіңіріп жүрміз? Мәселен, ана тілі мен қазақ тілі оқулықтарына ұлттық әдеп, салт-дәстүр, жақсы әдеттер мен тәрбие қағидаларына қатысты мазмұн енгізіп, тіпті дәптер мұқабасын түрлі суреттің орнына көбейту кестесі секілді төл қағидаларымыз, өнегелі нақыл сөздерімізбен безендірсек, бала оларды күн сайын көріп, көкейіне тоқиды.
*** Жетісу өңірін аралаған орыстың атақты жиһанкезі Петр Семенов-Тянь-Шанский өз жазбасында қазақ халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрінің өзі үлкен тәрбие мектебі екенін айтқан еді.
*** Әдеп мәселесіне келгенде тағы бір маңызды жайтқа назар аударғым келеді. Сахнада жүрген кейбір өнер адамдарына халқымыздың еркесі деп тым еркіндік беріп жіберген жоқпыз ба деген ой туады. Олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі де бар екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені жастар өнер адамдарына еліктейді, олардың сөзі мен іс-әрекетін үлгі тұтады. Әрине, әр адамның өзіндік ұстанымы мен көзқарасы болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттық әдеп пен қоғамдық жауапкершілік шеңберінен шықпауы керек.
*** Осы ретте қоғамдық институттардың да жауапкершілігіне тоқталғым келеді. Бүгінде елімізде Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Әкелер кеңесі, Билер кеңесі және басқа да қоғамдық құрылымдар бар. Алайда осы кеңестердің қызметі тек тіркеліп, атауының болуымен шектеліп қалмауы керек. Ұлт тәрбиесіне қатысты мәселелер көтерілгенде, осындай қоғамдық институттар өз пікірін ашық айтып, белсенді ұстаным танытуы қажет.
Өйткені заңды өзгерте беруге болады. Бірақ сананы өзгерту – ең күрделі мәселе.
*** Өзінің салт-дәстүрін, ұлттық болмысын білмеген адам бірте-бірте өзінен, тамырынан алыстай бастайды. Сондықтан жастардың өзге мәдениеттерге қызығушылығын сынамас бұрын, оларға өз мәдениетіміздің қадір-қасиетін жеткізе алдық па деген сауалға жауап беруіміз керек.
ЖАБАЛ Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.
![]()

