Облысымызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына орай, мерекелік безендіру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда облыс қалалары мен аудандарында айтулы датаға арналған көрнекі безендіру элементтері орнатылып, ғимараттардың қасбеттері мен LED-экрандарда мерекелік символика орналастырылуда.
Сондай-ақ, көшелер мен қоғамдық орындарда мерейтойлық мазмұндағы безендіру жұмыстары жүргізіліп, өңірдің мерекелік келбеті қалыптастырылуда.
Сонымен қатар, облыс аумағында ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан түрлі мәдени-көпшілік, қоғамдық және өзге де іс-шараларда мерейтойдың ресми символикасы белсенді түрде қолданылуда. Бұл өз кезегінде мерекелік шаралардың бірыңғай мазмұндық және көрнекі үлгіде өтуіне ықпал етеді.
Қазірден қолға алынған бұл жұмыстардың негізгі мақсаты еліміздің ең маңызды тарихи жетістігі саналатын Тәуелсіздік күнінің зор мән-маңызын айшықтап, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау, сондай-ақ, ұлт тарихындағы айтулы кезеңге деген құрметті барынша арттыру болып табылады.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтіледі. 1991 жылы сол күні еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, бұл күн ғасырлар бойы өзінің азаттығын аңсаған қазақ халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болатын. Биыл еліміздің өз тәуелсіздігін алғанына 35 жыл толады. Бұл – мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен ел дамуының маңызды кезеңдерін айқындайтын үлкен тарихи белес!
А.ҚАДЫРҚЫЗЫ.
![]()

