Топжарған

Бекболат Меркемелиденұлы – 135

Жылнамаға жазылды да аттары,
Барша ғалам ұмытпас боп жаттады.
Қашан олар о дүниеге барғалы,
Әлі тірі есімі, іс-арманы.

Шығыс ақыны Әбдірахман ЖӘМИ.

Қашанда ел мен жердің атын қиын-қыстауда қол бастаған батырлары, топ жарған от тілді, орақ ауызды ақын-жыраулары, ал, бейбіт өмірде өнерпаз, еңбекшіл ұл-қыздары шығарады ғой.

Қазақтың шешендік өнеріне, ақындар айтысына атақты саяхатшы-ғалымдар Г.Н.Потанин, А.Янушкевич талай тамсана таңдай қаққан екен. Поляк журналисі Адольф Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар» атты еңбегінде атағы бүкіл қазақ даласына мәшһүр болған, қос жанары солса да, көкірегі ояу Жазық есімді ақын қызды көруге құмартып, әдейі кездескендегі сәтін үлкен толғаныспен қағазға түсірген. «…Мен оны тебірене тыңдадым. Ең атақты мадонналардың орындаған әнін тыңдағанда да мұндай әсер алмаған болар едім. Қазақ тілін білмегеніме қатты ашуландым, оның үстіне біздің тілмаштарымыз сиқырлы өлең сөздерін түсіне де, аудара да алмады. Оларға Жазықтың жырлары тіпті шалыс, көмескі болып та көрінетін сияқты. Ғұмыры кітап бетін ашпаған бұл адамдардан не қайыр, не үміт! Әйтсе де, ақын қыздың өз ойларын шиыршық атып, толғана түйіндейтінін, толғаудың, әсіресе, ұйқастары ғажап екенін олар да мойындайды».

Ақын құдіреттілігі деген осы емес пе! Тілі бөтен болса да өнері тәнті қылған әлгіндей өнерпаздары арқылы қазақ халқын жақын танып, импровизаторлық дарынына таңырқай қараған зерттеушілер көп болған. Солардың ішінде Ереймен өңірінен шыққан ақын-жыраулар аз емес. Әріден бастасақ – біріміз білсек, біріміз біле бермейтін Үмбетей жырауды алдымен ауызға алған дұрыс. Бұл – атақты Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр мен көмекей әулие атанған Бұқар жыраудың замандасы. Кейінгі буындардан әнші-сері атанған Естай ақынды, іле оның ізін басқан Бекболат Меркемелиденұлын, Аманжол Әлжановты, Қасен Төрегелдинді ерекше атаған жөн.

Бекболатты оқырман қауымға таныстырардан бұрын оның өмірбаяны, ақын боп қалыптасу кезеңдеріне үңіле кеткен дұрыс болар. Ақынның туған қызы, Ереймен ұстаздарының алды болған Райхан апай кезінде бізге әкесі жайлы көпшілік біле бермейтін біраз естеліктер айтып еді. Біз ол кісілермен ұзақ уақыт көрші боп тұрдық. Әкесі Бекболат ақынды талай мәрте көрдік, бала болсақ та әңгімелерін естіп жүрдік. Соғыстан оралмаған ағасы Рәшид марқұмның ұлы Сәбит ағаны Алматыдан Ерейменге келгенде әке-шешеміз құрметтеп қонақ қылатын. Мінезі жайсаң, ақжарқын кейпі көз алдымызда.

Бекболаттың әкесі Меркемелиден, анасы Зейнеп оның ақын болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген кісілер. Өзі үйдегі үш ұлдың кенжесі екен. Әке-шешесінің тұрған жері Баянауылдың Семізбұғы деген жері. Аумалы-төкпелі заманда Меркемелиден мен Зейнептің соңына түскен адамдар аз болмаған. Ауыл балаларына білім беретін ұстазды көрсететіндер көп болып, Меркемелиден бірнеше рет абақтыға қамалады.

– Үйдің үлкені ұсталғаннан кейін, анасы мен балалардан да маза кетті ғой, – деп еске алып еді сол қиянатты Райхан Бекболатқызы.

Ақыры, әкелерінің денсаулығы нашарлап, ағалары бірінен соң бірі шетінейді. Ес біле бастаған болашақ ақын мен анасы Зейнепті бұл жердегі тұрмыстарының ауырлауына байланысты Ерейменнің Үштөбе қыстағында тұратын Жаншуақ деген сыйлас адам көшіріп алады. Содан осы жерді мекендеп тұрып қалған. Жаншуақ қайтпас сапарға аттанар алдында інісі мен үлкен баласын шақырып алып: «Баян баласы үш үй болсаңдар, Меркемелиденнің ұрпағымен төрт үй болыңдар. Сендерге айтар  аманатым, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріңдер!» деп жүріп кетіпті. Бекболат жасынан ащы өмірдің зардабын, халық басына түскен ауыртпалықты, күйзеліс пен жоқшылықты бір кісідей көріп өседі.

Жас күнімде көргенім қазақ арба,
Ол дағы болатұғын малы барда.
Майламайтын, арбаны жайламайтын,
Көшкенде шиқылдайтын басып зорға, –

дейтіні де содан болар. Зерделі бала ауыл молдасынан хат таниды. Бірақ, оған көңілі толмай, 1907 жылы Ақмолада татар мұғалімдерінен жәдитше оқып, азын-аулақ ғылымнан хабардар болады. Балаң жігіттің суырып салма ақындығы, тапқыр сөздері сол кездердің өзінде-ақ көзге көріне бастайды.

1916 жылғы патша өкіметінің қазақтан солдат алуы туралы июнь жарлығы тұяқ серіппей, мүлгіген қазақ даласын дүр сілкіндірді. Ереймендегі халық көтерілісіне Бекболат та қатысып, бұл оның дүниетанымының жетілуіне, көзқарасының қалыптасуына игі әсер етеді. Одан әрі 1923 жылы Қызылжар қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдап, 1924 жылдан 1932 жылға дейін Баянауылда бала оқытқан. Осы аралықта Мәшһүр Жүсіппен, Сәкен Сейфуллинмен кездескен. Ал, кейінірек Қарағандының педагогикалық училищесін бітіріп, сол жерде ұстаздық қызмет атқарады. Тек Ұлы Отан соғысы басталар алдында Ерейментаудың Торғай елді мекеніне мектепке қызметке ауысады.

Сұрапыл соғыс талай жанның үмітін үзіп, отын өшірді. Сол тұстағы адамның қабырғасы қайысқан қиыншылықтарда ақынның патриоттық тақырыптағы ерлік өлеңдері елге үлкен демесін болды. Қарт ақынның жүрегіне көппен бірге соғысқа аттанған сүйікті жалғыз ұлының майдандағы қайғылы қазасы ауыр жарақат түсірді, ақын үшін бар сенген сүйенішінен айырылу өлшеусіз қасірет еді. Қарт ақын жұрт көзінше еңсесін тік ұстап, қайратты көрінгенімен, оңашада жырымен жан жүрегі езілетін.

Жалғыз күнде жар болған,
Жанымда жүріп пар болған.
Жүкті салсам көтерер,
Қос өркешті нар болған,
Қайдасың, Рәшид, қайдасың?!

Жүрсем жалғыз серігім,
Мінсем дүлдүл көлігім.
Қызығыңды көре алмай,
Қанбай қалды мейірім,
Қайдасың, Рәшид, қайдасың?!

Жазып өлең ағаң жүр,
Әлсіз ғана шамам жүр.
Апыл-тапыл жүгіріп,
Жас нәресте балаң жүр,
Қайдасың, Рәшид, қайдасың?!

Қасірет шегіп жарың жүр,
Жүрегін қайғы жарып жүр.
Не болады деп ақыры,
Күнде жылап, налып жүр,
Қайдасың, Рәшид, қайдасың?!

Ақынның баласына арнаған «Қайдасың, Рәшид, қайдасың?!»  өлеңі  ел аузынан түспей, Семей облыстық филармониясының көпке танымал әйгілі әншісі Мәдениет Ешекеевтің орындауында нақышына келтіріліп шырқалып жүрді. Сонымен бірге, Бекболат ақын шаршы топта айтысқа түсіп, аудан мен облыста жүзден жүйрік шыққандардың бірі. Кәрілік меңдегенімен, осындай додаға түскенінде шабытына мінгендей буырқанып, талайға дес бермеген.

Белгілі тұлға өмірінің соңғы кезінде, 1961 жылы 3-5 тамыз аралығында республикалық халық ақындарының айтысына қатысып, Кенен Әзірбаев, Омар Шипин, Қалқа Жапсарбаев, тағы басқа да дүлдүлдермен жүздеседі. Ақын-жыршылардың тұңғыш рет ұйымдастырылған осы бір іргелі бас қосуында Бекең жыр маржанын төгіп, сонысымен ел есінде қалады.

Осы жолы Бекболат Меркемелиденұлына «Қазақ КСР-інің Халық ақыны» атағы беріліп, көп жылғы шығармашылық еңбегі еленіп, Жазушылар Одағының мүшелігіне ұсынылды. Алайда, сұм ажал 1962 жылы ақынды арамыздан алып кетті. Кейін 1963 жылы сол ақындар сайысы М.Қаратаев, М.Базарбаев сияқты әдебиет қайраткерлерінің алғысөзімен «Ақындар жыры» деген атпен кітап болып баспадан басылып шықты.

Кезінде маған ақын атамыз туралы біраз сыр шерткен Райхан апамыз бен Долдаш ағамыздың өмірден озғандарына да көп болды. Бірақ, нағашы атасының жүріп өткен жолдарын жан-жақты білетін бір ұрпағы бар. Ол – Аян Хасенов. Осы азаматтың бастамасымен ақынға, оның дүниеден ерте кеткен балаларына арнап ас берілуде. Сонымен қатар, ұлы атасының құрметіне Аян кітап шығарып, тағы бір игі істің ұйытқысы болды.

Және бір осы арада айтпай кетпеуге болмайтын жай, Райхан апай көзі тірісінде үлкен немересіне соғыста хабарсыз кеткен ағасының атын қойды. Бұл күнде сол Рәшид есімді ұл елдің айтулы азаматтарының бірі. Енді Аянға келсек, оның ұлының да аты Бекболат! Қазақтың кәделі бір әулетінің осы ұрпағының тойына қадірлі қонақ ретінде қатысып, реті келгенде ізгі тілегімізді де білдіргенбіз.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», — деп Ұлы Абай айтқанындай, Ереймен өңірінен шыққан арқалы ақын Бекболат Меркемелиденұлының есті сөзі мен жалынды өлең-жырлары бұл күнде де өз құндылығын жоймай, сөз бағасын білген қай жанның болсын, рухани азығына айнала берері сөзсіз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар