Киікбай батырдың есімі ұлықталса…

Ұсыныс

Киікбай батыр Байқараұлы – Орта жүздің Керей тайпасының Шеруші руынан шыққан белгілі батыр, әрі ұлы қолбасшы. Ел басына күн туған Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада ол халқымен бірге ауыр заманды бастан өткеріп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлік пен қайсарлық танытты. Халық жадында сақталған деректерде оның батырлығы, ел бірлігі жолындағы еңбегі мен ерлігі кеңінен айтылады.

Киікбай батыр туралы тарихи деректер Моңғолия, Қытай, Түркия мемлекеттерінің танымал тарихшылары Қадыс Жанабылұлы, Рақыметжан Шынай, Мінәс Әбілтайұлының ғылыми-тарихи еңбектерінде келтірілген.

Сол кезеңнен бері үш ғасыр өтсе де, батырдың әкесі Байқараның есімі де ұмытылған жоқ. Кеңес Одағы кезінде Атбасардан 30 шақырым жердегі ауылға Байқара аты берілген. Күні бүгінге дейін осы ауылда Байқара көшесі бар. Бұл ауыл кезінде Ново-Александровка деп аталса, қазір заман ағымына сай Бастау аталып, өз шаруашылығын жүргізіп отыр.

Тарихи деректер мен ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Киікбай батыр Абылай ханның жанындағы сенімді серіктерінің бірі болып, ел тағдыры шешілген маңызды жорықтарға қатысқан. Осындай тарихи тұлғаның есімі бүгінгі ұрпақ үшін отансүйгіштік пен елдік рухтың жарқын үлгісі болуға лайық деп есептейміз.

Бүгінде батырдың зираты Ақмола облысы, Атбасар ауданының аумағында орналасқан. Тәуелсіздік алған жылдары батыр ұрпақтарының бастамасымен және ел азаматтарының қолдауымен кесенесі жаңартылып, абаттандырылды. Сонымен қатар, батыр есімінің Қазақстанның киелі нысандары тізіміне енгізіліп, арнайы жинақтар мен карталарға кіруі тарихи әділдіктің айқын көрінісі.

Осыған байланысты біз жергілікті басшы орындардан төмендегі ұсыныстарды қарастыруды өтінеміз.

Біріншіден, Киікбай Байқараұлының есімін Қазақстанның танымал тарихи тұлғалары тізіміне енгізуге ықпал ету; екіншіден, Атбасар қаласындағы көшелердің біріне Киікбай Байқараұлының есімін беру; үшінші мәселе, елі мен жерін жоңғарлардан ерлікпен қорғаған белгілі батыр болғандықтан, Атбасар ауданының туристік жобасына Киікбай батыр кесенесін кіргізуді қарастыру; төртіншіден, Киікбай батырдың өмірі мен ерлігін насихаттау мақсатында облыстық деңгейде ғылыми-танымдық іс-шара ұйымдастыруға қолдау көрсету.

Аталған ұсыныстар тиісті ұйымдар тарапынан қолдау тауып, мәселе ойдағыдай шешілсе, бұл ел тарихына деген құрметті арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға өзіндік зор үлесін қосады деген сенімдеміз.

Бакей ХАЗЫ,
қарт ұстаз,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар