Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды әрі жауапты науқан. Бұл сайлау азаматтардың конституциялық таңдау құқығын жүзеге асыруымен қатар, қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін көрсететін маңызды кезең деп есептеймін.
Қоғам белсендісі және алдағы сайлаудың байқаушысы ретінде мен үшін ең басты құндылықтар заңдылық, ашықтық, әділдік және азаматтардың еркін таңдау құқығының сақталуы.
Сайлау процесіне қоғамдық бақылаудың жүргізілуі сайлау нәтижесіне қандай да бір ықпал ету емес, керісінше, бақылаушының негізгі міндеті дауыс беру процесінің заң талаптарына сәйкес өтуіне, сайлаушылардың құқықтарының сақталуына, сайлау комиссиялары жұмысының ашық әрі талапқа сай ұйымдастырылуына және дауыстарды санау рәсімдерінің белгіленген тәртіппен жүргізілуіне бақылау жасау.
Байқаушы ретінде кез келген жағдайға баға берген кезде жеке көзқарасқа, болжамға немесе әлеуметтік желідегі ақпараттарға емес, нақты фактілер мен қолданыстағы заң талаптарына сүйену қажет деп санаймын.
Сонымен қатар, сайлауға қатысатын әрбір азаматтың таңдауына құрметпен қарау баршамыздың ортақ міндетіміз. Кандидаттар мен саяси күштер арасындағы бәсекелестік өркениетті түрде, өзара құрмет пен заң аясында жүргізілуі тиіс.
Мен барлық сайлаушыларды өздерінің азаматтық құқықтарын жауапкершілікпен пайдалануға, дауыс беру күні белгіленген тәртіпті сақтауға және сайлау процесіне бейжай қарамауға шақырамын.
Ал қоғамдық байқаушылар үшін бұл кезең үлкен жауапкершілік. Себебі, бақылаушының ұстанымы қандай да бір тарапты қолдау немесе сынау емес, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығына қоғамдық бақылау жасау болуы керек.
Әрбір тіркелген заң бұзушылық тиісті тәртіппен және дәлелдермен рәсімделуі қажет. Қоғамдық бақылау эмоцияға емес, фактіге негізделген жағдайда ғана өзінің нақты нәтижесін береді.
Сайлау бір күндік науқан емес, азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қоғамдық процесс.
Сондықтан, алдағы сайлаудың ашық, заңды және әділ өтуіне әр азамат өз үлесін қоса алады деп есептеймін.
Заң талаптарының сақталуы сайлау комиссияларының ғана емес, кандидаттардың, бақылаушылардың және әрбір сайлаушының ортақ жауапкершілігі.
Қоғамдық сенім ашықтықтан басталады. Ал ашық әрі заңды сайлау азаматтардың таңдауына деген құрметтің басты көрсеткіші.
Есболат ДҮЙСЕНОВ,
тәуелсіз байқаушы.
![]()

