Конституция – заң мен тәртіптің берік негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін басты құжат. Конституцияда заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, азаматтардың заң алдындағы теңдігі және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету қағидаттары көрініс тапқан.
Ата Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ал оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Сонымен қатар Конституцияның 12-бабында адамның құқықтары мен бостандықтарының танылатыны және оларға кепілдік берілетіні көрсетілген. Ал 14-бапта заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігі айқындалған.
Конституцияның 34-бабына сәйкес, әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Бұл нормалар қоғамда өзара сыйластықты қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға негіз болады.

Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы ерекше. Оның басты мақсаты – заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз қоғам құру. Әсіресе өскелең ұрпақтың бойында заңға құрмет, жауапкершілік пен тәртіптілік қасиеттерін қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.
Осы бағытта Бозайғыр агротехникалық колледжінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп: жастардың құқықтық мәдениеті және жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында буллинг пен мектептегі зорлық-зомбылық, нашақорлық, вейп пен алкоголь өнімдерінің зияны, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, интернет-алаяқтық және құмар ойындардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Жастарға аталған құқық бұзушылықтардың салдары, олардың жеке адамға және қоғамға тигізетін кері әсері түсіндірілді.
Сонымен қатар заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, айналасындағы адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу, жеке қауіпсіздік ережелерін ұстану және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың күнделікті өмірде заң талаптарын басшылыққа алуына, теріс әрекеттерден аулақ болуына және өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруына ықпал етеді.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның негізі. Конституция талаптарын сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін және жауапкершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Шортанды ауданының бас биі Макаев Абай Габдыгалиевич.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар