Ауылға жасалған игі іс – Елге көрсетілген құрмет

Шағын елді мекеннің өмірінде маңызын асыра бағалау қиын болатын оқиғалар бар. Приозерное ауылының тұрғындары үшін дәмхананың ашылуы – дәл осындай айтулы оқиғалардың бірі. Енді ауыл тұрғындарының отбасымен бас қосып, мерекелік шараларды атап өтіп, достарымен жайлы ортада уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи, әрі жайлы орын пайда болды. Екі қабатты жаңа ғимарат «Агро Lake» ЖШС басшысы Андрей Галюктің бастамасымен, кәсіпорынның өз қаражаты есебінен салынды.
Дәмхана 50 орынға есептелген және мұнда әртүрлі жастағы, буын өкілдері мен қызығушылықтары әр алуан адамдардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалған. Мұнда отбасылық салтанаттар мен мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған банкет залы, балаларға арналған ойын аймағы, шағын топтармен бас қосуға қолайлы жайлы ас залы, сондай-ақ бильярд бөлмесі мен караоке қарастырылған.
Мұндай қолайлы жағдайлардың ауылдық жерде жасалуының маңызы зор. Өйткені ауыл тұрғындары үшін осындай демалыс орындары әрдайым сұранысқа ие.
Бұл жоба ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен оның басшылығы өңірдің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға нақты үлес қосатын әлеуметтік әріптестіктің тағы бір жарқын үлгісі болды. Ауылға қолдау көрсету тек өндірістік көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар тұрғындар күнделікті өмірде сезінетін нақты істермен де көрініс табады.
Андрей Васильевичтің игі бастамалары мұнымен шектелмейді. Жергілікті атқарушы билікке қолдау көрсету мақсатында ол ауылдық округ әкімі Зинулла Исмагуловқа «Нива Шевроле» автокөлігінің кілтін табыстады. Енді округке қарасты елді мекендерге қатынау, ауыл тұрғындарының мәселелерін жедел шешу және халықпен тығыз байланыста болу әлдеқайда ыңғайлы болмақ.
Қызмет көрсету нысанының ашылуы мен автокөліктің табысталуы – мақсаты жағынан екі түрлі болғанымен, көздегені бір игі іс. Ол – ауылдағы өмір сапасын жақсарту, демалыс пен жұмыс істеуге қосымша мүмкіндіктер жасау және туған өлкенің дамуына қолдау көрсету. Демек, Приозерное ауылының тұрғындары ауылдың болашағы нақты игі істер арқылы қалыптасатынына тағы бір мәрте көз жеткізді.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Серік Құдабай атап өткендей:
«Сіздердің өлке табиғи сұлулығымен, көркем табиғатымен және әсем көлімен танымал. Енді мұнда дәмхана ашылып, қонақтарға арналған қонақ үй бөлмелері де қарастырылған. Бұл туристердің осында келіп, демалып, бірнеше күн аялдауына мүмкіндік береді. Максимовка ауылында да жақсы дәмхана жұмыс істеп тұр. Ал «Флагман» дәмханасының ашылуы ауданымызда туризм бағытын дамыту жолындағы тағы бір маңызды қадам.
Еңбек ардагері, тәжірибелі ауыл шаруашылығы өндірушісі, әрі шаруашылықтың негізін қалаушы Василий Тимофеевич Галюкке ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде ол еңбек демалысына шыққанымен, өзі бастаған істі ұлы Андрей Васильевич пен немерелері жалғастырып келеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, еңбекке деген құрмет пен туған жерге адалдықтың лайықты үлгісі.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтетін жылы ауданымызда ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңа нысандар ашылып, игі бастамалардың жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Осындай туған жеріне жанашыр азаматтардың арқасында ауылдарымыз дамып, өмір сүруге қолайлы бола түсуде».
Сондай-ақ осы күні Серік Кенесарыұлы Сандықтау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Василий Тимофеевич Галюкке еліміздің дамуына қосқан елеулі үлесі, көп жылғы адал еңбегі мен өз ісіне деген берілгендігі үшін «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» медалін табыстады.
Василий Тимофеевичті лайықты марапатымен құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!
Дәмхана жанында ауыл тұрғындарына арналған жәрмеңке ұйымдастырылып, сондай-ақ спорттық жарыстар өткізілді.

Сандықтау ауданы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар