Бүгін өңірде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Күні бойы қалалар мен ауылдардың тұрғындары дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне келді. Өз таңдауларын әртүрлі буын мен мамандық өкілдері: жастар, ардагерлер, өңірге танымал азаматтар, спортшылар және еңбек ұжымдары жасады. Сонымен қатар облыстың елді мекендерінде концерттік бағдарламалар, тақырыптық акциялар мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Сайлауды өткізу үшін облыста 757 сайлау учаскесі ашылды. Оның 696-сы азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша, ал 61-і уақытша болатын орындарда жұмыс істеді. Сайлаушылар тізіміне 521 мыңнан астам адам енгізілді. Дауыс беруді ұйымдастыруға мыңнан астам сайлау комиссиясы жұмылдырылып, олардың құрамында 5,7 мыңнан астам адам жұмыс істеді. Сайлау барысын қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бақылап отырды.
Күн қорытындысы бойынша Ақмола облысында сайлаушылардың келуі 56,08%-ды құрады.
Дауыс беруге өңірде және одан тыс жерлерде де танымал азаматтар қатысты. Целиноград ауданының Родина ауылында «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры, «Қазақстанның Еңбек Ері» Иван Адамович Сауэр өз таңдауын жасады. Оның айтуынша, сайлауға қатысу – әр азаматтың өз ұстанымын білдіріп, ел болашағына үлес қосу мүмкіндігі.
«Адамдардың қоғамдық өмірден шет қалмағаны маңызды. Әрбір дауыс мәнге ие. Өйткені тұрғындардың мүддесін кім қорғайтыны және өңірдің дамуы жолында кім жұмыс істейтіні біздің таңдауымызға байланысты. Сайлауға қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі», – деп атап өтті Иван Адамович Сауэр.
Аға буын өкілдері де өз азаматтық ұстанымдарын білдірді. Қосшы қаласында орналасқан №750 сайлау учаскесіне Ұлы Отан соғысының 101 жастағы ардагері Нұрқасым Әжітаев келді. Жасына қарамастан, ол өзінің сайлау құқығын пайдаланып, жас ұрпаққа елді қадірлеп, оның болашағына қамқорлық жасауды тіледі.
«Елімізге бейбітшілік пен амандық, барша тұрғындарға денсаулық пен бірлік тілеймін. Жас ұрпаққа тәуелсіздігімізді сақтауды, үлкенді құрметтеуді және Отанымыздың болашағына жауапкершілікпен қарауды тілеймін», – деді Нұрқасым Әжітаев.
Көкшетау қаласында 100 жастағы Евдокия Беккерге үйде дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылды. Сайлау комиссиясының өкілдері қарияның сайлауға қатысуына жағдай жасау үшін оның үйіне барды. Осындай көшпелі дауыс беру шаралары жасы немесе денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін де ұйымдастырылды.
Дауыс беруге жастар да белсенді қатысты. Облыстың барлық аудандары мен қалаларында «Мен алғаш рет дауыс беремін» акциясы өтті. Ерейментау ауданында оған жас сайлаушылар клубының мүшелері қосылды. Ал «Бүкіл отбасымызбен дауыс береміз» акциясы аясында сайлау учаскелеріне бірнеше буын өкілдерінен құралған отбасылар келді. Олардың қатарында Абдрахмановтар, Тлеулиндер және Қасымовтар отбасылары болды.
Өңір кәсіпорындарының еңбек ұжымдары да дауыс беруге қатысты. Қызметкерлер сайлау учаскелеріне ұйымдасқан түрде келіп, облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласатынын көрсетті.
Спорт қауымдастығының өкілдері де өз таңдауларын жасады. Аршалы ауданында спортшылар №129 сайлау учаскесіне бірыңғай спорттық киіммен келді. Олардың арасында аралас жекпе-жек шеберлері Ғалымжан Жасұланов пен Мұхамед Амантаев, еркін күрестен спорт шебері Айзада Салмен, параүстел теннисінен Қазақстан чемпионы Константин Нохрин және ушу-саньдадан елдің үш дүркін чемпионы Хаджи-Мұрат Яндиев болды.
Дауыс берумен қатар облыстың елді мекендерінде мәдени және қоғамдық іс-шаралар да өтті. Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында, сондай-ақ Бұланды және Бурабай аудандарында жергілікті шығармашылық ұжымдар тұрғындарға концерттік бағдарламаларын ұсынды. «Достар», «Көкше» және «Горняк» мәдениет үйлерінің өнерпаздары, сондай-ақ «Берегиня», В. Н. Зеленый атындағы және «Журавушки» ансамбльдері өнер көрсетті.
Бірқатар ауданда тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды. Қорғалжын ауданында «Бір ел – бір мақсат, бір болашақ!» флешмобы мен жергілікті шеберлердің «Шеберлер ауылы» атты қолөнер бұйымдары көрмесі өтті. Жарқайың ауданында «Кітап оқитын ұлт» көрмесі ұсынылса, Целиноград ауданында «Аула Fest» ұйымдастырылды.
Сайлау күнінің тағы бір бөлігі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері болды. Ерейментау ауданының тұрғындары көкөніс, жеміс-жидек және ет өнімдерін сатып ала алды. Ал Целиноград ауданында сауда Ақмол, Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Арайлы және Родина ауылдарында ұйымдастырылды.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыстың қалалары мен аудандарында сайлау учаскелеріне дейін тегін тасымалдау ұйымдастырылды. Өздігінен дауыс беруге келе алмайтын азаматтарға көмек көрсету үшін мобильді топтар жұмыс істеді. Степногорск қаласында қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі де қамтамасыз етілді.
Сайлау қорытындысы бойынша Ақмола облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарына барлығы 265 депутат сайланады. Дауыс беру күні өңірдің түрлі елді мекендерін қамтып, әртүрлі жастағы және мамандықтағы тұрғындарды біріктірді. Бірі үшін бұл сайлауға алғаш рет қатысу болса, енді бірі үшін азаматтық ұстанымын білдірудің кезекті мүмкіндігі болды. Ал қалалар мен ауылдарда өткен мәдени және қоғамдық іс-шаралар сайлау күнінің ортақ бағдарламасының бір бөлігіне айналды.
![]()

