Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағдыры теміржолмен өрілген жан - АРҚА АЖАРЫ

Тағдыры теміржолмен өрілген жан

Алапат соғыс өрті тұтанған 1941-ші жылдың маусымында Балташ он беске енді аяқ басқан еді. Әке мен анадан тұл жетім бозбала Көкшетау ауданы Бірлестік ауылындағы туысқандарының қолында тәрбиеленіп жүрген. Аяқ астынан шыққан зұлмат бесінші сыныпты бітірген баланы ауылдың ауыр жұмысына салды да жіберді. Соғыс жылдарындағы жасөспірімдер Жамбыл атындағы колхоздың тіршілігіне тіреніш болуға тырысты.

Ауылда қалған қариялармен, әйелдермен бірге жұмыс істей жүріп Балташ бір үзім нан мен бір кесе айранның қадірін жете түйсіне белді. Бұғанасы қатпаған жетім балаға күш беретін «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген жүрек тербер ұран еді. Өгіз айдап дән септі, дайындалған астықты қабылдау пунктіне жеткізді, шалғы сілтеп, отын дайындады. Көп ұзамай ауылға «қара қағаздар» келе бастады. Балташ сияқты балалар ел өксігін басар жалғыз амал қайыспай жұмыс істеу деп білді. Сөйтіп жүргенде 1945 жылдың көктемгі егісіне дайындық аяқталар шақта, Бірлестікке жаудың жеңілгені туралы алақай хабар жеткен…
Балалық шақтың тауқыметі ерте есейткен Балташ Ысқақов 1949 жылдың маусымында толық емес орта білім алып, өзінің басты арманы – теміржолшы болуға біртабан жақындай түсті. Тепсе темір үзетіндей бозбала Көкшетау теміржол торабына монтер болып қабылданды. Жұмыс ауыр еді. Жұмыстың барлығы дерлік қол күшімен атқарылатын. Тәжірибелі кісілердің өзі ауыр рельстер мен шпалдарды көтеретін домкратқа шүкір айтатын. Әдетте, оны ары-бері көтеріп жүру Балташ сияқты жастардың мойнында. Бірақ, қолынан қайласы мен күрегі түспейтін ол ешқашан мойыған емес.
– Кешкісін аяқ-қолымыз көтертпей қалатын, – деп еске алады ардагер теміржолшы Балташ ағай. Бірақ, жұмыстан қалып көрген емеспін. Қиындықты жеңуге қымбатты тәлімгерлерім Қазақстанның құрметті теміржолшысы, мастер Николай Дружинин мен сол кездері аты аңызға айналған өндірістің шебер ұйымдастырушысы, теміржол торабының бастығы Хабиболла Дәуленовтың жігер жаныр ақыл-кеңесі көп көмегін тигізді. Араға үш жыл салып Ақмола қаласына, бригадирлер курсына жіберіп, сенім артқан ұжымыма да алғысым шексіз. Оқуды бітіріп келісімен смена бригадирі болдым. Біздің шағын ұжымымыз қажырлы еңбегімен озаттар сапынан түспейтін.
Азаматтық міндетін орындауға шақырылған Балташ Ысқақов Забайкалье әскери округінің теміржолшылар бөлімшесінің командирі ретінде өзінің тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін таныта білді. Мұны ағамыздың үйінде сақталған комсомолдық марапаттар дәлелдейді.
Бұл кезде газет-журналдарда, ауылдан келген хаттарда тың көтеру мәселесі ерекше оқиға ретінде екпіндетіп жазылып тұратын. Әсіресе, оның туған жерінде «Омбы-Қызылту-Көкшетау» теміржол құрылысы басталатыны жөніндегі хабар айрықша қызықтыратын. Әскер қатарынан ол ауылға ұшып келгендей болған. Оны өзінің қымбат ұжымы құшақ жая қарсы алды. Балташқа бірден Азат стансасындағы жолшылар бригадасын басқару сеніп тапсырылды. Көп ұзамай тәжірибелі теміржолшы жаңадан ашылған Золоторунное стансасына мастер болып орналасты.
«Теміржол тіршіліктің күретамыры» дегеніміз рас. Ұзындығы 200 шақырымды құрайтын жол бөлігінде жаңа тың шаруашылықтары құрылып, элеваторлар мен астық қабылдау пункттері салынды. Кейін келе жолаушылар пойыздары да жүре бастады. Осынау қауырт шақта теміржол қатынасын үздіксіз қамтамасыз ету Б.Ысқақов сияқты азаматтарды сынға салған еді. Оларды тың өлкесінің басты байлығы – астық тасымалын талап деңгейінде атқарған ерлер деуіміз керек.
– Балташ Ысқақов жетекшілік ететін бригада теміржолдың 30 шақырымдық бөлігіне кешенді қызмет көрсетті. Үнемі жүргізіліп тұратын тексерістерде бұл учаскенің жұмысы үнемі жоғары балл алып, өзгелерге үлгі етіп ұсынылатын. Тың теміржолының алғыс хаттары, ауыспалы тулары Балташ бригадасының абыройлы марапаты болғанын бүгінгі ардагерлер ілтипатпен еске алады. Осы учаскеде оның 40 жылдық екпінді істері мен ел игілігіндегі абыройлы қызметінің ұмытылмас іздері сайрап жатыр, – дейді бізбен тілдескен жол дистанциясы кадрлар бөлімінің бұрынғы басшысы Валентина Мамонова.
Балташ Ысқақов еңбек демалысына шыққаннан кейін де «Көкшетау-2» стансасында он жылдай еңбек етті. Ол осындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Балташ ағай өз кәсібіне берілген көптеген ізбасарлар тәрбиелей білді. Бұлардың біршамасы қазіргі күні де теміржол бойында абыройлы қызмет атқаруда. Атап айтқанда, Александр Кузьмин, Марат Ташманов, Маратбек Өмірзақов, тағы да басқа танымал бригадирлер, мастерлер, инженерлер құрмет тұғырындағы ұстазына үнемі хабарласып, пікірлесіп тұрады. Ал, Күмісжан апаймен бірге тәрбиелеген сегіз ұл-қызы халық шаруашылығының әр саласында, соның ішінде теміржол бойында да адал еңбектерімен сыйға бөленген жандар.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар