Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасының Жолдауы – ақмолалықтардың қолдауы - АРҚА АЖАРЫ

Елбасының Жолдауы – ақмолалықтардың қолдауы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы Ақмола облысының барлық тұрғындарының арасында зор қолдауға ие болып отыр. Жолдауды жер-жерде талқылау барысында нақтылы міндеттер белгіленіп, болашақтың айқын жоспары жасалуда.

Қазақстандықтар үшін аса маңызды мәселелер көтерілген

Биылғы Жолдаудың кіріспесінде Елбасы еліміз үшін ең басты маңызды мәселе – қазақстандықтарға жайлы әлеуметтік жағдай жасау екендігін ашық айтты.
Жолдаудың кіріспесінде айтылған ең төменгі еңбекақы деңгейін 1,5 есеге көтеру мәселесінің қозғалуы тектен-тек емес. Өйткені, бұл жалпы қазақстандықтардың жалақысының көлеміне, сол арқылы еліміздің экономикалық ахуалына игі әсерін тигізеді.
Коммуналдық қызмет және табиғи монополияларды реттеу, агроөнеркәсіптік кешен мен кәсіпкерлік саласында да маңызды міндеттер белгіленді. Осы орайда, біздің облысымызды дамытуға байланысты үлкен ресурстардың бар екендігін атап кеткен артық болмас.
Бүгінде маңызды болып отырған барша қазақстандық отбасыларына қатысы бар қолжетімді баспанамен қамту мәселесі де тілге тиек болды. Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту жайы мәслихат депутаттарының алқалы жиындарында үнемі қозғалып отырылады.
Елбасы сондай-ақ, денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігі мен сапасы туралы да айтып кетті. Салаға бөлінетін қаржы көлемін арттыру тұрғындардың талабына жауап беретіндей денсаулық сақтау қызметі сапасын арттыруға жағдай жасайды және балабақшадан бастап барлық білім беру жүйесін қамтитын білім сапасын жақсартуға игі ықпалын тигізеді. Мұғалімдер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Жолдауында «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылдау жөнінде тапсырма беруі ұстаздар үшін жағымды жаңалық болғаны анық.
2019 жылды Елбасы жастар жылы деп атауды ұсынып, жастар мәселесіне жете көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Жастарға жан-жақты әлеуметтік қолдау жасау керектігін айта келе, Мемлекет басшысы білім беруге, мектептердегі отансүйгіштік тәрбиеге баса назар аударуға, оқу бітірген жастарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуге жете көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Жолдауда сонымен бірге, бүгінде қоғамымызда өзекті мәселеге айналып отырған жемқорлықпен күрес пәрменділігін арттыруға, сот жүйесі қызметін жетілдіруге, электронды қызмет ауқымын кеңейтуге де көңіл бөлінген.
Құқық қорғау органдары қызметін қайта құру мәселесі де назардан тыс қалмады. Мәслихат депутаттары жергілікті полиция қызметінің есептерін тыңдай жүріп, бұл саланың проблемаларын жақсы біледі. Егер біз еліміздің ішкі қауіпсіздігі мәселесін дұрыс шешпесек, онда экономикалық даму туралы әңгіме көтерудің өзі негізсіз болмақ.
Жолдауда көтерілген маңызды мәселелер еліміздің қарқынды дамуына жол ашатын маңызды міндеттерді алға тартады. Барша қазақстандықтар Жолдауда белгіленген міндеттерді орындауда күш біріктіре белсенді әрекет жасайды деп сенемін. Мұның өзі біздерге, депутаттарға әсіресе, қатысты екені анық.
Біз Елбасы Жолдауына қолдау таныта отырып, онда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысатын боламыз.

Дулат Нұрмолдин,
Ақмола облыстық
мәслихатының хатшысы.

 

Мәңгілік мұраттарымыздың салтанаты

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Ақорда резиденциясында Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналып, адам өмірінің барлық маңызды салаларын, білім беруді, денсаулық сақтау саласын, тұрғын үй және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелерін қамтыды

Биылғы Жолдау басқа жылдармен салыстырғанда өзгеше жұмыс форматында өтті. Жауапты тұлғалармен диалог жүргізіліп, нақты жұмыс жағдайлары талқыланды. Мемлекет басшысы өз сөзінде 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын және алдымызда тұрған жаңа міндеттерді алға тартты. Жолдаудың басты тақырыбы ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, яғни табыс пен тұрмыс сапасының артуы баса назарға алынды. Осыған орай, Елбасы келесі міндеттерді жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды:
Біріншіден, халықтың табысын арттыру мақсатында Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Атап айтсақ, келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырды. Сонымен қатар, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияларды ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керектігін атап өтті. Осыған орай, тиісті бағдарламалардың қолданылу мерзімін ұзартып, бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалаудан қорғау үшін нақты шараларды қолдануды тапсырды. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру бизнес арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандықтардың басым бөлігін кепілді табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады.
Сондай-ақ, Жолдауда баса назар аударылған мәселенің бірі – агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру болды. Елбасы бұл саланы дамытуды басты міндеттердің бірі ретінде көрсете отырып, ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру үшін беделді шетелдік мамандарды, заманауи агротехнологияларды тарту маңыздылығына тоқталады. Негізгі міндет ретінде еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейтуді міндеттеді. Осы мақсаттарға жыл сайын бюджеттен қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.
Екіншіден, Елбасы білім берудің сапасы, азаматтардың тұрмыс деңгейінің бірден-бір көрсеткіші екенін ескере отырып, аталған саланы түбегейлі жақсарту мәселелеріне де тоқталды. Осыған орай, мектепке дейінгі және орта білім беру талаптарын және тәсілдерін өзгертуге назар аударды. Педагог мәртебесін қарастыратын заңды қабылдау керектігін атап өтті. Бұл бастама «мұғалімдер күнінің» қарсаңында қуанышты хабарға айналды.
Сонымен қатар, Елбасы өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру және тиімді сыртқы саясат мәселелеріне кеңінен тоқталды. Түйіндей келе, уақыт үрдісімен үндес Жолдау Қазақстанның әрбір азаматына жетіп және оның өмір сүруінің сапасын түбегейлі жақсартуына өз ықпалын тигізетініне кәміл сенемін. Жолдауда айтылған әрбір сөзді қолдаймын.

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.

Табыс болса, тұрмыс сапасы жақсарады

Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жария етті. Құжат елімізде тұрып жатқан халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталып отыр.

Жолдау алты тараудан тұрады. Әр тарауда еліміздің нақты дамуының кепілі саналатын салалардың барлығы қамтылды. Бұл жолғы Жолдаудың басты ерекшелігі еліміздің дамуы үшін әзірленген барлық әлеуметтік бағдарламалардың 2025 жылға дейін ұзартылып отырғанын Елбасы атап өтті: «Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді»,–деді Елбасы. Осының арқасында көптеген жұмыс орындары ашылып, осы бағдарламаның толыққанды жұмыс жасауына жол ашылатын болады.
Сондай-ақ, Президент «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек» дей келе, қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты жұмыстар атқару керектігін айтып өтті.
Жолдау барысында Елбасы әр сала министріне нақты тапсырмалар беріп отырды. Елдің кешенді дамуы үшін «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларын әрі қарай дамыту керектігі айтылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергенін атап өтіп, бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін де жеткізді.

Шоқан ЗӘКАРИН,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Қорғалжын ауданы.

Жайлы тұрмыс, сапалы өмір Жолдауы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауы Ақмола облысының тұрғындарын зор рухани серпіліске бастады. Мұны Көкшетау қалалық әкімдігінде Ақордадан тікелей телекөрсетілімге қатысқан қалың жұртшылықтың жүзіндегі жылы шуақтан айқын байқадық.

Бұл – Жолдауда айтылған «Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік… Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатты» деген сөздердің шынайы көрінісін білдіреді.
Жолдаудың «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» тарауындағы ұстанымдар көкшеліктер тіршілігіне қазірдің өзінде қалыпты игілікке айналды. Көкшетау соңғы жылдары нағыз құрылыс индустриясының орталығына айналды. Былтыр әкімдік тарапынан 11446 шаршы метрлік 5 көпқабатты үй пайдалануға берілсе, биыл 12 тұрғын үй салынып, алғашқыларында қоныс тойлары өткізіліп жатыр. Қалада «Сарыарқа» атты жаңа шағын аудан пайда болды.
– Мен осыдан 40 жыл бұрын жас маман ретінде пәтер кілтін алған едім. Енді осы жуырда ғана Қопа көлі жағалауынан жайлы үш бөлмелік пәтерге қоныстандым. Осы үшін атқарушы органдарға алғысымды айтамын,–дейді бізбен тілдескен қала тұрғыны Темірбек Қажкенов.
– Жаңа Елбасы Жолдауын мұқият тыңдап, мұнда көтерілген басты мәселелердің маңыздылығына риза болдым,–дейді еңбек ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов. Жыл сайын зейнетақы мен әлеуметтік көмек көлемі артып отыр. Келесі жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы тағы да өспекші. Сондай-ақ, жалақының ең төменгі көлемі 42 мың теңгеден асатыны да көпшілікке демеу болатыны айқын. Халқымыз қамқорлыққа толымды қайтарым жасайтын дәстүрінен айнымайтыны белгілі. Болашаққа деген сенім ұрпағымыздың алаңсыз өсіп-өнуін қамтамасыз ететіні де анық.
–Көгілдір Көкшетау жаңа әлеуметтік нысандарымен де шырайлана түсуде,–дейді белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская. – Осы бір-екі жылдың маңайында Неке сарайы, спорттық және демалыс-сауықтыру орталықтары, балалар бақшасы мен заманалық ІТ-мектеп пайдалануға берілді. Әрбір тұрғын үй ауласы дене шынықтыру және балалардың ойын алаңдарымен жарқырап тұр. Студенттердің 5 жатақханасы салынады деп күтілуде. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық үшін жасап жатқан риясыз қызметінің арқасы. Жаңа өзіміз зейін қоя тыңдаған Жолдаудағы тапсырмалар мүлтіксіз орындалатынына сенемін. Өйткені, Мемлекет басшысының әр тарау-да белгіленген міндеттерді министрлер мен облыс әкімдерін орнынан тұрғызып, нақтылап алғаны көңілден шықты.

Бақберген Амалбеков.

Бар ісіміздің темірқазығы болуы тиіс

Елбасының бұл жаңа Жолдауы өзінің жаңашылдығымен, нақтылығымен елді елең еткізді. Осы жолы Жолдаудың мәні басқа форматта жеткізіліп, салалық басшылардан бұдан бұрынғы берілген тапсырмалардың, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінің сұралуы да көңілде жақсы әсер қалдырды. Мемлекет басшысы өте орынды атап өткеніндей, бүгінгі қоғамды толғандырып отырған басты мәселе – халықтың тұрмыс сапасы.

Міне, осы мәселенің биылғы Жолдаудың басты тақырыбына айналғаны уақыт тынысын дөп басып тұрғаны анық. Рас, өткен кезеңде атқарылған шаруа аз емес. Қай саланы алсақ та, біраз жетістіктерге қол жетті. Ел игілігі үшін қабылданған стратегиялық жоспарлар мен кешенді бағдарламалардың арқасында алынбас асулар алынды. Бірақ, өмір бір жерде тұрмайды. Бізге де өзге дамыған елдердің сара жолымен одан әрі өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру деңгейін көтеру керек. Кез келген елдің әлемде алатын орны осы көрсеткіштермен өлшенеді.
Осы тұрғыдан алғанда «Білім беру, денсаулық сақтау саласы, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты» деп Мемлекет басшысы өте-мөте дұрыс айтады. Елбасының ойынша, бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Иә, бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, осы салалардың бет-бейнесі оған мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп, қаржы жұмсалып отырғандығынан көрінеді. Егер аталған салаларға қаржы жеткілікті бөлінсе, жағдай да жақсы. Елбасы айтқан мәселе шешілсе, онда осы тұрғыдағы істің жайы да қазіргіден түзу бола түседі.
Алайда, бүгінгі нарықтық экономика мен менеджмент дәуірінде бәрін Үкіметтің мойнына артып қойып, қарап отыруға болмайды. Жолдауда айтылған жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілсін десек, әр жоғары оқу орны осы бір үдде биігінен көрінуді өзінің төл міндеті деп білуі тиіс. Ал, міндет деп білу – осы жолда өзіміздің де алға ұмтылуымыз, тұрмыс сапасын арттыруды қажет етіп отырған халықтың бір бөлігі болып табылатын студент жастардың алаңсыз білім алуына қолдан келген барлық жағдайды жасауымыз, соның мықты негізін қалауымыз. Бүгінгі білім беру саласында өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін барынша сезіне отырып, біздің университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қазіргі таңда дәл осындай қағиданы өз ізденісті жұмысының басты бағыты етіп ұстануда.
Айталық, Елбасының бес әлеуметтік бас-тамасында көтерілген студент жастар үшін жатақхана салу мәселесі бізде бірнеше жыл бұрын қолға алынған еді. Сөйтіп, 300 орындық тұрмысқа қолайлы жатақхана дәл бас оқу корпусының жанынан орын теуіп, ауылдық жерлерден келген қаншама ұл-қыздардың білім жолындағы құтты ұясына да айналып үлгерді. Енді Елбасы бастамасына одан әрі қолдау білдіріп, таяу арада тағы 300 орындық екінші жатақхана үйін салуды іс-жоспарымызға мықтап енгізіп қойдық.
Жолдауда айтылған жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатына келсек, оны да қолдаймыз. Материалдық-техникалық базасы талапқа сай емес жекелеген оқу орындары біріктірілуі қажет. Себебі, мұндай жерлерде оқушы және студент жастардың толыққанды білім алып, өз қалаған мамандығының нақты иесі болып шығуы көңілде сенім ұялата қоймайды. Осы орайда жол – жағдайы жақсы, шәкірттерінің алдынан білім алудың барлық жолы ашылған прогрессивті оқу орындарынікі деуіміз керек. Осы талапқа жауап беріп отырған біздің университеттің төрт факультетінде 2500 студент 24 мамандықтың қыр-сырына бойлауда. Ол мамандықтар бүгінгі нарық заманында өз қажеттілігін жоймайтын, халық шаруашылығына өте керек кәсіптер. Оны университетті ойдағыдай тәмамдап шыққан түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші 94 пайызды құрайтыны да жақсы көрсетіп отыр деуімізге толық негіз бар.
Жолдауда атап көрсетілгеніндей, жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы болса, бұл бағытта біз бүгінгі күнге дейін қолымыздан келген жұмыстарды одан әрі де табандылықпен жалғастыра береміз. Өйткені, білім жолында өз төккен теріңнің жемісін көру – қай оқу орнына болсын зор мерей.
Осы жолғы Жолдауда білім беру саласының өзекті мәселелері мен алдағы көкжиегіне кең мән берілуі бізді оқытушы ғалымдарды ерекше қанаттандырып отыр. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірленіп, қабылданса, бұл да мұғалімдер көңілін жайландырып, ортақ ісімізге тың серпін берері ақиқат. Сөзімнің басында айтылған әр оқу орны тек жоғары жаққа алақан жаймай, заман көшіне өзі ілесуі керек деген мәселеге келсем, әне-міне өз күшімізбен 1 мың орындық Студенттер сарайын да салғалы отырмыз. Онда студент жастардың дене тәрбиесі және спортпен шұғылдануына барлық жағдай қарастырылған 3 спорт залы мен бассейн жұмыс істейтін болады.
Міне, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа істер көкжиегіне көз тіктірген Жолдауынан туындаған өзіндік ойларымыздың бір парасы осындай. Жоғары білім саласында мемлекеттің қамқорлығымен бірге, жауапкершілік кезеңі де келгені рас. Олай болса, мазмұнды да салиқалы Жолдауға нақты іспен жауап беру барлық ой-аңсарымыздың берік темірқазығы болуы тиіс.
Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ақмола облысының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Маңызды міндет – халықтың сотқа деген сенімін арттыру

Ақмола облыстық сотында Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауында айқындалған сот саласына қатысты міндеттер жайында айта келе, оны орындауға әрбір судья, сот саласының қызметкері атсалысуы қажеттігіне тоқталды. Сот саласында соңғы жылдарда заман талабына сай электронды қызмет түрлері кең енгізіліп, «Сот кабинеті» сервисі табысты жұмыс жасауда. Бұның өзі азаматтардың сотқа келмей-ақ, интернет арқылы шағымдарын беріп, сот процесінің барысымен танысып отыруларына мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, скайп арқылы сот мәжілістерін қашықтан өткізу тәжірибесі жол шығыны мен тауқыметін азайтып, сот жұмысын оңтайландыра түсті. Елбасы Жолдауында сот жұмысындағы заманауи форматтар мен озық электронды сервистерді енгізуді одан әрі жалғастыру жайы айтылды. Ақмола облысы соттарында бұл бағытта жұмыстар үзбей жүргізіліп келеді.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – судьялар корпусын білікті мамандармен толықтыру жайы да маңызды болып отыр. Жоғарғы сот төрағасының бастамасымен бұл бағытта да айтарлықтай жұмыстар қолға алынуда. Жиын барысында облыстық соттың төрағасы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудан ешкім де сырт қалмай, бұл бағыттағы жұмыстарға белсене қатысу қажеттігін атап өтті. «Елбасы белгілеген міндеттерді жүзеге асыру арқылы сот саласын заман талабына сай дамытуға қол жеткіземіз және ең бастысы, халықтың сотқа сенімін арттырамыз» деді облыстық соттың төрағасы.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар