Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында негізгі алты бағытты айқындады. Оның ішінде келер жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Бұл маңызды құжаттағы міндеттерді Ақмола облысының жастар ресурстық орталығының ұжымы Көкшетаудағы жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерімен талқылады.
Кездесуде орталық басшысы Ерлан Мүсіпов жастарға Жолдаудағы басты бағыттарын түсіндіріп, алдағы жылдың жоспарларымен бөлісті. Жастар қоғамдық бірлестіктерімен кездесу жаңа форматта өтті. Шараға «Жас Отан» жастар қанаты, «Көкшетау қаласының жастар ресурстық орталығы», «Көкшетау студенттерінің альянсы», «Феникс» еріктілер орталығы», «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қоры, «Жаңа Толқын» жас-
тар қоғамдық бірлестігі, «Drim» әскери қызмет негізі, «Думан» Ақмола педагогикалық отряды» қоғамдық бірлестігі, Көкшетау қаласының дебат клубы, «Jaidarman» КТК Ақмола облыстық лигасы, «Реверанс» би спорттық клубы, «The Legacy Show» би студиясы, «Fox Workout Akmola» спорттық команда, «Сефирот» фаер-шоу қатысты.
Қатысушылар слайд, видео және концерттік бағдарлама ұсынды. Шара қатысушылар мен қонақтардың бірлесіп Ақмола облысы жастары әнұранын орындаумен аяқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.