Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын Көкшетауда түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдады. Олар өз пікірлерін партияның Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырған Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» аймақтық коалициясының кезекті отырысында ортаға салды.
«Ұлт Көшбасшысының әлеуметтік әл-ауқатты арттыру жөніндегі бастамалары қоғамымыздың барлық әлеуметтік топтарына және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын әлемнің дамыған елдерінің деңгейіне жеткізуге бағытталған. Осы теңдессіз шараларды іске асыруға мемлекеттен 1,5 триллион теңге бөлінеді. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік жылдары мемлекеттің берік экономикалық негіздері құрылып, барлық алынған әлеуметтік міндеттемелер әрдайым орындалғанын атап өтті. Осы жылғы Жолдау әлеуметтік саладағы бірегей өзгерістермен қатар, қуатты экономикалық блоктан тұрады, онда бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, тұрақты өсу қарқынын нығайтуға баса назар аударылады. Бұл ауқымды тарихи құжат әлемдегі күрделі экономикалық және геосаяси жағдайға қарамастан ұсынылды. Бұл Мемлекет басшысының уақыттың сын-қатерлерін халықты шоғырландыру және елді дамудың жаңа деңгейіне шығарудағы көрегендігі, оның тарихи батылдығы», – деді отырысқа модератор болған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов.
Отырыс барысында өз ойларын ортаға салған «ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Әбілжан Құсайынов, Қазақстан коммунистік халық партиясының облыстық филиалының төрағасы Бейсенбай Мәжитов, «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясының облыстық филиалының төрағасы Бақыт Смағұл, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының өкілдері мен үкіметтік емес ұйым мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салып, отырыс соңында бірауыздан барлық саяси күштер мен қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтық қоғам өкілдерін Мемлекет басшысының Жолдауын қолдауға және оны іске асыруға белсенді қатысуға шақыратын Үндеуді қолдады.
Динара Дүйсен,
«Нұр Отан» партиясы
Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.