Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы міндеттерді халыққа түсіндіру мақсатында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дәурен Әділбеков және Қоғамдық даму вице-министрі Сергей Коновалов Степногорск қаласында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Степногорск қалалық №2 индустриалды-техникалық колледжінде өткен кездесуде вице-министр білім беру саласында қол жеткізген табыстарымыз, ел экономикасын арттыру жолындағы игі бастамалар, қарапайым халыққа жасалып отырған шынайы қамқорлық ілгері басуымыздың нақты көрінісі екендігіне тоқталды.
– Еліміз өзінің ширек ғасырлық даму кезеңінде тамаша жетістіктерге жетіп, ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Қай салада болсын дамудың, өркениетке жетудің игі қадамдары жасалды. Табыстарымыз бен жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындап және жоғары бағалап, басқаларға үлгі тұтты. Жас мемлекетіміз үшін бұл үлкен мәртебе, – деді Сергей Коновалов өз сөзінде.
Сонымен қатар, вице-министр «Батыр» балалар мен жасөспірімдердің клубы, «Өмір» тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған әлеуметтік көмек көрсету оралығы, «Достық» шығармашылық үйінің ұжымдары, мемлекеттік емес ұйымдармен және аудан активімен кездесті.
Қала активінде ақпараттық насихат тобының мүшелері атап өткендей, Мемлекет басшысының қолға алып отырған сарабдал саясаты мен бәсекелестікке қарсы тұра алатын еліміздің мықты экономикасының арқасында Қазақстан дамудың барлық сатысынан мүдірмей өтіп, дамыған 30 елге қосылатынына сенім мол.
Аслан Оспанов.