Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы, онда көрсетілген міндеттерді орындау мәселелері облыс аудандарында кеңінен талқылануда.
Кеше Шортанды ауданында Қазақ стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Мәдина Нұрғалиева тұрғындармен кездесіп, биылғы Жолдаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Аудан орталығындағы №2 орта мектепте ұстаздар қауымымен және мемлекеттік қызметкерлермен болған кездесуде Мәдина Маратқызы негізінен, Жолдаудағы мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жайларға тоқталса, аудандық ауруханада денсаулық сақтау мәселесін жақсарту мен халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру жайында пікір алмасты.
Бір назар аударарлығы, Мәдина Маратқызы қағазға көп үңілмей, кездесуді емен-жарқын әңгіме түрінде өткізіп, жиналғандарға тұрғындарды толғандыратын көптеген мәселелер бойынша біраз мағлұмат берді. Кездесу барысында сондай-ақ, аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин ауданда атқарылған істердің жайына тоқталды. Кездесу одан әрі Бозайғыр ауылында жалғасып, М.Нұрғалиева ауыл тұрғындарымен ой бөлісті.
Т.БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Шортанды ауданы.
Суреттерде: кездесуден көріністер.