Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Руханият жанашыры - АРҚА АЖАРЫ

Руханият жанашыры

Ұлт басылымы – «Ана тілі» газетінің бағыт-бағдарымен көзі қарақты оқырман жақсы таныс. Ең басты мақсат – қазақ тілінің мән-маңызын жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, оның ел өмірінде қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.

Тілге қатысты мақалалар газет бетінде «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры», «Тілі мықтының – елі мықты», «Тілге көзқарас – елге көзқарас», «Тілбұзарға – тосқауыл» секілді айдарлармен үзбей жарық көріп келеді. Осы айдарлармен берілген материалдарда тілімізді тұғырлы етудегі атқарылған істермен қатар орын алып отырған кемшіліктер, көңіл бөлер жайттар өзек болады. Ұмыт болған көне сөздерді, қолданысқа енген жаңа сөздерді танып, білуде ай сайын берілетін «Сөзтаным» арнаулы бетінің де орыны ерекше.
Тіл мәселесін өзгелерден бөлек, жеке дара қарай алмайтынымыз белгілі. Тіл барлық салаға қатысты. Міне, сол себепті де, газетімізде тіл тақырыбынан басқа тарих, мәдениет, әдебиет мәселелері, озық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жайы да сөз етіледі.
Газет жұмысына өзгеріс, жаңалық тән болуы тиіс. Бүгінгі оқырман осыны қалайды. Соңғы уақытта басылым бетінде жаңа айдарлар пайда болды. Олар: «Мұражай: жадының жаңғыруы», «Аймақ театры», «Сахара шаһарлары», «Безбен», «Сандықта сақталған сурет», «Төрт түлік атаулары» және басқалар. Бұл айдарлармен жарық көріп жатқан дүниелерде ұлт тарихының тылсым сырлары, әдеби шығармалардың қазіргі деңгейі, жергілікті театрлардың тыныс-тіршілігі, қазақы атаулардың жай-күйі қамтылып жүр.
Газеттің мазмұнды, талаптағыдай шығуына редакцияға хат жолдайтын тұрақты авторларымыздың қосып жүрген үлестері қомақты. Олардың арасында сан алуан мамандық иелері бар. Хат иелері өздерін толғандырған түйіткілді мәселелерді ортаға салады. Оларды шешудің жолдарын көрсетеді. Еліміздің әрі қарай өсіп-өркенденуіне, рухани жаңғыруымызға әсер ететін ой-пікірлердің жарық көруіне редакция ұжымы да мүдделі.
«Ана тілінің» ұлт басылымы екендігін сөзіміздің басында айттық. Газетте жарияланған мақалалар арқылы жер-жерде атқарылып жатқан жарқын істермен, өнегелі адамдардың өмірімен кеңірек танысуға болады. Қазақтың қойнауы қазынаға бай, талай дарынды ұл-қыздарды дүниеге әкелген қасиетті жерлерінің бірі – Ақмола облысы. Бұл өңірдегі жаңалықтар, сан қырлы талант иелерінің шығармашылық жетістіктері газет назарынан тыс қалған емес. Мәселен, биылғы жылы Байқал Байәділовтің «Бал татыған Тасқұдықтың суын-ай», «Бөдене» деген мақалалары, «Ықылас пен ынта керек», «Қазақ-қырғыз бір туған» сынды мақалалар жарық көрді. Ақмола өңірінің рухани өмірі, ардақты азаматтары жайлы мақалалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Реті келіп тұрғанда редакциямен жиі хабарласып, өңірден хат жолдап отыратын белсенді авторларымыздың да аты-жөндерін атай кетейік. Олар: Асқарбек Бектемісов, Сәтжан Қасымжанұлы, Өмірбек Қуанышұлы, Ханзипа Кәкімжан және басқалар. Өңірдің адамдары, олардың игілікті істері туралы хат жолдап отыратын авторларымызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Қазіргі уақытта «Қазпошта» бойынша «Ана тілі» газетіне 2015 жылға жазылу жүріп жатыр. Атап айтсақ, жеке жазылушылар үшін: индекс 65367, қалалықтар – 2960 теңге 40 тиынға, ал аудан мен ауылдағы оқырмандар – 3113 теңге 28 тиынға жазыла алады. Кәсіпорын мен мекеме үшін: индекс 15367, қалалықтар – 5490 теңгеге, аудан мен ауылда тұратындар – 5642 теңге 88 тиынға жазыла алады.
Ұлттық мүддеге, туған тіліміздің тұғыры биіктей түсуіне қызмет етіп келе жатқан «Ана тілінің» оқырмандары келесі жылы Ақмола өңірінде көбірек болады деген сенім бар.
Самат ИБРАИМ,
«Ана тілі» газетінің Бас редакторы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар