Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
"Ахау. дүние жалған!.." - АРҚА АЖАРЫ

«Ахау. дүние жалған!..»

Қазақтың арқалы ақыны, дана композиторы, ән падишасы Ақан сері Қорамсаұлы жайлы кезінде Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов, Бейсембай Кенжебаев, Мұзафар Әлімбаев, Сәкен Жүнісов, Сыдық Мұхамеджанов, Тәкен Әлімқұлов сынды алыптарымыздың бірі мақала, бірі роман, бірі поэма, бірі драма, бірі опера, бірі повесть жазғаны көзі қарақты оқырманға кеңінен мәлім. Осындай үлкен тұлғаларымыздан соң Ақан сері туралы әңгіме айту қиынның қиыны.

Көрнекті жазушы Сәкен Жүнісов жазған, Ақанның аңшылық құрып жүрген кезінен бастап, Құлагердің мерт болуына дейінгі ұзақ кезеңді қамтыған қазақ қоғамының қилы-қилы өмір-тағдырын кестелеген «Ақан сері» дилогиясы бала кезімнен таныс. Қызыға оқып, тебіреніп, толқығаным есімнен кетпейді.
«Ақан сері» роман-дилогиясында жазушы Сәкен Жүнісов тұтас қазақ халқы, оның рухани болмысы, әлеуметтік өмірі, әншілік табиғаты хақында қадау-қадау философиялық ойға барған. «Ақан серідегі» – Ақан, Сәкен Жүнісовтың сегіз қырлы, бір сырлы Ақаны! Ақан сүйген, алғашқы жары Бәтима, одан кейінгі Ұрқия, кейінгі Жамал қыз, Балқадиша тағдыр-талайы бір төбе де, Ақтоқты тағдыры бір төбе.
Ақиқатында Сәкен Жүнісов кескіндеген Ақтоқтының көркем бейнесі, кешегі Домалақ ана, Зере, Ұлжан, Ұлпан т.б. әжелерімізбен иық теңестірген, иманды, ақылды, үлкен жүректі, мейірімді аналарымыздың қатарында тұр десек жаңылыса қоймаспын.
Жаны да, жүрегі де мөлдір, тумысынан бекзат, сұлу Ақтоқтының Жалмұқанға ұзатылардағы: «…Ақан шын сүйді. Сол себепті, ол өз сүйгенін жамандыққа бұйырмады. Ол ғашықтық жарасын жанға салғанмен, тәнге салған жоқ… Мені сақтаған Ақан – ақын жүрегі. Оның сендердің бәріңнен артықтығы сонда…» дейді тебіреніп.
Мұндай зар тілекті, ащы ақиқатты Ақтоқтыдай батыл қазақ қызы ғана айта алады!..
«Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір», – деп жазады Мағжан Жұмабаев.
– Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән… Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әншіл. Бірақ, Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың қарауылдың қалың көздері: «Ақанның әні-ай!» деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері атын қойған…».
«Ақанның өмірі – атам қазаққа аңыз болған әйгілі де әсерлі, атақты да аяулы нағыз сегіз сырлы бір қырлы өмір, – деп толғанады көрнекті ақын Кәкімбек Салықов. – Біз Сырымбеттің етегіндегі Казгородок орта мектебінде оқып жүргенде Сәкен, Мағжан, Ілияс, Бейімбеттерді білмедік, ал Ақан жайлы сан түрлі хикаялы әңгімелерге қанып өстік. Өз басым жас күнімнен Ақанды пір тұттым. Атажұртым Арғын Қарауылдағы Қожым елі Ақан серінің
ауылдарымен қанаттас болды. Ана жұртым Үкілі Ыбырай ауылы да Ақан ауылынан алыс емес-ті. Ақанның зиратынан Үкілі Ыбырай ауылы он шақырымдай жерде. Үкілі бабамыз серінің нағыз шәкірті. Үкілі Ыбырайды Біржан салға апарып таныс-
тырып, батасын алдырған да Ақан. Ақан серінің беделі төрелерден зор, билердің аға биіндей болыпты, есімді білгелі көкейіме қонғаны бүкіл ел сері бабамызды «Ақан аға» атайтын. Үкілі Ыбырайдай Ақанның шәкіртіне жастай еріп, еліктеп өскен Молдахмет Тырбиұлы Ақан ағаның талай әндерін жалықпай айтса, өте қызғылықты өмір көріністерін де қаз қалпынан өзгертпей біздерге ұғындыра білді…».
***
Белгілі музыка зерттеушісі, композитор, жазушы Илья Жақанов өзінің шығармашылық ғұмырының ондаған жылын Арқаның атақты әнші-күйшілері мен ақын-жазушыларының өмірін зерттеуге арнағаны белгілі. Осы іздену, шеті көрінген деректі індете іздеу, аяғына жеткізудің нәтижесі – 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі әңгімелер мен эсселер кітабы. Ал, 2013 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Бір кезде Ақан едім аспандағы…» атты деректі хикаятта қоңыр ат, Құлагер трагедиясы, оған кінәлі Батыраш емес, Барақбай екендігі, Ұрқия, Жамал, Жалмұқан-Ақтоқты баяны, Балқадиша мен Шырмауық әні жайлы деректі дүниелерді құштарлықпен, ыждаһаттылықпен талдап, мөлдірете жазған Илья Жақановтың аталмыш жинағы ұшан-теңіз, жаңа жаңалықтарымен, дәйекті, дәлелді айғақтарымен Ақан тануға қатысты терең, жан-жақты ой-толғамдарымен дараланады.
Ақан серінің шығармашылығы, өмір-тарихы, кісілік кескін-келбеті, туабітті әншілік, ақындық, композиторлық дарын-таланты терең сипатталып, шұрайлы тілмен өрілген. Құлагерді жер жастандырған Барақбай екендігі нақты деректер негізінде анықталған. Ел жадында ерекше сақталған – Батыраш-Қотыраш өтірік жаладан ағарған.
Бұл әрине – тосын және керек жаңалық!..
Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір мысал келтірейін. Көкшетауда, облыстық телевизияда қызмет істеген жылдары 1995 жылы маусым айында, Илья аға екеуіміз Көкшетау ауданының Қызылсая ауылында Мөңкенің (шын аты Мөкен) кенже қызы Қаназия апамен және ол кісінің немере ағасы Көзтай ақсақалмен жүздестік.
Ақан серінің Мөңке баланы еркелете аялап, Құлагерге мінгізіп, Сағынай асындағы қайғылы жағдайға душар болған жайдың бәрі-бәрін қағазға түсірдік. Көзтай ақсақал Ақан серінің сол кездердегі күйзелісті күйін, Құлагердің Сағынай асына дейінгі жойқын шабыстарын бізге беймәлім деректермен айтып берді.
Ол деректердің дені Илья Жақановтың Қасым ақсақалдың дәптерінде жазылған дәйектің бәрін растағандай, Құлагер жөнінде бұған дейінгі түсінігімізге өзгеше бір елең еткізген шырай таратты. Сағынай асында болған қасіреттің салдар-себебін біз әлі күнге дейін жақсы білмейді екенбіз. Бар шындық ел ішінде бүркеулі күйінде булығып жатқан екен. Біз Ақан сері жайлы жазылған көркем шығармаларға ғана сеніппіз… (Және кешегі Кеңес одағы кезінде социалистік реализм аясынан шыға алмай, шындықты айналып өтуге, бұрмалауға тура келді емес пе?!.)
Кейіннен мен Көзтай ақсақал мен Қаназия ападан естіген деректі негізге алып «Бота тірсек, қыл сағақ, сандал керім…» атты деректі әңгіме жазып, ол шығарма әуелі облыстық «Көкшетау», содан соң «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланды. 2002 жылы бұл деректі әңгіме «Әуелеп ұшқан тырналар» деген жинағыма енді.
***
Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған өз заманының асқақ, арқалы ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған айрықша дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем емес. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық-поэтикалық мұрасы енген. Оның шығармашылық бітім-болмысының басты қасиеттері – өмір шындығын боямасыз жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы.
***
Мынау аппақ әлемнің әлем-тапырығы шыққандай, ақшам жамырап, түн келеді түнеріп. Айнала төңірегі тым-тырыс, құлазыған қу медиендей сұрқай көріністер… Кешегі күнгі қым-қуыт қызық дүниенің базары тарқаған… Қамшының сабындай фәни жалған опа берді ме? Жеткен ұшпағы қайсы?!. Іздегенін тапты ма? Тапса қанеки?!. Аласұрады Ақан. Байыз табар емес. Жүрек шіркін неге шарасыз?!. Қайда барып тұрақ табар?!. «Шырмауық!..» дейді де қояды.
Ақан сері бұл әнді шығарғанда 58 жаста болатын.
–Кезінде бұл ән ойлы толғау боп айтылған. Оны Ақан серінің серіктері – қалың Қарауылдың бес бұлбұлы – Сұлтанмұрат, Бәтжан, Нұралы, Темірбек, олардан жас Үкілі Ыбырай, Біржан елінде Жетебайдың Оспаны, Бәкеннің Хамиты жан тебіренте толғады. Бұлардың көзі кеткен соң ән бірте-бірте көмескі тартып, сирек айтылып жүрді. Ал, ел ішінде бұл әнге аңсау басыла қоймады. Иесінен, орындаушыларынан айырылған есіл ән бағзы бір көкіректерде көшкен елдің жұртында қалған қоламтадай елеусіз ғана жата берген, – дейді Илья аға толғанып.

Шырмауық шығарында бас тартады,
Біздің ел ерте жайлап кеш қайтады.
Ел қайтқан жайлауынан құла дүздей,
Көңілімді ұқпай қойды қалқамдағы.

Ахау, дүние жалған,
Өтті-ау арман.
Сұм тағдыр шырмауықтай,
Шырмап алған…
– деп төгіліп, егіліп толғайды Ақан. Осынау бас-аяғы жұп-жұмыр, шағын өлеңде Ақанның күллі тағдыры, арман-мақсаты, өксікті өкініші, әтеген-айы, опынуы, Тәңірі ерекше дарын, ерекше тағдыр сыйлаған күрделі тұлғаның өмірбаяны жатыр…
Айтты-айтпады, Ақан өмірі – Мағжан айтқандай, сұлу тағдыр, «сұлу өмір!..»
Ақан серідей дара дарынның шығармашылығын, оның ішінде өлең-жырларын талдап-таразылау жалғаса беруі тиіс. Ондай зерттеу мақалалар жазылды және алдағы уақытта жалғасын табады деп есептеймін.
Қазақ әнінің падишасы, біртуар ақын, дарынды композитор Ақан сері Қорамсаұлы жайлы бүгінгі жас толқын біліп-тануы үшін, насихат жұмыстары ауадай қажет. Сол насихаттың бірі – көркем фильм түсіру. Өйткені, кино фильм жаһандану жолына бет түзеген егеменді елімізге, бүгінгі көрерменге өте-мөте қажет деп есептеймін. Мұның сыртында Ақан сері туған айда, жыл сайын Көкшетауда «Ақан оқулары» айлығын өткізу дәстүрге айналса деген тілегіміз бар.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Астана.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар