Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буған

Қазақ әдебиетінің ірі өкілі, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында

1893 жылы 28 қазанда дүниеге келіп, 1920 жылы 21 мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданында қайтыс болған. Биыл көрнекті ақынның туғанына 125 жыл толып отыр.

Оның сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.
С.Торайғыров – қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы. Ол қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен бірден-бір ақын. Сол уақытта жаңа, белгісіз жанрда өлең жазған ақынның әртүрлі шығармалары бар, атап айтсақ: екі роман, бес поэма, көптеген өлеңдер, мақалалар, очерктер және публицистикалық шығармалар.
С. Торайғыровтың шығармашылық мұрасын әдеби тұрғыдан зерттеу XX ғасырдың 30-жылдарынан басталды. Сұлтанмахмұт жайлы алғашқы мақалалардың авторлары І.Жансүгіров, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, А.Адалис, И.Маслова, Қ.Дәукенов, С.Айтмұқанов және тағы басқалары болды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосты, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасына енді, келер ұрпақтардың игілігіне айналды. Ақын екі жасында анасы қайтыс болып, алты жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшеді. Алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.
1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ, мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, көптеген өлеңдеріне қоса, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады.
1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан ол «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасады. Осы журналда әңгіме, мақалаларын жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барғанымен, діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен тағы біраз өлеңдер жазса, 1915 жылы «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Катонқарағайда, кейін Зайсанда болып, орыс тілін үйренеді.
1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп, көңілі көтеріледі. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.
1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатысып, «Алаш ұранын» жариялады. Бірақ, ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатысты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиеттегі Г.Ц.Плеханов, Н.Г.Чернышевский, тағы басқаларын оқып, ой түйеді.
Оның шығармашылығының ерекшелігі, қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың сипаты жайлы жазды.
С.Торайғыров 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай мен Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. Айталық, «Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады», тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады.
Алғашқы поэмасы «Таныстыруда» Алашорда қозғалысының өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың «бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай» екендігін жазады, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкәрімді ерекше атап көрсетеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар