Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Вашингтон мұражайындағы жазу - АРҚА АЖАРЫ

Вашингтон мұражайындағы жазу

Сондағы дүниежүзілік авиация көрме залында ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің фамилиясы үшінші болып тұр

Атқан оқтай, шапқан аттай болған зымыран-уақыттың шаңына ілесіп үлгере алар ма екенбіз?! Жарты ғасыр ішінде Гагариннің ізін қуып ғарышта болған әлемдік азаматтардың  саны 500-ден асып жығылды… Қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер осынау қалың топтың ішінде 256-шы орында. Бірақ, Тоқтар Әубәкіров қазақ тарихында ғарыштық сапарға жол ашқан мәңгілік бірінші тұлға болып қалары анық.
Қазақтар да ғарыш әлемінің есігін ашуда алғашқы қадамды қызық түрде жасады. Мына бір сәйкестікке, тарихи ұқсастыққа назар аударып көрейікші! Елбасының сол кездегі іс-қимылынан болашақ Қазақстанның ғарыш игеруге тікелей үлес қосып қана қоймай, әуелден-ақ ғарыш мемлекеттерінің қатарына қосылуын жан-тәнімен көздегенін байқайсыз. Содан да болар, алдымен Тоқтар Әубәкіров ұшты. Талғат Мұсабаев кезегін күтті.
Тоқтар Әубәкіровтің өзі бұл туралы былай дейді: «Таныстарымның бірі телефон шалып, менің ғарышқа ұшатыным туралы Мәскеуден хабар таратылғанын айтқанда, жасыратыны жоқ, күйіп-пістім! Өйткені, Ұшуды басқару орталығындағы (ЦУП) сөзбұйдалық әрекеттер мен көпе-көрнеу кедергілер менің кеңірдегіме дейін жетіп, тұрып қалған. Ғарышқа ұшу туралы Нұрекеңмен өзара болған әңгімені де ұмыта бастағанмын…»
Бірінші ғарышкерді кезексіз ұшырып жіберіп тұрып, Елбасы екінші ғарыш-керді ғана емес, болашақтағы елдің ғарыш өнеркәсібін ойластыра қойғанына таңданбай қоймайсың. Ғарыш саласындағы «ҚазСат» пен «Бәйтерек» жобаларының алғаш дүниеге келген тұсы сол шама болса керек. Бірінші ға-рышкеріміздің ұшуы, екінші ғарышкеріміздің ашық ғарыш кеңістігінде 42 сағат болып, дүниежүзілік Гиннестің рекордтар кітабына кіруі, Мұхтар мен Айдынның ғарышкерлер мектебін үздік бітіріп ұшуға сақадай сай тұруы, атақты гимнастшы Ләйла Ергешқызының сүйектегі иненің жасуындай сызаты үшін ғарышкерлерді іріктеу байқауынан өте алмай қалуы және басқалары, бәрі, бәрі… дейікші, біздің Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш тарихының жаңа парақтары ғой деп ойлаймын.
Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанғаннан 165 күн өткен соң, яғни, екі жарым айдан кейін Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады! Егемендіктің алғашқы күнінен еліміздегі ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламаға кіруі – жас республиканың ғылыми жаңа технологияға ұмтылысы, ерекше құлшынысы емес пе?
Жас мемлекетіміздің тарихында тұңғыш ғарышкерден басталған ғарыш саласының болашағы баянды болатынына күмән болмауы тиіс. Дегенмен, осынау 20 жылдың бедерінде өз басым белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдіден асып, Бірінші ғарышкер құбылысына баға берген адамның болмағанына куәмін. Тарихтағы «ақтаңдақтардың» ішек-қарнын қоймай ақтарып, тер төгіп жүрген ағамыз былай деген еді:
–«Ақтабан шұбырындыдан» кейін қазақтың рухының жығылған тұсы Желтоқсан оқиғасынан кейін болды. Осы бір кесапаттың шырмауынан шыққан құрлы бола алмай, әрі-сәрі жүргенде тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ол ғарышқа ұшып қана қойған жоқ, жүні жығылып, бұйығып бас көтере алмай жүрген халықтың кеудесіне намыс отын жағып, еңсесін көтерді. Қазақ тарихта ерекше бір қуанды. Өзінің сан ғасырлық тарихы бар халық екенін шын сезінді.
Әр жылдың 12 сәуірі күнтізбеде Дүниежүзілік авиация және ғарыш күні деп ресми аталады. Демек, бұл екі ұғым егіз. Тоқтар Әубәкіровтің ғарыш сапарынан тыс әскери авиациядағы ашқан жаңалығы мен жеткен жетістіктері туралы жыр қылып айтуға уақыт жетпейтінін әрбір қазақстандық жүрегімен сезеді. Орайы келгенде мына бір жайтты сүйікті оқырманның есіне сала кетейін. Дүниежүзілік авиация мұражайында (Вашингтон) әлемдік авиацияға еңбегі сіңген он азаматтың аты-жөні мәңгілікке алтын әріптермен құйылып жазылған. Әлемдік деңгейде әбден сүзгіден өткен бірегей сол тізімде қазақ ұлы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің есімі ҮШІНШІ болып жазылған. Бұл, әрине, кездейсоқтық емес қой деп ойлаймын!..
Енді Қазақстанның күллі ғарыш саласының тізгінін ұстап отырған Талғат Мұсабаевқа келейік. Ғарышта үш рет болған кезінде жылға жуық Жер шарын айналып ұшып жүрген Мұсабаевтың да ерлігі Гиннестің кітабына кірген. Ол ашық ғарышта болуы жағынан да әлемде екінші тұр! Кеменің сыртына шығып, темір жіпке байланған скафандрмен секундына 7 км жылдамдықпен ұшу сәтін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ал, егер де жазатайым оған иненің жасуындай ғана ғарыштық қоқыс  тап келсе, адам айтықсыз апат болар еді! Бетін аулақ етсін, бәрі де артта қалды. Ол енді өз алдына әңгіме. Мұның барлығы да ең алдымен, қазақ халқының ортақ жетістігі, көңіл қуанышы!
Еліміздегі ғарыштың болашағы туралы бірінші ғарышкерге бір сауал тастағаным бар. «Тоқтар аға, Қазақстанның ғарыш саласына жұмсап отырған қаражаты өте қомақты. Ал, сіздің есігіңіздің алдын бермейтін ауыл адамдары жағдайының жоқтығын айтып жылайды да жатады. Ендеше, шын мәнінде сол ғарышқа жұмсалатын қаражатты қиып алып, неге ауылға қарай аударып жібермеске?» Сонда естігенім: «Ауылға аз ақша бөлініп жатқан жоқ. Тек сол қаржы жетер жеріне жетпей қалады, басқа-басқа, мұны мен өте жақсы білемін. Ал енді, ғарыш саласын игеруге бөлінетін ақша еш уақытта да көптік етпейді. Оған қаражатты үстемелеп қоса түсу керек. Ғарыш – бүгінгі жоғары технологияның атасы. Онсыз мемлекет дамымайды. Көштен қалып қояды… Сондықтан да, Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін ғарыш саласына бөлінетін қаражатты еш аямауға тиіспіз».
Қазақтың тұңғышы, ғарыштың жанашыры басқадай айтуға міндетті де  емес қой деген ойда қалдым…

Алматы.

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист-жазушы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар