Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәуелеп өскен қос шынар - АРҚА АЖАРЫ

Мәуелеп өскен қос шынар

Әкені хәкімдей, ананы ханымдай қастерлейтін әлемде бір халық болса, бәлкім қазақ жұртына теңесетіні бұл жұмыр жер аталатын ғаламшарды мың шарласаң да таба қоюың екіталай. Мұны сан мыңдаған жылдардан бергі ұлтымыздың жадында сақталып, санасына берік орныққан ата-бабаларымыздан бері сабақтаса жалғасып келе жатқан дәстүрдің алтын заңы десек болады.

Өйткені, алдыңғы буын үлкенге құрмет елдік, ділге беріктік қасиет, қала берді, отбасы – әулеттің құндылығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты халықымызға арнаған бағдарлы, мән мен мазмұны терең тамырлы мақаласында: «Біздің қоғамымызда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек… Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың баққуатты да табысты болашағының кепілі» – деуі осы өзіміз атап отырған отбасы – әулет құндылығымен сабақтасып жатыр. Бұл дегеніңіз отбасы – шаңырақтың бас иелері әке мен шешенің өз ұрпағына қандай тәлім мен тәрбие, білім мен білік беруіне байланысты деген ойға жетелейді.
Біз сөз еткелі отырған шаңырақ иелері елді аузына қаратқан көсем де, дана да дара тұлғалар емес, кәдімгі қарапайым ғана көп қазақтың біріндей өз түтіндерін өздері түтетіп, ұрпақ өсіріп, солардың бақ-қуаттылығына ризашылықпен күн кешіп отырған жандар. Енді араға бір жылды аралатса еңселі таудың сеңгіріндей сексеннің «отауына» қол ұстасып қатар көтерілгелі отырған Тұрлыбек Атаханұлы Жапаров пен Қами Асенқызын дәл осынау жастың етегін басып қалған-ау деп тіпті ойға да алғың келмейтіндей. Отағасы бойын тіп-тік ұстайтын ұзын бойлы сымбатты қалпында десек, Қами жеңгеміз кең етекті салиқалы бәйбішелік тұрқымен-ақ сөзге ұста, үй шаруасына ылдым да жылдым қалпынан жаңылмаған. Әсірелеп айтсақ, бүгінгінің отау тіккен жас келіншектерінен ширақтығы жағынан асып түспесе кем соқпайтындай.
–Мына Қами жеңгеңіз екеуміз де өткен жиырмасыншы ғасырдың алапат қантөгісті Ұлы Отан соғысынан сәл ертерек, нақтылай айтқанда 1939 жылы өмір есігін ашқандармыз. Әкем Атахан 1942 жылы майданға алынды. Өзімен бірге екі бауыры Байна мен Жүніс те соғысқа аттанып кеткеннен қайтып елге оралған жоқ. Калинин майданындағы нағыз қасап қырғынның ортасына тап болған әкемнің Подольскінің Кукишино селосының маңындағы бауырластар зиратына жерленгенін кейін елуінші жылдардың басында бірақ білдік. Ол кезде ауыл кеңестегілер пошташылармен өзара келісе отырып, қаралы қағазды тығып ұстап, өзі жарым көңіл отырған отбасының қайғысын қалыңдатпау үшін осындай әрекеттерге де баратын. Кейін ес жиып, етегімізді жапқан соң, сол «қара қағазда» көрсетілген жазбалар арқылы әскери комиссариаттан сұрастырып, нақтылы жерленген жерін де таптық. Соғыста қаза тапқандар жайлы жазылған кітапта да есімі мен аты-жөні толық келтірілгенін көзіміз көрді. Жалғыз біз емес, бұл сол кездегі талай отбасының басына төнген қасіреттің қалың бұлты еді. – Тұрлыбек ақсақал сонау бір бұлыңғыр тарта алыстап қалған жылдарға көз жібергісі келгендей сәл бөгеліп қалды.
Бұрынғы Балкашин (қазір ол Сандықтау ауданы) өңіріндегі атақоныста қарайласар ет жақын туысқандар жоқтың қасы болған соң, амалсыздың күнінен 1944 жылы Тұрлыбек шешесі Жұпардың ақылымен Калинин (қазір Астрахан) ауданындағы Ковыленко деген мекенге келіп ат басын тіреп, нағашы әжелерінің қолына көшіп келді. Екі жылдай сонда тұрды.
–Нағашым колхозда жұмыс істейді. Бес-алты бие ұстайды. Бір күні осы ауылға жолаушылап жүрген адам менен жөн сұрады. Бала да болсам, ес жиып қалған шағым ғой, әлгі кісіні үйге алып келіп алдына қымыз қойдым. Содан ол кісі маған мына Қоскөл деген ауылданмын, сенің туысыңмын деп қайтарында мені өзімен бірге ат арқасына қондырып алып кетті. Екі күн сол ауылда болдым. Қазақтың бауырмалдылығы деген сол, сондағы туысқандардың барлығы Қоскөлді мақтаумен, өздерін жатсынбас туыспыз деуді құлағыма құюмен болды. Содан 1946 жылға қарай нағашылар қонысын тастап, осы Қоскөлге келіп жайғастық. Бұл жер анам Жұпарға, маған құт мекенге айналды. Осында ел егемендігін алған, халқымыз сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізген қуанышты күндерді де, бастапқы кездегі ауыртпалық пен абдыраушылықты да көрдік, – деп жаңағы ойлы қалпынан серпілген сәтінде Тұрлыбек ақсақал сөзін әрі сабақтап әкетті.
Қазақ жер таңдауында, сол қонысқа атау беруінде ең алдымен суын сулап, жерін жайлап отырған мекеннің табиғат көрінісіне, оның ерекшелік тұрпаты мен қасиетіне көңіл бөлген жұрт. Мұның мәнісі бір мекенді екіншісінен ажыратып алу үшін әлдебір айырмашылығына маңыз берген ғой. Мәселен, Тұрлыбек ақсақалдың қонысы Қоскөл аталса, оған көршілес іргелі ауыл Қазқоскөл делінген. Мұның ерекшелігін Қами жеңешеміз өз өмірінің, отбасы тірлігінің жайымен былайша қабыстыра әңгімелейді:
-Менің ауылымның отағасымның атажұртынан бір ерекшелігі, сулы да көлді жер. Табиғаттың құдай бере салған бір тамаша жері. Суда жүзетін құстардың небір түрлерінің базары десе болады. Жадырап көктем келіп, сарғайып күз ортасы ауғанға дейін бұл маңай құстардың үнімен жаңғырып жатады. Әсіресе, көлдері мен сулы, қамысты жерлерінде қаздар жыртылып айырылатын. Сондықтан да, өзім туып-өскен біздің ауыл Қазқоскөл аталып кетсе керек. Бұл ауылда төрт сыныптық бастауыш мектеп қана болатын. Осында бастауыш сыныпты аяқтағаннан кейін жеті жылдық мектебі бар Қоскөлде нағашымның үйінде тұрып оқыдым. Болашақ отағасым Тұрлыбекпен сонда бесінші сыныптан бастап, жеті жылдықты аяқтап шықтым. Әрі қарай оқудың мүмкіндігі болмады. Ауылда шешеммен және Рысбек дейтін ағаммен ғана тұрып жаттық. Сол ағам ғана оқуын одан әрі жалғастырып, Атбасар қаласында оныншы сыныпты бітіріп шықты. Ол тұста жағдай өте ауыр еді. Анам үйдің де, түздің де жұмысын қатар атқара жүріп, әйтеуір біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, таза жұтамай, өмір көшінен қалмай жетіліп кетуімізге барын салды.
Иә, бұл жыр нөсерін тау бұлағындай тасқындата ағызған майдангер ақын Қасым Аманжолов «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…» деп айтқанындай, кешегі жарты әлемді қанды қырғынға ұшыратқан фашизмнің зардабынан кейін елдің шайқалған тұрмысы енді ғана қалпына келе бастаған тұс еді. Сондықтан, өртеңде қалған өскіндердей, сол кездегі Тұрлыбек, Қами сияқты жастардың ендігі тірлігі ел қатарына қосылып, тұралаған ауылды, қираған өндірісті, былайша айтқанда ел әлеуетін, экономикасын қалпына келтіру міндетімен астасып жатты. Әсіресе, ауылдағы ер-азаматтар мен әйелдер жұмыстың түрін талғап жатпайтын. Қыста мал, көктемде жерге дән себу, жазда пішен шабу, күзде егін жинау сияқты шаруалардың бәрін атқарып, аз табыстың өзін көптей көретін. Тумысынан барға қанағат, жоққа салауат дейтін қазақ осының өзіне шүкіршілік дейтін. Қами жеңгейдің отағасы Тұрлыбек те, ағасы Рысбек те осы жыл он екі ай бітпейтін ауыл тірлігінің қайнаған ортасынан табылды. Жеңгейдің өзі ауыл әйелдерімен бірге мал фермасында 12 жыл сауыншылықпен, одан басқа төл күтімімімен айналысты. Науқандық қой қырқу жұмыстарына да араласты. Бұл кезде Қазқоскөл мен Қоскөл екеуі «Колутон» совхозының бөлімшелері санатында еді. Сол тұстағы еңбектің жемісіндей Тұрлыбек ақсақал уақытында «Құрмет Белгісі» орденімен, Қами жеңгей «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Міне, осылайша Қоскөлдегі жеті жылдық мектептің бір сыныбында қатар оқып, ауыл шаруашылығындағы еңбектің әр саласында «тізе» қоса еңбек еткен бүгінгі Тұрлыбек ақсақал мен Қами жеңгейді тағдырдың қалаулы жолы осылай табыстырған. Бұған да, мінекей, «Гауһар той» деп ел айтатындай, 60 жыл толып отыр. Жарасқан қос жұп деп айтарға лайық жандар десек артығы жоқ. Шығыстың ұлы даналығында мұндай шаңырақ иелеріне «Бұтағы көп ағашқа құс қонады» дейтіні осындайдан туса керек. Екеуінің шаңырақ көтеруінде де қазақтың жөн-жоралғылық рәсімдері де қағыс қалмаған.
-Әкем Атахан Жапардың ұлы болса, онымен бірге туған Шегебайдан тарайтын Фазыл ағайым дін жолын ұстаған адам болды. Соны біреулер көрсеткен болуы керек, отызыншы жылдары қамаудан құтылу үшін елден қашып, қазіргі Сандықтау ауданының жеріндегі орыстардың ортасына сіңісіп, сол жақта ұзақ жүріп қалған ол 1956 жылы ғана Қоскөлге көшіп келген еді. Ал мына жеңгең ол кезде ауыл қотанының арасын бөліп жататын жолдың қарсы бетіндегі үйде тұратын. Ол кісінің осында келгендегі бірінші қадамы мені үйлендіру, аяқтандыру, анам Жұпардың қолын ұзартудан басталды. Қами жеңгеңнің нағашысымен, анасымен сөйлесіп, құда түсуге бармақ ойын білдірген. Ол кезде қыз бала үлкендердің, әсіресе, ананың дегенінен аспайтын үрдіс бар. Біз осылайша бас құрған едік, — дейді Тұрлыбек ақсақал.
Өздері білімнің нәріне мейір қандыра алмай, бірақ, шаңырақ көтерген отбасылық өмірлеріне, ауылдың қарапайым таусылмас тірлігіне бой үйретіп, соған көндіккен сол тұстағы жас отау иелері өмірге келген әр баласының ел қатарынан қалмауы үшін маңдай терлерін бес төге жүріп, тәлімнің де, тәрбиенің де жақсысы дегенінің бәрін саналарына сіңіруге барлық мүмкіншілікті жасады. Соның арқасында бүгінде ардақты әке мен ата, ана мен әже атанып отыр. Бәрін де өмірден өз қалауларына лайық орындарын табарлықтай білікті де білімді қылып қалыптастырды. Енді өздерінен өрбіген 5 ұл мен 4 қыздың бір-бір шаңырақ иесі болып, өз еңбектерімен ел алдында абыройға бөленіп жүргеніне Жаратқанға мың шүкіршілік етеді. Оның да жөні бар, ұлдан үлкені Нұрхан — шопыр, Еркебұланы, Асқары, Жанайдары – ішкі істер саласының подполковнигі, полковнигі және майоры шеніндегі азаматтар десек, ұлдан кенжелері Ерлан да осы мамандықты таңдап, алдындағы ағаларының жолын жалғастырып жүр. Қыздары Нұржамал, Айгүл, Самал, Балсұлу – бәрі де орта арайы және жоғары оқу орындарын бітірген, өз мамандықтарына сай қызметтерімен абыройға бөленген жандар.
Келіндері де, күйеу балалары да осы шаңырақтың түтіні түзу ұшып, бақ пен берекесін шалқытуға лайық жандар бола алды десек, әсіре мақтау болмас. Мәселен, үлкен келіні Сәуле Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз, Асылтасы – Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында басшылық қызметте, Гүлнәр, Рабиға мен Гүлзирасы да алдыңғы абысындарының ізін басып, өскен, өнген шаңырақтың бақыты мен қуанышын тасытты. Ал, күйеу балалары Есмұхан, Есімбек, Жамбыл, Думанның алдыңғы екеуі арнайы білімді электр маман десек, Жамбыл – жауапкершілігі шектеулі серіктестік жетекшісі, Думан мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде.
Қастарына серікке немерелері Абай мен Бағиланы алып отырған, алпыс жыл отасқан Тұрлыбек ақсақал мен Қами жеңгейден өрбіген ұрпақтарының бүгінде бір жерге басын қоссақ, бұрынғы кездері қаймағы бұзылмаған дейтіндей кішігірім бір ауыл-үй болып шыға келер еді. Мәселен, жоғарыда аталып өтілген бес ұл, төрт қыздан тараған 13 немере, 8 шөбере, 8 жиен, 10 жиеншардың бәрінің жалпы саны 39, оған ақсақал мен жеңгейді және 9 баласын қоссақ, 50 жан болып шыға келеді. Ал бұдан соң бұл шаңырақты егемен ел – қазақ жұртындағы жемісі мәуелі қос шынар деп қалай айтпасқа, қалайша сүйсінбеске!
Қазір өздері өскен, түтін түтетіп, шаңырақ көтерген Астрахан ауданындағы Қазқоскөл мен Қоскөлде шамалы ғана үй қалған. Сондықтан, Астанада тұратын алты, Ақмола облысының Астрахан ауданы мен Көкшетау қаласында үш отау болып отырған ұрпақтары 2002 жылы Астанадан үй сатып алып беріп, өскен, өнген шаңырақтың алтын діңгегі, бел тіреуі санап көшіріп әкеліп, ордалы қонысы етіп қойған.
Сондықтан да, сөз соңында біздің де қосар асыл сөзіміз:
– Мерейі тасып өскен-өнген шаңырақтың алдағы нұрлы күндері бүгінгіден да жарқын, игілікті де бақты болсын! – деген шынайы көңілдің ақ тілегі.
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
ардагер журналист.
Астана.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар