Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Есентайдың ерлігі - АРҚА АЖАРЫ

Есентайдың ерлігі

Бұл мақала Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің №29 (91) санында 1945 жылы 23 ақпанда жарияланған екен. Авторы Белгібай Айтжанов (1910-1987) кеңес әскері қатарында Польшаны азат етіп, Шығыс Пруссиядағы қанды шайқастардың ішінде болатын.

Сол тұста аға лейтенант Б.Айтжанов артиллериялық дивизионның парторгы қызметімен бірге, тілшілік тәжірибесін молынан пайдаланып, жиі-жиі әскери газеттерде басылып жүрді. Сонымен қатар, елдегі басылымдарға да майданнан хат жолдап, қазақ жауынгерлерінің ерлігін паш етті. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, үйіне  1946 жылы оралды. Партия, соғыс, еңбек ардагері Белгібай Айтжанов ұзақ жылдар бойы партия, совет органдарында жауапты қызметтер атқарып, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Қызыл Ту, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің, көптеген медальдардың иегері, КСРО Журналистер одағының мүшесі болды.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында майдангердің жеке мұрағатында сақталған материалды көпшілікке ұсынуды жөн көріп отырмын.
Асқар Қасымов.

 

Отан соғысы майдандарында досты сүйіндіретін, дұшпанды күйіндіретін ерлік көрсетіп, қазақ халқының батырлық салтына жаңа үлес қосып жүрген ердің бірі Есентай  Құрманбаев жолдас. Ол панфиловшы 28 батырдың Москва түбінде жаудың 50 танкісіне қарсы ұрысқа шығып, мәңгі өшпейтін даңққа ие болған ерлік істерін өзінің жүрегіне берік сақтаған болатын.
Міне бүгін, Есентай солардың ізімен Шығыс Пруссияда жаудың 8 танкісіне қарсы жекпе-жек ұрысқа шықты. Майданның алдыңғы шебінде тұрған аға сержант Құрманбаевтың зеңбірегіне қарсы дұшпанның бірнеше танктері оқ жаудырып келе жатты. Жаңада ғана жаудың танктеріне қарсы оқ ата бастаған кезде Құрманбаевтың зеңбірегінің жанына жаудың снаряды түсіп жарылды. Зеңбіректің көздеушісі, кілтшісі мен оқтаушысы қатардан шықты. Құрманбаевтың өзі де топырақтың астында қалды. Зеңбірек иесіз тұр. Жаудың танктері зеңбірекке жақындап келеді.
Құрманбаев дереу ұшып тұра келіп, зеңбірегіне жүгіріп барып, танктерге қарсы оқ ата бастады. Ол сол жерде үш жауынгердің қызметін атқарды. Бұл сияқты қауіпті жағдайда Есентай қорқып, асып-сасқан жоқ. Қайта ол күшіне күш қосып, бұрынғыдан да әрі қайраттана түсті. Жаудың алдыңғы танкі біздің бөлімшеге жақындап келіп, жаяу әскерлерге қарсы оқ ата бастады. Сол кезде Есентай танкті дәлдеп атқылады. Жарылған снаряд танктің башнясын жұлып әкетті. Танк лаулап өртеніп жатыр.
Міне, екінші танк біздің бөлімшенің окоптарына тағы да жақындап қалды. Ол біздің окоптарымызды таптап өтіп, ілгері ұмтылмақшы. Аға сержант зеңбірегін танкке қарсы бұра салып, жаудың машинасына екінші рет атқан снарядын дәл тигізді. Танк ілезде өртеніп, тоқтап қалды.
Жекпе-жек қызу ұрыс енді ғана басталды. Жаудың кейінгі 6 танкісі алдыңғы өртенген танктерді орағытып, Құрманбаевтың зеңбірегіне қарсы оқ атып, тұп-тура келе жатыр. Ұрыс даласы атылған оқтан көкала түтін болып кетті. Құрманбаев жалғыз өзі жаудың 6 танкісіне снарядтарды үсті-үстіне жау-дырып, оларды ілгері қарай беттетпей тұрды. Сол жерде танктердің үшеуі өртеніп, қатардан шықты.
Қызу ұрыспен тұрып, Есентай снарядтарының таусылуын байқамай қалыпты. Бес-ақ снаряд бар, оған қарсы үш танк келе жатыр. Енді ол танкті өзіне әдейі жақындатып алып, атуды ұйғарды. Сөйткенше болған жоқ, оның қарсы алдына екі танк жақындап келіп қалды. Есентай төрт снарядпен екі танкті өртеп, жойып жіберді.
Ақырғы сегізінші танк баса көктеп келе жатыр. Артиллерияшы Есентай қалған жалғыз снарядын зеңбірекке салып, қасына гранаттарын дайындап қойып, танкті күтіп тұр. Ол танкті жүз метрдей жерге келтіріп алып, дәлдеп атып жібергенде танк өртене бастады.
Қазақ халқының батыр ұлы Құрманбаевтың ерлігі арқасында жаудың қарсы шабуылы тойтарылып, біздің бөлімшелердің ілгері жылжуына жол ашылып, мүмкіндік туды. Міне, Есентайдың ерлігі осындай.

Белгібай АЙТЖАНОВ,
орденді аға лейтенант.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар