Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елге еңбегі сіңген тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Елге еңбегі сіңген тұлға

Мемлекет және қоғам қайраткері Оразбек Қуанышевтың туғанына 80 жыл

Адамның тағдыры ерекше өріліп, ғұмыр жолдың тауқыметін тарту әр пенденің пешенесіне жазылар өмір өткелі іспеттес. Аштықтың белең алып, адамдарды қым-қуыт қиындыққа кезіктірген 30-шы жылдар біздің тарихымызда өшпес ізін қалдырды. Сол сұрапыл жылдары өмірге келген қазаққа танымал тұлға – Оразбек Қуанышев Көкше елінде де мерейлі қызмет етті. Ол қарапайым ауыл баласынан көрнекті қоғам қайраткеріне  дейін көтерілген дара тұлғалардың бірі.

 Оразбек Сұлтанұлымен қызметтес болу тағдыры менің де пешенеме жазылды. Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары Оразбек Қуанышевпен өңірді дамытудың өркенді істеріне өз үлесімді қостым.
Ел басқарып, партияның саясатымен орайлас істеген еңбегі елдің есінде сақталары анық. Оның есімін еңселендіріп тұратын бір жай – басшылықтағы тез өскен баспалдақтары да емес, ең алдымен, қарапайым адамның қамын ойлаған, елдік мүддені биік қойған сыр-сипаты еді.
Ол тың игеруден басталған саяси науқанның шыңдалу күндерінен өтіп, іргелі өңірді басқару дәрежесіне жетті. Себебі, ел басқарудағы біліктілік, ұйымдастырушылық қабілеттер оған жат емес еді. Өз заманында басшылық тізгінінде жүрген азаматтардың қатарында оның жарқын тұлғасы еңселеніп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.  
Бұл биік атақ оған өңірде жайқалтып алтын астық өсірген ерен еңбегіне берілді. Ол басшылық еткен жылдары Көкшетау облысының астық өндіру жөнінен елімізде алдыңғы орынға шыққаны да осыны айғақтай түседі.
Аштықтың алапат күндерін көрген адам бір түйір нанның да қадірін білер еді. Сол бір түйір дәнде қаншама адамның көз жасы мен қуанышы жатқанын ұмытпасақ керек. Біз нанның түріне, түсіне, дәміне үйреніп алдық. Сонымен, 7 мың жылдық тарихы бар нан қазіргі санамызда сәттік қана пайдасы тиетін ас. Өмір өзегі – нанның ерекшелігінің өзі осы күнделікті қажеттілігінде жатыр. Өйткені, адамға ол ауадай, судай, өмірдің өзіндей қажет.  
«Қолыңда кесек наның болса, қарағайдың саясы да жұмақ» деген халық даналығы да тегін айтылмаса керек. Өйткені, нанның  қадірі біздер қызмет істеген жылдары ерекше әспеттелетін. Әлі есімде Оразбек Қуанышев Көкшетау ауданының «Бұлақ» кеңшарында болды. Ол бір қуаңшылық жайлаған жыл еді. Аптап ыстық бүкіл алқапты өрттеп тұрды. Сол жолы Оразбек Қуанышев шаруашылықтың егін алқаптарын көріп, қандай өнім алынатынына зер салды. Кеңшардың бас агрономы Аманжол Таласбаевтан сұрағанда, ол қанша түсім берілетінін айта алмай, мүдіріп қалды. Осы тұста өңір басшысы өзінің білгірлігімен, бұл танаптан қанша өнім алуға болатынын айтқаны есте. Кейін солай болып та шықты.
Ұмытпасам, 1980 жылдың 3 қыркүйегі күні еді. Бес күндіктің аяғында астық жинаудың барысымен танысып, кешке қарай аудандық партия комитетіне оралғанмын. Телефон шыр ете қалды.  Оразбек Сұлтанұлы ертең облатком төрағасы Моисеенкомен бірге облыс шекарасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев және Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовты қарсы алатынын айтты. Сөйтіп, біз республика басшыларын «Күсеп» кеңшарында қарсы алдық. Сондағы ел басшыларының алқаптағы жайқалып тұрған егінді аралағандағы жүздерін көрсеңіз ғой. Омыраудан келіп теңіздің толқынындай тербеліп тұрған «Омбы» бидайының жаңа сортына таң қалды.
– Айтыңдаршы, мына алқаптан қанша астық аласыңдар? – деп сұрады Қонаев. Сонда Оразбек Сұлтанұлы әр гектарынан 32-33 центнер алатынын жеткізді. Кейін оның осы тілге оралған көрсеткіші айдай келіп, 33 центнерден өнім алынды.
Менің бір айтайын дегенім, Оразбек Қуанышев басқарған жылдары облыс 2,7-2,9 миллион тонна астық өндіргенін де білеміз. Даланың осы алтынын мақтан тұтты ол. «Күллі көкшетаулықтардың келісті жасауы ғой бұл!» дейтін Қуанышев.
Оразбек Сұлтанұлы бір жағынан талапшыл басшы болды, ал, екінші жағынан ілтипатқа, жақсы лебізге жомарт еді. Көктемгі егісте, күзгі орақта тәуліктің кез келген уақытында механизаторлардың алдынан бір-ақ шығатын. Шаршауды білмейтін диқандарды көріп, кеңшар басшыларына ауысымнан кейін олардың моншаға түсіп, дем алуын қарастыр деп міндеттейтін. Өйткені, тыңдағы ең бір ауыр шақ – орақ маусымының қадірін жақсы білуші еді.
Тыңдағы орақ! Сол кезде Көкшетау жерінде Оразбек Қуанышев оның басты стратегі болды. Ол Көкше елін өркендетті, өзі де биік белеске көтерілді. Бүгінде осы бір абзал жан арамызда жоқ. Бірақ, оның ел үшін істеген қызметі көңілімізде сайрап жатыр. Мұндай басшылар өмірде сирек туады. Біз де осы адамдарға қарап бой түзедік, өстік, елге қызмет істеудің жолын үйрендік. Бұл жол бізді ешқашан адастырған емес.
Қазір өзіміз де біразға келдік. Алайда, алдымызда асқар таудай болған ағалардың бейнесі көз алдыңа оралып, олармен бірге жүрген қызық күндер ұмытылмайды екен.
 

Рүстем ШЕРИЯЗДАНОВ,
Көкшетау қалалық соғыс және еңбек
ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар