Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстанған бағытымыз нәтижесін берді - АРҚА АЖАРЫ

Ұстанған бағытымыз нәтижесін берді

«Елу жылда ел жаңа» деп халық даналығы айтқандай, бүгінгі жаһандану заманында өмірдің беталысы күннен күнге жанданып, жаңарып жатқанын көзімізбен көріп, көңілімізбен сезініп отырмыз. Осы уақытта мемлекеттің айтарлықтай дамып, алға басуымен қатар, басты байлығымыз – ұлтымыздың денсаулығы да соған сай жоғары деңгейде болуы тиістігі өз-өзінен түсінікті мәселе. Әсіресе, өскелең ұрпақ денінің саулығы мемлекетіміздің ертеңгі болашағының кепілі екендігі ешбір естен шықпауы керек.

Биліктің өкілетті органына сайланған біздер, аудандық мәслихаттың депутаттары өзімізге жүктелген тың міндеттерді де, халықтың сенімін де жан-жүрегімізбен жақсы түсінеміз. Соның ішінде тұрғындардың денсаулығы да бізден терең бойлауды талап ететін күнделікті басты мәселелердің бірі. Жарқайың ауданында атқарушы және өкілетті биліктің өзара үйлесімді жұмысы бұл қағиданы да назардан шығартпай, күн сайын ойда ұстатып келеді. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, сондай-ақ, аудандық орталықтандырылған ауруханамен өзара іс-қимыл тұрғысында жинақтаған тәжірибеміз осы жылдар ішінде туберкулез ауруының алдын алып, оған қарсы күресуде де белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізген жайы бар.
Осының барысында бұл жұқпалы сырқатқа қоғамдағы саяси өзгерістер, көші-қон процесі, тұрғындардың тұрмыс деңгейі, адамдардың денсаулық жайы көп әсер ететіндігі де байқалмай қоймауда. Жалпы, туберкулезді әлеуметтік сырқат деп айтатынымыз да осыдан шығар. Негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштерді тұрақтандыру мақсатында ауданда ұдайы ұйымдастыру-әдістемелік және емдеу-профилактикалық шаралары жүргізіліп келеді. 2007-2011 жылдардың аралығында біздің аудан осы көрсеткіштер бойынша эпидемиологиялық жағдайы күрделі аудандардың қатарына жатқызылды. Сондықтан, бұл олқылықты тез арада түзеу қажет болды. Ол үшін аудандық әкімдікпен бірлесіп, тиісті іс-шаралар жоспары жасалып, ауылдық жерлерде нақты жұмыстар қолға алынды. Сөйтіп, ауылдық округтерде «Туберкулезбен күрес шаралары» атты тақырыпта тұрғындар жиыны өткізіле бастады. Оған аудандық орталықтандырылған аурухананың дәрігер-фтизиатры К.Байжұманова бас болып, әкімдік, әлеуметтік қорғау бөлімі, тағы басқа да медициналық мекемелердің қызметкерлері қатысты. Осы дертпен күресте жоғарыдағыдай келелі әңгімелер өрбітуіміз, халықты қауіпті аурудан сақтандыруымыз өз алдына, тұрғындарды флюротексеріспен жүз пайыз толық қамтуға күш салынды. Мұның барысында қай меншік түріне жататынына қарамастан, барлық басшыларды өз қызметкерлерін осы байқаудан тыс қалдырмауға жұмылдырдық.
Аудан әкімі жанындағы үйлестіру кеңесінің жұмысы да ширатылып, қала әкімі мен ауылдық округтер әкімдерінің есептері тыңдалды, туберкулезге шалдыққан науқастардың тұрмыстық жағдайларын анықтап білу үшін арнайы рейдтер ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. 2004 жылдан бастап аудандық мәслихаттың мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы шешімінің негізінде, аудандық бюджеттен ұзақ уақыт осы аурудан аурухана төсегіне танылуға мәжбүр болған жандарға бір мезгілдік әлеуметтік көмек көрсетілді. Олардың емдеу мекемелеріне дейінгі жол ақысы мен дәрі-дәрмектерінің де ақысы төленді. 2008 жылдан бастап туберкулез сырқаты орын алған отбасыларда отбасы паспорты жасалды. Оған барлық мәліметтер енгізіліп, тұрғын үйден қиындық көрген он отбасына тұрмысқа қолайлы пәтерлер бөлінді. Облыста алғашқылардың бірі болып отбасында туберкулезбен ауыратын жандар бар балаларға арнап санаториялық топтар аштық. Бүгінгі таңда «Колосок» балалар бақшасында туберкулезбен контактіде болған, жиі ауыра беретін балалар толық сауықтырудан өтеді.
Жоғарыда келтірілген жұмыстар өзінің оң нәтижелерін беріп, бертін келе біздің аудан бұрынғы туберкулез ауруы бойынша күрделі өңірден эпидемиологиялық жағдайы бір қалыпты емес өңірге ауыстырылды. Осылайша біздің осы дертті ауыздықтауға деген күш-жігеріміз зая кетпеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да біздің туберкулезбен ауырған, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін медициналық-әлеуметтік мекеме ашу жөніндегі бастамамызды қолдай білді. Сөйтіп, қаржылай көмек бөлінді. Ал, жергілікті билік бұл қаржыға арнайы үй бөліп, онда тұратындар үшін барлық қажетті жағдайды жасады. Әлеуметтанушы мен психологтың жұмысы жолға қойылып, пациенттермен тәрбие шаралары қолға алынды. Сөйтіп, бұл адамдар өздеріне деген қолдауды сезініп, жан дүниелері өзгергендей болды, кейбіреулері отбасын құрып, басым дені жұмысқа орналастырылды. Жеті жылдың ішінде біздің медициналық-әлеуметтік мекемеге ондаған пациенттер орналастырылып, 298 адам сауықтырылды. Денсаулық сақтау басқармасының өтініші бойынша Степногорск қаласынан 7 адам, Щучинскіден 2 адам, Астрахан мен Қимадан тиісінше 2 және 4 адам біздің мекеме қызметкерлерінің жан жылуын көрді.
2018 жылы бұл мекеменің жұмысы тоқтатылды. Өйткені, ол аудандық орталықтандырылған аурухананың базасында бөлімше ретінде құрылған болатын. Тоқтатылуының себебі мынада. Бүгінгі таңда мекемені аудандық орталықтандырылған аурухананың есебінен ұстауға мүмкіндік жоқ. Бұған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі және аурухана құрылымында бұрын мұндай бөлімшенің көрініс таппағаны себеп болып отыр.
Сондай-ақ, туберкулезбен ауырған адамдардың жағдайы әлеуметтік сипат алатындығын естен шығармаған жөн. Осыған орай, бүгінгі талқыланып отырған мәселе өте өзекті дер едім. Әсіресе, бұл туберкулезге қарсы қызметтерді реформалау, туберкулезбен күресте нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау және мен айтып кеткен жоғарыдағы жағдай сияқты мәселелерге қатысты. Мұның өзі тағы бір рет халықтың денсаулығы үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық жұртшылықтың күш-жігері одан әрі біріге түсуі керектігін көрсетеді.
Қай жағынан алсақ та, медициналық-әлеуметтік мекемелердің құрылуы өз-өзін ақтап отыр. Бұл дегеніңіз туберкулезбен, атап айтқанда, оның себеп-салдарымен белсенді күрес жүргізу, үй-күйі жоқ жандарға үлкен қолдау жасау. Бұл адамдар барлық өңірлерде қиындық көруде. Сондықтан, оларды ерекше санаттағы адамдар, ал туберкулездің өзін үлкен әлеуметтік проблема деп атап көрсетер едім. Сөз жоқ, Қазақстанда денсаулық сақтау саласын қайта құруда көп жұмыстар атқарылуда. Бірақ, біз одан да жақсы нәтижеге қол созуымыз керек. Егер бұл тұрғыда ойларынан шығып жатсақ, халық та, соның ішінде туберкулезбен ауырған және ауыратын адамдар да бізге тек алғысын айтады. Соны әрдайым есте ұстауымыз қажет.
Сөзімнің соңында адамдардың тағдырына жанашырлықпен қараған Қасымжан Тәшметов пен Айман Темірхановаға аудан басшылығы атынан алғысымды айтамын.

Ұлболсын АХМЕТОВА,
Жарқайың аудандық мәслихатының хатшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар