Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерлік дастаны - АРҚА АЖАРЫ

Ерлік дастаны

І.Сұрапыл айқас

Бұлар төрт ағайынды болатын. Әкесі Есенжан мен үлкен ағасы Мұсайыптың сүйеніші болып Мүсіреп те еңбекке қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып ерте араласты. Сол замандағы жаңа ер жетіп келе жатқан барлық балалар тәрізді бұлар да шалғымен шөп шауып, алқапқа дән септі. Сөйтіп, жүргенінде күтпеген жерден шымырлап аққан шағын өзен тәрізді мамыражай өмірге өзгеріс енді. Ағасы Мұсайып кеңес әскері қатарына азаматтық міндетін өтеуге аттанды. Көп кешікпей Мұсайыптан көл-көсір қуаныш арқалап жететін хаттар легі тоқтап қалды. Енді көңілді күдік билей бастады, ойды үрей тұмшалады. Оның да өз себебі бар еді. Дәл осы уақытта алыстағы Хасан көлі маңайында жапон самурайларымен қиян-кескі соғыс жүріп жатқан болатын.
Зайыры көңілге сезік бекер енбейді-ау. Сезік соңы шынымен қауіпке айналды. Күндердің бір күнінде Мұсайып қасиетті Отанды жапон самурайларынан қорғаумен болған қиян-кескі шайқаста ерлікпен мерт болды деген қара қағаз жетті. Қол басындай ғана қағаз болғанымен, арқалап әкелген қасіреті тым-тым ауыр болатын.
Рузаев ауданында Қызыл Ту орденімен марапатталған алғашқы адам болғандықтан, Мұсайыпқа арналып туған жерінде құлпытас орнатылды. Нақ бір ағасының өзімен тілдесіп, оның жеті қат жер астындағы жан сырын елжіреген ет жүрегімен ұғатындай құлпытасын құшақтап, сан мәрте сырласқан. Қара тасқа қашалған қаралы жазудың әр сөзін жатқа біледі. «Есенжанов Мұсайып 1938 жылы Хасан көлінде жапон самурайларымен болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Ол Рузаев ауданында Қызыл Ту орденімен наградталған алғашқы адам» деген сөздерді талай мәрте оқып шықты. Төрт қырлы құлпытастың бүрісе біткен ұшар басына берік орнатылған қызыл жұлдыз Мұсайыптың мәңгі өлмес жарқын да жалаулы рухындай болып елестейтін. Қайғы көріп, қасірет шегіп отырып, ағасы тәрізді ел үшін ерлік жасауға өзіне-өзі серт беретін.   
Арада көп уақыт өтпей, Мүсіреп те әскер қатарына алынды. Литвадағы Кельме қаласында жауынгерлік міндетін өтеп жүрген тұста неміс фашистері басып кірді. Құтты бір дүниені тегіс, толайым от орап, қыртысы қалың қара жер қарс айырылғандай болды. Асқар таулар құлағандай, асу бермес өзендер суалғандай. Айналаны бір демде, жалғыз-ақ сәтте тозаң басып, табанының асты жарылып жатқандай.
–Шегініңдер! Шегініңдер!
Әлде үрейден, әлде көкірекке келіп тығылған өлшеусіз ашу-ызадан құмығып, қарлығып шыққан батарея командирі Н.Барсуковтың дауысы. Мүсіреп болса құлаған бір үйдің орнын паналап, қалқалай берді. Сәл ғана баспалап үңілгені болмаса, еш нәрсені бағдарлап, бағамдау мүмкін емес еді. Жалғыз шаң-тозаң ғана емес, кәдімгі сәуірдің ақ жауыны тәрізді ақ ажалдың оғы себелеп дүмеп тұр. Қолындағы қаруын ашу-ызамен кектеніп, сығымдап ұстағаны болмаса, қай бағытты көздерін де білмейді. Шарасыз күйде шаң жұтқан, тұла бойларын әлдебір сезім билеген жауынгерлер бір орында жатты да қойды. Жердегі дүмпу өз алдына, аспандағы гүріл тіпті ащы. Төрт қатар тізіп, шүйіле ұшқан самолеттер оқты қарша боратып, бомбамен түйгіштеп жатыр. Жер бауырлай ұшқан самолеттер сақылдап күлетін, мазақ қылатын тәрізді. Жан ұшыра қашқан адамдарды кәдімгі аң аулағандай қуып жүріп атады. Түс әлпетінде ажал оғын сепкен самолеттерге танктердің гүрілі келіп қосылды. Жалғыз гүріл ғана емес, жарқ-жұрқ жарылған снаряд. Әлден уақытта, сәл саябыр тартқан тәрізді ме қалай. Тірі қалған жауынгерлер қорғана жүріп, кейін шегінді.
–Бізді кім қорғайды? Қайда шегініп бара жатырсыңдар? – деген қала тұрғындарының ащы зары адамның сай-сүйегін сырқыратады. Бастары төмен салбыраған жауынгерлердің айтар жауабы да жоқ еді. Кейін шегінген олар Калинин, Батыс, Шығыс майданынан келіп қосылды.   
Соғыстың алғашқы күндері ерлік жасадым деп ешкім де айта алмас еді. Қорғана жүріп, қанша жауды жайратқанын кім білсін. Әйтсе де, ерлік істерге архив материалдары куә. Ол жайлы тіпті, Мүсірептің өзі де білген жоқ. «202 атқыштар дивизиясының командиріне. 1941 жылдың 24 июлі күні Есенжановтың 37 миллиметрлік зенит қондырғысы Старые Руссы қаласы маңындағы немістің барлаушы самолетін атып түсірді. Жа-уынгерлер сақтық пен қырағылықтың үлгісін көрсетті. Капитан Сазонов». Осы рапортты жазған Сазонов та арада әлденеше жыл өткеннен кейін осы бір рапортының ерлік шежіресіне айналарын ойлады дейсің бе.
Мүсіреп Старые Руссы түбіндегі қиян-кескі шайқастардың бірінде ауыр жараланды. Бұған дейін де бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған болатын. Соңғы шайқастардың бірінде көрсеткен ерлігі үшін алғашқылардың бірі болып екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауына тақты. Госпитальда бірге жатқан жауынгерлер:
– Мүсіреп, сені Отан соғысы орденімен марапатталған алғашқы жауынгерлердің бірі дейді ғой, – деп сұрайтын.
Сол сәтте ол:
– Өзімнің 202-інші атқыштар дивизиясы бойынша осы орденмен марапатталған алғашқылардың бірі десеңіздер де жетер. Менің ең басты арманым зұлым жауды талқандап, алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын желбірету,–деуші еді.

ІІ.Тың жорығында

 Тың көтеру жорығы да қан-қасап майданнан сынық сүйем кем болмағанға ұқсайды. Айырмасы бейбітшілік, молшылық жолындағы майдан. Жеңіс сағаты соққаннан кейін өзі тәрізді майдангер жауынгерлердің бірі болып Мүсіреп те туған жердің төсіне оралды. Жігерлі жас келе салысымен білек сыбанып іске кірісті. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңдер еді. Ыңыршағы айналған аттай әбден жүдеп-жадаған ауылдарды көркейту, молшылыққа кенелту оңай-оспақ іс емес. Әйтсе де, оқ пен оттың арасында шарболаттай шыңдалған адамға бейбіт өмірдің бейнеті бұйым болып па?
Бейбіт еңбек жолын Мүсіреп Рузаев аудандық партия комитетінде нұсқаушы болудан бастады. Қауырт науқандардың қарқынды жүргізілуіне бар жан-тәнін салды. Соғыстан соңғы жылдары бұрынғы Көкшетау облысы Отанға 25 миллион пұт астық өткізуді қамтамасыз етті. Бұл сол тұстағы жоғары көрсеткіштердің бірі болатын.
1954 жылдың наурызы тым суық болды. Сақылдаған сары аяз бет қарып, үнемі ызғырық жел есіп тұратын. Міне, осындай күннің борандатып, аяздың шаңытып тұрған кезінде КПСС Орталық Комитетінің февраль-март пленумдарының тың және тыңайған жерлерді игеру және ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, дәнді дақылдардың өнімін арттыру жөніндегі қаулысы бойынша тың көтеруге келгендердің алғашқы легін қарсы алды.
– Көптеген жігерлі жастарға тың көтерушілер арасында комсомол-жастар тобын ұйымдастырушы етіп жолдама бердік, сені де сондай маңызды іске жұмсағалы отырмыз,–деді Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы Михаил Григорьевич Рогенец.
– Мен әрдайым сенімдеріңізді ақтауға тырысамын, – деп жауап қатты Мүсіреп.
– Онда жедел Қызылту ауданына аттанып кетіңіз, бұл айрықша маңызды тапсырма екенін ұмытпаңыз.
Міндет майдандағы жауынгерлік тапсырмадан кем емес еді. Мүсіреп тың игерушілермен тонның ішкі бауындай араласып кетті. Солармен бірге суық шатырларда түнеді. Ашық аспан астында отырып ас ішті.
–Жұмысты неден бастағалы жатырсыз? – деп сұрады бірде әлі іргесі қаланбаған «Толбухин» совхозының директоры Ф.Моргун.     
–Қада қағудан бастасам ба деп тұрмын,–деді Мүсіреп Есенжанұлы.
Ішінен мынау шатырларды тезірек музейге тапсырып, үй салып үлгерсек қой деп армандап та қойды.
Тыңға ең негізгі шабуыл көктемнің бел ортасында басталды. Мың сан қуатты трактордың гүрілдеген дауысы мүлгіп жатқан жапан даланы жаңғыртып жіберді. Бұйраланған толқындай қаз-қатар бораздалар молшылыққа бастайтын түп-түзу жол тәрізді. Түрен түсіп көрмеген боз далада болат соқаның тісі де тез майырылып қалатын. Әйтсе де, адамдардың жігері майырылған жоқ. Комсомол-жастар тобының жұмысы барған сайын күрделене түсті. Мүсіреп өзі іргесін қалап, ұйымдастырушы болған «Чернигов», «Тихокеан», «Херсон», «Озерный», «Толбухин», «Бидайық» совхоздарының тыныс-тіршілігіне тереңдей бойлап, қолынан келгенін аянып қалған жоқ. Қызылту аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Ивановтың алдына әрдайым келелі мәселелер қойып, жаңа құрылған совхоздардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен көмек көрсетті.
1956 жыл тыңға шабуылдың ең алғашқы ұлы жеңісі болды. Сол жылы Қазақстан ортақ қоймаға миллиард пұт астық құйды. Көкшетаулықтар Отан қоймасына 170 миллион пұт алтын дән тапсырып, қазақстандық миллиардқа зор үлес қосты. Дәл осы жылы комсомол-жастар тобының ұйымдастырушысы Мүсіреп Есенжанов «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.
Төрт жыл бойы тың игерушілермен біте қайнасып, өзіне тапсырылған әрбір іске асқан жауапкершілікпен қараған Мүсіреп 1958 жылы облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметіне жоғарылатылды. Бұл жаңа қызметте де тың игерушілермен тығыз байланыста жұмыс істеді. Әр жылғы еңбек жетістіктерінде майдангердің де үлесі бар еді. Соның айғағындай, жауынгерлік наградаларына «Еңбек Қызыл Ту», үш «Құрмет Белгісі» ордендері мен алты медаль келіп қосылды. Үш мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мүсіреп Есенжанов ұзақ жыл Талдықорған облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жемісті қызмет етті. Тіпті, құрмет демалысына шыққаннан кейін де біраз жыл еңбектен қол үзген жоқ.  
Ерлік іс ешқашан ұмыт болмақ емес. Ұлы Отан соғысында да, кейінгі еңбек майданында да шын мәніндегі қаһармандық көрсеткен Мүсіреп Есенжанұлының жарқын бейнесі жасампаз жұртымен тағы бір табыссыншы деп сөз сабақтадық. Ерлік – кейінгіге үлгі, ұрпаққа – жарқын мысал.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар