Мемлекет басшысы атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен құттықтау жеделхаты келіп түсті.
Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлауда айқын жеңіске жетуіне байланысты шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.
– Дауыс беру қорытындысы Сіздің отан-дастарыңыз алдындағы биік беделіңізді толығымен қуаттайды. Қазақстан азаматтары өз таңдаулары арқылы Сіздің елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жеделдетіп дамыту, еуразиялық ықпалдастық үдерістерге белсене қатысу және Ресеймен стратегиялық әрі одақтастық серіктестік қатынастарды нығайту жөніндегі бағдарыңызға кеңінен қолдауын көрсетті, – делінген жеделхатта.
Ресей Федерациясының Президенті сенімді диалог пен екіжақты байланыстардың ауқымын одан әрі өрістету жөніндегі бірлескен жұмысты, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ пен өзге де халықаралық құрылымдар аясындағы сындарлы ықпалдастықты жалғастыруға да-йын екендігін атап көрсетті. – Бұл Ресей мен Қазақстанның бауырлас халықтарының түпкі мүдделеріне сай келетініне, біздің құрлықтағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағытпен үндесетініне сенімдімін, – делінген құттықтауда.
Соңында Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, сарқылмас қуат және мемлекет басшылығындағы аса жауапты қызметіне жаңа табыстар тіледі.
Мемлекет басшысы атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануы-на байланысты Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамадан құттықтау жеделхаты келіп түсті.
Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
«Құрама Штаттар мен Қазақстанның арасында жаһандық және өңірлік мәселелерді табысты шешу жөніндегі тығыз ықпалдастықтың жарқын тарихы бар. Халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты қарым-қатынастарымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі тереңдей беретініне сенемін», – делінген жеделхатта.
Ақ үй басшысы АҚШ Қазақстанмен серіктесе отырып, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қолдауды және ядролық қару таратпау ісіндегі ортақ мақсаттарды ілгерілетуді қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
«Көптеген қауіп-қатерлері бар әлемде ұзақ мерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікке өкілді және есеп беруші институттарды, сондай-ақ, азаматтық қоғамды дамытпай қол жеткізу мүмкін емес. Мен елдеріміздің игілігі үшін осы барлық маңызды мәселе бойынша Сізбен ынтымақтастыққа әзірмін», – делінген құттықтауда.
Соңында Барак Обама Америка халқының және жеке өзінің атынан Қазақстан халқына жылы лебізін жеткізіп, татулық пен бақ-береке тіледі.