Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, танымал күйші, композитор Секен Тұрысбектің жетекшілігіндегі «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің атақ-даңқы бүгінгі күндері көптеген шет елдерге де мәлім. Елбасымыздың тікелей қолдауымен құрылған осынау ұлттық ансамбль Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия, Украина сияқты бірнеше мемлекеттерде гастрольдық сапарларда болып, ұлттық өнерімізді жоғары деңгейде паш ете білген көрінеді.
Белгілі өнер ұжымының концертіне Целиноград ауданының жұртшылығы да қуана-қуана жиналды. Бір айта кететіні, оркестр жетекшісі Секен Тұрысбек бұл өнер кешін өзгеше бір мәнермен жүргізді. Сұхбат, сұрақ-жауапқа негізделген кештің көрермендер көңілінен шыққаны анық. Бесаспап күйшінің ақ жүрегінен ақтарылған күлкісі, әзіл-оспақтары, жатқа айтып берген өлеңдері тыңдарман жүрегіне жете бойлай түсті. Естен кетпейтін кездесуде Абай, Біржан сал, Құрманғазы, Тәттімбет сияқты халқымыздың ұлы перзенттерінің өлмес мұралары барша жүректі тербеді.
Қоңыр домбыраның қасиетін ауызға ала келе Секеңнің: «Күй тек қазаққа ғана тән өнер. Басқа етжақын халықтардан оны көре алмайсың» деген сөзі де көпшіліктің жанын жадыратып тастады. Сонау көне заманда бұл өнердің басында Кербұғы, Қорқыт аталарымыз тұрса, одан бергі ұрпақтар Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерейдің шығармаларын естіп өсті.
Кеште халық күйлері «Бұлғын сусар», «Бозайғыр», Жантөренің «Шалқыма», Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйлері сияқты көптеген туындылар тыңдаушысының құлақ құрышын қандырды. Күйлердің ара-арасында шығарманың мазмұны, шығу тегі жайлы үлкен тебіреніспен сыр шерткен өнер иесіне халық өз ризашылығы мен қошеметін дуылдата соққан шапалақтарымен білдіріп отырды.
Секен Тұрысбек тек күйші-композитор ғана емес, сонымен бірге, ақын әрі әнші екені де осы кеште жақсы танылды. Өзінің «Осы екен ғой өмір деген» толғауының сөзі де, әні де жүректі шымырлатып, көңілге ерекше бір әсер сыйлады. Композитордың төл шығармалары ішінен «Көкбөрі», «Аруана», «Көңіл толқыны», «Секеннің жол жорғасы», «Дарабоз» сияқты шоқтығы биік туындылары да орындалды. Тамаша өнер кешінде жас әнші Ерлан Рысқали Абайдың «Сегіз аяғын», аудандық мәдениет үйінің директоры Болат Әшірбаев Алтай өңіріне кеңінен танылған өзінің төл туындысы «Тарбағатай» әнін «Ақжауын» оркестрдің сүйемелдеуімен құйқылжыта орындап берді. Бұл әндердің нәзік иірімдері, жалпы, болмыс-бітімі тыңдаушысына жақсы әсер қалдырды.
Зор талант иесі Секен Тұрысбек жетекшілік ететін «Ақжауын» ұлт-аспаптар оркестрінің құрамында сайдың тасындай іріктелген кілең жас өнерпаздар өнер көрсететін болып шықты. Аудан тұрғындары олардың сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай сияқты көне қазақтың көне аспаптарын жетік меңгергендерін көріп, орындаған әрбір шығармаларына терең тебіреніспен зейін қойып отырды. Бұл өнер кешін жиналған қауым көпке дейін ұмытпасы анық. Жақсының шарапаты деген осы ғой.
Жанат ТҮГЕЛБАЙ.
Целиноград ауданы.
Суретте: танымал күйші Секен Тұрысбек өз туындысын орындау үстінде.
Суретті түсірген автор.